Екі мектепте жаңа стандартпен оқытады

Осы жылдың ақпан айында ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов 2016 жылдың қыркүйегінде бастауыш сыныптарда білім берудің жаңартылған стандарты енгізілетінін мәлімдеді. Министр сол кезде 2015 жылдың қыркүйек айынан бастап 30 мектеп пилоттық жоба бойынша білім берудің жаңартылған оқу бағдарламасына енгізілетінін айтқан еді. Міне, осы 30 мектептің қатарына біздің облысымыздан екі білім беру ордасы енген. Біріншісі – Түркістан қаласындағы №15 Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясы болса, екіншісі – Созақ ауданындағы «Созақ» мектеп-гимназиясы.

Екі мектепте жаңа стандартпен оқытады

Облысымыздағы тәжірибе алаңы ретінде таңдалған бұл екі мектеп-гимназия да бұған дейін 12 жылдық білім беретін мектеп болған. Сондықтан, қос мектептің де оқу базасы, тәжірибесі мол ұстаздар құрамы жағынан жаңартылған білім беру бағдарламасынының талаптарына мейлінше сай келеді. Аталмыш, екі мектептің бастауыш сынып мұғалімдері Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқу-тәжірибеден өткен. Сәуір айынан бері барлығы 39 адам осы бағдарлама бойынша білімін жетілдірді. Олардың қатарында бастауыш сынып мұғалімдерінен бөлек, мектеп директорлары, директордың орынбасарлары мен аудандық білім бөлімінің әдіскерлері бар.

Тамара Мамашқызы, №15 М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры:

– Біздің мектебімізде бұған дейін де он бір жылдық оқытудан он екі жылдыққа көшу бойынша тәжірибе жүргізілген. Қазір көптеген адамдар бұл тәжірибенің сәтсіз болғанын, он екі жылдық бағдарламамен оқыған балалардың ҰБТ тапсыру кезінде өздерін көрсете алмағанын айтып, көптеген кемшіліктер тауып жатады. Бірақ, уақыт өтіп, қоғам да өзгеріп жатыр. Сондықтан да бұған дейінгі он екі жылдық білім беру сәтсіздікке ұшырады деп айта алмаймыз. Айта кетерлігі, білім берудің жаңартылған бағдарламасы бойынша оқушы мектепте 12 жыл оқымайды. Яғни, оқу мерзімі 0+11 бойынша оқиды. Нөлдік сынып — мектепке дейінгі дайындық сыныбы болып есептелгендіктен, он екі жылдық білім берудің қатарына кіріп, нәтижесінде 12 жыл оқиды. Қазір 45 минут сыныпта отырып, классикалық түрде білім беруді қоғам да, адамдар да қабылдамайды. Келесі жылдан бастап, 5, 8, 10 сыныптарды да осы білім берудің жаңартылған бағдарламасына қамтимыз.

Жаңартылған білім беру мазмұнының басты жаңалықтарының бірі, жаңа пәндердің қосылуы. Оқыту үш тілде, яғни қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүреді. Жаңадан енгізілген пәндер қатарында, ағылшын тілі, ғылымға кіріспе және ақпараттық технология сынды заманауи қажеттіліктерге байланысты пайда болған пәндер бар. Тағы бір ерекшелік, оқулықтардың барлығы дерлік жаңартылған білім беру мазмұнына сай өзгертілген. Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериялық бағалау жүйесіне өтеді. Ең жоғары балл 60 ұпай, орташа балл 48 ұпай деп белгіленеді. Баланың жан-жақты ізденуіне ынталандырады. Критериялық бағалау жүйесі Филиппин, Сингапур, Жапония, Франция, Финляндия сынды дамыған елдерде пайдаланылады. Бұл бағалау жүйесінің артықшылығы, баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылыммен айналысуына ықыласын туғызады. Кеңестік заманнан қалған бес балдық бағалау жүйесі жойылады. Ал, осы пилоттық жобаға қатысып, біліктілігін арттырған мұғалімдерге базалық лауазымдық жалақысынан бөлек, 20 пайыз үстемақы төленеді.

36-005

 

Министр Аслан Сәрінжіповтың айтуынша, жаңартылған бағдарламада дағды мен құзірет беру компоненттері және тәрбие беру жұмыстары күшейтіледі. Бұл біріктірілген бағдарлама болмақ: сыни ойлау дағдысы, командада жұмыс істеу, ақпарат іздеу. Олар барлық пәндерге біріктіріледі. Осылайша халықаралық стандарттарға сәйкестендіріледі. Яғни, 2016 жылы бірінші сынып, 2017 жылы 2-ші сыныпқа енгізіп, осылайша біртіндеп барлық бағдарлама жаңартылатын болады.

Халықаралық стандарттарға сәйкестендіру демекші, жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша 12 жыл білім алған оқушылардың шетелдік жоғары оқу орындарына түсуі оңай болады.

Қайрат Арап, облыстық білім, жастар және тілдерді дамыту басқарма-сының бас маманы:

– Енді 12 жылдан кейін білім берудің жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша білім алған алғашқы түлектер мектепті бітіреді. Шетелдегі жоғары оқу орындарына түсуге толық мүмкіндіктері бар. Қолайлы жағдай туындайды. Еш шектеу болмайды.

Түркістандағы №15 Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясының 28 қызметкері Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде білімін жетілдірген. 54 ұстаз үш деңгейлі оқудан өткен. Мұндағы жаңа бағдарламада қамтылған бірінші сыныптардың саны — 11. Олардың бесеуі — қазақ сыныптары, қалғаны — орыс сыныптары. Енді міне, бірінші сынып оқушыларын осы бағдарлама бойынша білім нәрімен сусындатып жатыр. Айтпақшы, білім берудің жаңартылған бағдарламасына сәйкес, балалар аптасына бес күн оқиды. Оқу кестесі баланың сенбі күні де тынығуына бейімделіп жасақталған.

Екі мектепте жаңа стандартпен оқытады

 

Баланың білімін бағалауда цифр мәнінде баға қойылмайды. Тек қана, оқу бағдарламасын меңгерді, не меңгермеді деп қана бағаланады. Әрбір сынып жетекшісі, пән мұғалімі әр оқушы туралы мониторинг жасап, есебін шығарып, ата-анасына тапсырады.

Диля Абдурахманова, №15 М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі:

– Білім берудің жаңартылған мазмұны баланың қоршаған ортаны өзінше танып-білуіне жағдай жасайды. Бала өзін-өзі дамытады. Оқулықтағы мате- риалдармен ғана қалып қоймайды. Біздің мектептің бірінші сыныптары осы бағдарлама бойынша бейімдеуден өтіп жатыр. Сондықтан да әр баспаның кітаптарын қатар алып, оқытып жатырмыз. Бізде Назарбаев Зияткерлік мектебінің бағдарламасы бойынша шығарылған оқулықтар, «Алматы-Мектеп» баспасының және «Атамұра» баспасы шығарған оқулықтармен оқытады. Оқу жылы енді басталған соң, енгізуге қажетті өзгерістер туралы айта қою қиын. Оқу жылының соңында өз ұсыныстарымызды жасаймыз. Сол кезде қазіргіден де оңтайлы, балалардың санасына лайықталған оқулықтарды жасақтайды, деп үміттенеміз.

Қорыта айтқанда, аталмыш бағдарламаның мәні, баланың функционалды сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асырып, пайдаға асыра білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Түркістандағы пилоттық жоба ретінде таңдалған мектептегі бірінші сынып оқушыларын оқыту әзірге әріп тануға, оқу мен жазуға үйрету, жалпы мектептің ортасына бейімдеу жүргізіліп жатыр. Келесі жылдың басында мектептің оқу базасын жасақтауға қажетті барлық құрал-жабдықтар алынуға қала және облыс бюджетінен қаржы бөлінеді.

Жәнібек Нұрыш

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *