Ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы өседі

Ең төменгі күнкөріс деңгейі ұдайы өзгеріп отырады. Осы жылдың қыркүйек айында еліміздегі күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы 20 442 теңге болды. Бұл тамыз айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 1,4 пайызға төмен. Ал өткен жылдың қыркүйек айындағы шамадан 0,6 пайызға жоғары. Күнкөрістің ең төменгі деңгейінің құрылымында ет пен балықты сатып алуға жұмсалған шығыстардың үлесі 20,3 пайызды, сүт, май және тоң май өнімдері мен жұмыртқа 15,4 пайызды құраған. Сонымен қатар, мұндағы жемістер мен көкөністер сатып алуға кететін шығын 14,6 пайыз, нан және жарма өнімдері 7,6 пайыз, қант, шай және дәмдеуіштер 2,1 пайыз шамасында есептеліп отыр.

Ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы өседі2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы 26 пайызға артады деп күтілуде. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді. Оның сөзінше, қазіргі Мәжілісте талқыланып жатқан республикалық бюджет туралы заң жобасына сәйкес, араға үш жыл салып, күнкөріс деңгейінің шамасын 26 пайызға өсіру жоспарланған. Биылғы жылы бұл көрсеткіш 21 364 теңге деп белгіленіп отыр. Ал, 2018 жылдың қаңтарынан күнкөрістің ең төменгі деңгейінің құрылымы өзгереді және соған сәйкес көрсеткіш шамасы 28 850 теңгеге дейін өседі, – дейді Светлана Жақыпова.

Сондай-ақ, аталған әлеуметтік көмекті есептеудің жаңа тәртіптері жәрдемақы сомасын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Вице-министрдің сөзінше, 8 қазанда қабылданған «ҚР кейбір заң актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Заңына сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-нан төмен отбасына жұмысқа жарамды отбасы мүшелерінің міндетті түрде қазіргі таңдағы қолданыстағы жұмыспен қамту шараларын алмастыратын белсенді шараларға қатысуымен шартталған атаулы әлеуметтік көмекті (әрі қарай — АӘК) әрбір отбасы мүшесіне көрсетудің жаңа тәртіптерін енгізу қарастырылады.

«Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың шектік деңгейін күнкөріс деңгейінің 40-тан 50%-ға дейін ұлғайту жәрдемақы сомасын көбейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бүгінгі таңда 4 және одан да көп баласы бар отбасылар 8246 теңге көлеміндегі белгіленген АМЖ алады. Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2018 жылдан бастап сәйкес негіздемелері болған жағдайда (отбасы табысы күнкөріс деңгейінен 50%-ға төмен және еңбекке жарамды отбасы мүшелері әлеуметтік келісімшарт жасасқанда) АӘК әрбір балаға беріледі. Осылайша, құрамында 6 адам бар (2 ересек, 4 бала), бірақ табыс көзі жоқ отбасы 8246 теңгенің орнына 61326 теңге алатын болады» – деп, хабарлады С.Жақыпова.

Заң жобасын жүзеге асыру 2018 жылы республикалық бюджеттен 11,8 млрд теңге көлеміндегі қосымша қаржыны талап етеді.

Жәнібек Нұрыш

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *