Еңбек кодексінде не өзгерді?

Жаңа Еңбек кодексі талай електен өтті. «Ұлт жос-пары-100 нақты қадам» құжатында көрсетілген негізгі 59 Заңның бірі осы — Еңбек кодексі. Жобасы көп сынға ұшыраған құжат деуге болады. ОҚО Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Бастар Есқараев: шын мәнінде, бұл құжатта бір тараптың құқын шектеп, екіншісін қорғайтын күрделіліктер жоқ,-дейді. Керісінше, бұрын жұмыс берушіні тұншықтырған кездер көп болатын еді.

Бастар Есқараев

Бастар Есқараев

Енді еңбек қатынастарының тараптары — жұмыс беруші мен жұмыскер арасында келіссөздер жүргізу құқығы беріліп отыр. Бірінші кезекке ұжымдық шарт мәселесі шығарылады. Бұл орайда, айта кететін бір жайт, көп адам еңбек шарты туралы біледі, ал ұжымдық шарт туралы бейхабар. Оның қандай құжат екенін білуге қызықпайды да. Ұжымдық шарт — жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы еңбек қатынастарын реттейтін бірден-бір маңызды құжат. Бұл екі тараптың әрбірінің бастамасымен түзілетін еңбек акті. Онда көп тұстар қамтылған. Бастар Әуелханұлының сөзінше, Жаңа Еңбек кодексі жұмысшылардың құқығын шектейді деген жаңсақ пікір. Өйткені, жұмыскер өз құқығын толық қорғамаса да, еңбек заңдылығын біліп, жұмыс берушінің алдына мәселені ұжым боп қоятын уақыт жеткен. Ертелі-кеш біз бұған келуміз керек еді. Сол күн туды.

— 2015 жылы жұмыс берушінің бастамасы бойынша, экономикалық жағдайға байланысты, жұмыстан шығару құқығы талас тудырған жайттар болды ма?

— Иә, ондай жағдайлар болды. Оған біз өзіміз де қарсы болдық. Өйткені, бір жұмыс беруші дағдарыс жағдайын сылтауратып, жұмыстан шығаруды бастаса, бұл жаппай көрініс алуы әбден мүмкін. Осы Еңбек кодексін әзірлеген сарапшы — мамандар бір тұжырымға келді. Ол бойынша, жұмыс беруші өзінің экономикалық жағдайына байланысты, өз бастамасымен жұмыскерін жұмыстан шығаруға құқылы. Бұл тұс өзгеріссіз қалдырылды.

Алайда, бұл шешім 3 жағдай орын алғанда ғана іске асады:

  1.  Жұмыскер ашқан жұмыс орны жабылатын болса;
  2.  Бұл жұмыскерді басқа жұмысқа ауыстыру мүмкін болмаған жағдайда;
  3. Аталған жағдайды жұмыскер міндетті түрде кәсіподақ ұйымына хабарлауы тиіс, яғни, мекеменің жабылуы туралы ұйым білуі заңды.

Осы үш жағдай орындалса, жұмыстан шығару заң шеңберінде болып есептеледі. Бұл жерде Еңбек кодексі жұмыс берушіге де, жұмысшыға да, кәсіподақ ұйымына да жан-жақты мүмкіндік беріп отыр.
Еңбек кодексінде тағы бірнеше өзгерістер бар. Олардың негізгілеріне тоқталайық. Бұрын азаматтарды зейнеткерлік жасқа толуына байланысты жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан босату қарастырылмайтын. Бұл жолы осы тұс нақтыланды. Жұмыс беруші зейнет жасына келген азаматты жақсы маман ретінде жұмысында ары қарай да қалдыруға құқылы. Әр жылға келісім жасай отырып, жұмысын жалғастыра алады.

— Жұмыстан шығару жағдайларына қатысты не өзгеріс бар?

— Жұмыс берушінің бастамасымен жұмыскер 1 ай немесе одан көп уақыт жұмыста болмаса, оған мекеме басшылығы хат жібереді. 10 күн ішінде жауап келмесе, оны жұмыстан шығаруға құқылы. Негізі, өз жұмыскерлерін күтіп, жұмысқа басқа біреуді алмаған жұмыс берушілер жағдайы практикада көп кездеседі. Тағы бір талап еңбекті қорғау мәселесі бойынша. Жұмыс беруші жұмыскерлердің біліктілігін арттырып, оқытып тұруы керек. Себебі, оның еңбек қауіпсіздігі маңызды. Сонан кейін аттестациядан өткізіп тұруға да құқылы. Егер жұмыскер екінші сынақтан өте алмаса, оны жұмыстан шығаруға құқылы. Бұл орынды талап. Себебі, еңбек талаптарын білмеген маманның түрлі жағдайларға ұрынатыны даусыз.
Еңбекақыға байланысты биылдан Үкіметтің қаулысы іске асты. Яғни, биылдан азаматтық қызметшілердің жалақысы 4 блок бойынша көтерілді. Ол — заңда басшылық құрам, негізгі құрам, қосымша құрам және техникалық құрам деп нақтыланды. Онда азаматтардың еңбек өтілі де ескерілген. Әр салалық министрліктер өз қызметтерінің тізімін бекітіп, өз тарифтері бойынша жалақы тағайындады. Мұның қандай нәтиже беретінін алдағы айларда аңғаруға болады. Бұл мәселе жекеменшік компанияларға қатысты емес.
Былтыр өңіріміздегі мемлекеттік еңбек инспекторлары 3100 адамға қатысты 231 миллион теңге көлеміндегі жалақының кешеуілдеуін анықтаған. Жыл соңына дейін бұл қарыз толығымен өтеліпті. Бұл соңғы 4-5 жыл ішіндегі жақсы көрсеткіш. Бастар Әуелханұлының мәліметінше, 2013 жылы жалақы қарызы облыста 68 млн теңгені құраған, ал 2014 жылды инспекторлар 209 млн теңге қарызбен «қарсы алған». Биыл небәрі 1 ай ішінде өңірде 2100 адамға қатысты 129 млн теңге жалақы қарызы анықталған. Алайда, ақпан айының ортасында оның тек 17 млн теңгесі өтелмей қалыпты. Оның 10 млн-ы — «Шымкентсыра» ЖШС-не қатысты. Мекемеге басқарма тарапынан айыппұл салынып, 318 мың теңге өндірілген. Берешекті өтеу үшін компания есебінде қаржысы бары да анықталған. Яғни, басқарма басшылығы төлейді деген сенім бар. Оның үстіне, бұрын ол мекеме жалақы бойынша қара тізімде болмаған екен. Еңбекақыны уақытылы өтемеген тағы бір компания «Контистрой» ЖШС-нің қарызы — 2,6 млн теңге. «Ақберен» ЖШС-нің қарызы — 1,8 млн теңге. Бұл ағымдағы қарыздар саналады, — дейді басқарма басшысы.
ОҚО еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасына еңбек құқығын қорғау бойынша 2300 өтініш түскен.

Зәуре Оралбаева

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *