Екпеден қорықпаңыз!

Қызылша дертін «балалар обасы» деп текке айтпаған. Себебі, кезінде бұл дерттің салдарынан көз жұмған балалар саны көп болған. Бұл көрсеткіш қазіргі күннің өзінде төмендеген жоқ. Ғалымдар қызылшаға қарсы вакцинаны ойлап тапқанымен, дерттің өршуі тоқтамаған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әлем бойынша 10 млн бала вирустан зақымданатын болса, 120 мыңға жуығы оның құрбанына айналады екен.

Екпеден қорықпаңыз!Дерттің белгілері

Ауа тамшылары арқылы таралатын жұқпалы дертпен көбінесе балалар мен жасөспірімдер ауырады. Кесел жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде ауа арқылы жұғады. Ал, ересектерде қызылша ауыр түрде өтеді. Қызылшаны көп адамдар тұмау, жедел респираторлы вирус, ал бөртпені аллергиямен шатастыруы мүмкін.
Осы себепті, дерттің белгілерін біліп жүрген артық болмайды. Мәселен, дерттің белгісінің бірі – денеге бөртпелер шығады. Дене қызуы көтеріледі, түшкіреді, жөтеледі, мұрнынан су ағып, дем алуы қиындайды. Сонымен бірге, тамаққа тәбеті болмай, жарыққа сезімталдығы артады. Көзі қызарып, жасаурағандықтан кейде мұны конъюниктивитпен шатастыруы да мүмкін. Ауыздың шырышты қабығында кішкентай ақ дақтар пайда болады. Бұлардың барлығы ауру адаммен қатынас болған күннен бастап 7-13 күнде біліне бастайды. Үш кезеңнен тұратын дерттің бастапқы 3-5 күнінде адам мазасызданады, одан кейінгі 3 күнде – бөртпелер шығады, ал дақтану 2 аптаға дейін созылады.

Қызылшаны жеңіл өтіп кететін дерт деп қарау қателік. Себебі, оның вирусы ағзаға еніп тыныс жолдары арқылы кілегей қабатқа өтеді. Одан кейін қан арқылы бауырды, тамақ безін, өкпені, жілік майын зақымдайды. Ол асқынған кезде құлақ, өкпе, кеңірдек, ми қабықтары, бас миының ісінуі секілді қауіпті ауруларға жол береді. Менингит, энцефалит, ауыр пневмония, отит, көздің зақымдануы сияқты да қатерлі асқынуларға жол беретін дертті дер кезінде емдемегенде соңы өлімге әкеледі.

Екпеден қорықпаңыз!Екпенің көмегі

Қызылша дертімен ауырғандар көрші Ресейде де көбірек тіркелуде. Біздің елімізде де бұл жағдай мәз емес. Соның ішінде облысымызда да өсім байқалады.

Аурудың алдын алудың бірден бір жолы – екпе жасау. Сондықтан дерттің алдын алуда 1 жаста және 6 жаста мектепке барар алдында қызылшаға қарсы вакцинация жасалады. Бүгінгі күні қызылшамен тек балалар ғана емес, 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдер де жиі ауырып жүр. Осы жас аралығындағы жасөспірімдер дертке шалдықпау үшін 1 қазаннан бастап 15 жас-тан 18 жасқа дейінгі тұлғаларға қызылшаға қарсы иммунизация жұмысы жүргізіледі. Мамандардың мәліметінше, екпе облысымызда 185 000 жасөспірімге жасалады, оның 54,3 пайызы вакцинациямен қамтылған. Қызылшамен ауырып тұрған жандар (зертханалық жолмен расталғанда), осы екпеге тұрақты қарсы көрсетілімі бар тұлғаларға вакцина салынбайды.

Екпеден 5-12 күн өткеннен кейін қызылшаның жеңіл түріндегі белгілері көрініс береді екен. Яғни, дене қызуы аздап көтеріледі, денеде теңбіл-түйіншікті бөртпелер шығады. Кей жағдайда аяқ-қолда ауырсынуы болады.

Білген жөн

15-19 жас аралығындағы жасөспірімдерге қызылшаға қарсы екпе жасаудың бірінші кезеңі ақпан айында өткен болатын. Сол кезде екпеден шымкенттік бір жасөспірімнің бір апта ес-түссіз жатып, аман қалғаны бар. Ал оның алдында бір қыз көз жұмды. Мұны ата-анасы екпеден көрген еді. Алайда, жүргізілген сараптамалардан соң, қыздың миқұртынан қайтыс болғаны белгілі болды. Мұндай деректер еліміздің түкпір-түкпірінен шығып жатты. Осыдан болса керек, ата-аналар екпе жасатуға қорқып, бас тартқандары да кездесті. Алдымен екпе жасаудың неліктен 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдерге жүргізіліп жатқандығының себебін анықтап алсақ. Неліктен осы жастағы жасөспірімдер қызылшамен көптеп ауырып жатыр? Бұл сауалдарға №4 Шымкент қалалық емханасының жұқпалы аурулар дәрігері М. Қарымсақова: «Бұл жастағы балаларға 1996-1997 жылдар қызылшаға қарсы екпе жүргізілген. Дегенмен, ол жылдары еліміз қиын жағдайларды бас-тан кешкендіктен вакцинаның сапасы, егілуі секілді мәселелерге оншалықты маңыздылық танытылмаған. Арасында егу шарасынан тыс қалып кеткен балалар да болған. Жасөспірімдерде қызылшаның өршуі осы себепті»,- дейді.
Ал, екпеден кейінгі қарсы көрсетілім 1000 адамға шаққанда 1-2 балада болуы мүмкін екен. Бұдан бұрынғы қателіктер баланың ауру тарихына және сол кездегі денсаулығының қандай жағдайда екендігіне қарамағандықтан орын алған. Қателіктерді қайталамауда қазір дәрігерлер екпе жасататын балалардың денсаулығын толық зерттеуде. Енді, вакцина салудан бұрын баланың бұрын-соңды ауырған аурулары мен сол уақыттағы саулығы ескерілетін болады.

Меруерт Қарымсақова, №4 Шымкент қалалық емханасының жұқпалы аурулар дәрігері:

– Вирусты инфекциялық дертпен балалар мен жасөспірімдер көптеп ауырып, тіркелуде. Сондықтан жоспарлы қызылшаға қарсы вакцина 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдерде қамтуда. Оның алдын алудың жолы – екпе жасату. Екпе бала ағзасында ауруға қарсы иммунитет қалыптастырады. Соңғы кезде тұрғындар арасында қызылшаға қарсы екпе алсақ та ауырдық деген жаңсақ пікір қалыптасып жүр. Жалпы, қандай да бір дертке қарсы екпе жасату – ол сол аурумен ауырмайды деген сөз емес. Екпенің бұл жердегі пайдасы ауырған күннің өзінде дерттің асқынуына жол бермейді және жеңіл өтетіндігін атап өткім келеді.

Түйін:

Қазанның 1-нен бастап қызылшаға қарсы екпе науқаны басталады. Жоғарыда атап өткеніміздей бала қызылшамен ауырғанда бей-жай қарауға болмайды. Дәрігерлер ғана емес ата-ана өз баласының денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Мамандар қызылшамен ауырғанда нақты беретін дәрі-дәрмек жоқ екендігін айтады. Тек асқынғанда антибиотиктермен емдейді. Ал, ата-ана науқас баланың үйде жағдайын жасауы қажет. Әсіресе, олардың тыныштығы мен дұрыс тамақтануына аса назар аударған жөн. Суды көбірек ішкізіп, көзге зиян келтірмеуде А дәруменін беруге болады.

Айгүл Керімбайқызы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *