Ең көп зейнетақы қалай белгіленеді?

1 пенсияЕлбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында жаңа жылдан бастап бюджет қызметкерлерінің жалақысы мен әлеуметтік жәрдемақы, шәкіртақы орташа алғанда 30 пайызға дейін көбейетінін айтқан еді. Бүгінде мемлекет 1,5 миллионнан астам азаматты жәрдемақы және әлеуметтік төлемдермен мүмкіндігінше қамтамасыз етіп келеді. Сондай-ақ, Жолдауда мемлекет басшысы 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап инфляция деңгейінің  алдын ала отырып, ынтымақты зейнетақыны 2 %-ға индекстейміз деген болатын.

Бұл сауал барлық зейнеткерлер мен әлеуметтік жәрдемақы алатындарды алаңдатып отырғаны рас. Себебі, доллар күн сайын өсіп, теңге құнсызданып барады. Демек, инфляцияға қарай зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер өсімі қалай болмақ? Осы сауалдарға жауап табу мақсатында Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы ОҚО филиалы директорының орынбасары Несібелі Қаражановамен тілдескен болатынбыз.
– Қаржылық-экономикалық дағдарыстың талабына сай, Үкімет алдына қарапайым нақты мақсат қойып отыр. Ол барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде қамтамасыз ету. Осыған орай, елімізде 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағайындалған зейнетақы төлемдерін, соның ішінде әскери қызметте болған қызметкердің зейнетақы төлемдерін 9% көлемінде арттыру жоспарлануда. Сонымен қатар, еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айрылған тұлғаларға әлеуметтік төлемдердің мөлшерін 7% арттыру көзделген. Қаңтар айынан бастап барлық зейнетақы мен жәрдемақы алушылар тиесілі төлемдерін жаңа арттырылған мөлшерде алады, — дейді Несібелі Төреханқызы.
Сонымен, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі зейнетақы мөлшері 25 824 теңге, ал мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі 11 965 теңгеге дейін жоғарылайды. Сондай-ақ, жаңадан тағайындалған зейнетақы мөлшерлерін есептеу үшін есепке алынатын ең жоғарғы табыс 86 961 теңгені (41 айлық есептік көрсеткіш х 2 121 теңге) құрайтын болады. Ал, биылғы жылдың зейнетақы төлемдерін есептеуге арналған табыс та 41 АЕК аспайды. Яғни 2015 жылдың 1 қаңтарынан: 1 982 теңге х 41 = 81262 теңге болады.
Басқаша айтқанда, егер сіздің орташа айлық табысыңыз 3 жыл (36 ай) үшін 81262 теңгені құрайды, сіз ең көп ынтымақтасты зейнетақыны ала аласыз. Егер сіздің табысыңыз аз болса, онда сәйкесінше ынтымақтасты зейнетақы да азаяды. Ынтымақтастық зейнетақы төлемдері — зейнетақы жинақтарына және жұмыс өтіліне байланысты есептеледі.
Мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты өсіріледі. Яғни, ең төменгі күнкөріс деңгейі — 22 859 теңге болады.
Еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда істеген адамдар үшін берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақының тағайындалуы мен арттырылу мөлшері жаңа жылдан бастап 2 121 АЕК-ке сүйене отырып жасалады. Яғни: №1 тізім бойынша 19 980 теңгені, ал №2 тізім бойынша 17 774 теңгені құрайды.
Ата-аналарға, қорғаншылар немесе қамқоршыларға берілетін немесе мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақылардың тағайындалуы мен арттырылуы 1,05 айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінен алынып, 24 002 теңгені құрайтын болады.
Бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы мен бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты берілетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшері де айлық есептік көрсеткіштің артуына байланысты болады.
Бірінші, екінші, үшінші балаға – 66 621 теңге (31,41 АЕК), төртінші және одан кейінгі балаларға – 111 035 теңге (52,35 АЕК) төлем беріледі. Сондай-ақ, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы төленетін жәрдемақы мөлшерінің төлемі мынадай:
Бірінші балаға 12 217 теңге, екінші балаға 14 445 теңге, үшінші балаға 16 650 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға 18 877 теңге төленеді.

Басқа елдердің зейнетақы жүйесі

Зейнетақы мөлшері жоғары елдер қатарына Дания, Финляндия, Франция, АҚШ және т.б. дамыған мемлекеттер кіреді. Бұл елдерде зейнетақы мөлшерінің жоғары болуына зейнетақы жинақтау жүйесі тікелей әсер етіпті. Өйткені, АҚШ пен Еуропа елдерінің 80 пайызы осы жүйемен жұмыс істейді. АҚШ-та зейнетақының орташа көлемі — 1200 доллар (орташа жалақының 50 %-ы). Жалдамалы жұмысшылар зейнетақы қорына жалақының 7,5%-ын аударса, жұмыс беруші тағы сонша аударады. Кей мамандық иелері 15%-ын өздері аударып отырады. Жапонияда зейнетақы екі бөліктен – базалық (бар азаматтарға зейнет жасына толғанда төленеді) және еңбектік (жұмыскер мен жұмыс берушінің ай сайынғы теңдей аударып отырған салымынан) тұрады. Орташа зейнетақы орташа жалақының 60 пайызын құрайды.
Ал, Германияда жұмыс беруші мен жұмысшы жалақыдан зейнетақы қорына ай сайын теңдей 20,3 пайыз аударады. Зейнетақы көлемі орташа жалақының 70%-ына тең. Ұлыбританияда, Францияда зейнетақы мөлшері орташа жалақының 50 пайызын құрайды. Ал, Израильде мемлекеттік зейнетақы қоры жоқ. Оның орнына міндетті сақтандыру қоры жұмыс істейді. Израильде кәрілік бойынша төленетін зейнетақы орташа жалақының 16-24 %-ына тең екен.
Қазір әлем елдерінің біразы зейнетақы жүйесін жетілдіру жөнінде бас қатырып жатыр. Себебі, жаһан халқының жаппай өмір сүру жасы ұзарып, қарттар саны көбейген. Нәтижесінде, бала туу көрсеткіші азайған. Екіншіден, Еуропаны тығырыққа тіреген қаржылық дағдарыс та барынша әсер еткен. Мәселен, Германияда 2012-2019 жылдар аралығында зейнетке шығу межесін біртіндеп 65-тен 67 жасқа ұлғайту жүріп жатса, Нидерланды (63-тен 65 жасқа) мен Испанияда (65-тен 67 жасқа) бұл үдеріс 15 жылға созылмақ. Ал, Италия өткен жылдан бастап әйелдердің зейнеттік жасын бірден 60-тан 65-ке көтерді. Мұндай өзгеріс жасауды Греция, Ұлыбритания, Австрия және Литва билігі де ойластырып жатқан көрінеді.

Білген жөн…

Зейнетақы жүйесіне қатысушыларды зейнетақы жүйесінің құрамдас бөліктеріне қатысу/қатыспау сипатына қарай үш топқа бөледі.
Бірінші топқа ынтымақты зейнетақы жүйесіне қатысушы азаматтар: 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққан және 1998 жылғы 1 қаңтарға еңбек өтілі бар, жатады. Олар қазіргі кезде ынтымақты зейнетақы жүйесінен және базалық зейнетақы төлемін алады.
Екінші топқа аралас зейнетақы жүйесінің қатысушысы, яғни ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қатысушысы: 1998 жылдан кейін зейнетке шыққан адамдар да, бүгінгі таңда зейнетке шыққандар да жатады. Олардың зейнетақы төлемі ынтымақты, жинақтаушы және базалық зейнетақы төлемдерінен тұрады.
Үшінші топ тек жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушылар, 1998 жылғы 1 қаңтарға еңбек өтілі жоқ, не өтілі 6 айдан аз адамдар кіреді. Олардың зейнетақы төлемі тек жинақтаушы және базалық зейнетақы төлемінен тұратын болады.
Бұған қоса, ынтымақты жүйенің де, жинақтаушы жүйенің де қатысушысы емес адамдар үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50% мөлшерінде жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алу құқығы сақталады.

Дайындаған — Жансая Сыдықбай

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *