Доллар шарықтап тұр. Теңге ше?

Теңгенің еркін айналымға түсіп, доллар бағамының көтерілуі тауар мен мұнай бағасының шарықтауына әкеп соқты. Мұндай жағдай әсіресе төмен жалақы алатын қарапайым халыққа аса ауыр тиіп тұр. Себебі, газ, су, жарықты айтпағанда, азық-түлік бағасы көтеріліп, халықты әбігерге түсіруде. «Енді қалай күнелтеміз?» деп уайымға салынған халықтың уәжі орынды-ақ. Ал, ертеңгі күннен үмітін үзбейтіндер «не болса да көппен бірге көреміз» деп өздерін жұбатуда.

 

Доллар шарықтап тұр. Теңге ше?

Сарапшылар болса халыққа «сабыр сақтаңдар, қорқатын ештеңе жоқ» дейді. Айтуларынша, баға кей тауарларда аздап өсіп, кейбіріне түседі. Нәтижесінде халық қалтасынан шығатын ертеңгі қаражат пен бүгінгі қаражаттың тепе-теңдігі сақталады. Ал, Атамекен кәсіпкерлер палатасының кеңесшісі Денис Кривошеев доллар бағамы әлі де өсетініне сенімді. Оның болжауынша АҚШ ақшасының құны 320 теңгеге жетуі әбден мүмкін. Бұған дейін кеңесші долларға лайық баға 380 теңге екенін мәлімдеген болатын. Алайда бүгін ол бұл бағам мемлекетке айтарлықтай пайда әкелмейді деп түйді. Ал Қазақстан нарығынан кеткен банктің экс-басшысы Әлихан Қанапия доллардың ең жоғарғы шегі 300 теңге деп санайды. Егер бұл соммаға жетсе, Ұлттық банк АҚШ ақшасының бағамын 240-250 теңгеге дейін түсіреді, – дейді.

Ацущи Такеучи, Жапония экономикалық зерттеулер орталығының бас сарапшысы:

– Қазақстан теңгесін өз ырқына жіберді. Қысқа мерзімді есептесек, бұл жағымсыз құбылыс көрінуі мүмкін. Алайда алысты барлайтын болсаңыздар, бұл шара елдің валютасын керісінше күшейтіп, сауданы нығайтады.

Мақсат ХАЛЫҚ, экономист:

– Теңгенің құнсыздану процесін Қазақстан көлемінде қарайтын болсақ, ең өкініштісі алтынға, долларға емес немесе бір құнды дүниеге емес, рубльге байланып қалған сияқты. Рубль қалай құнсызданады, араға 6-10 сағат салып, біздің теңгеміз де құнсызданады.

Айдархан ҚҰСАЙЫНОВ, экономист:

– Доллардың құнын 280 теңгеге теңестіру біздің экономикамыз үшін пайдалы. Шетелден әкелетін тауарлар бағасы отандық өнеркәсіппен теңесіп, бәсекелестік пайда болады. Халықта валюта бағамының бұлай өсуіне теріс көзқарас қалыптасып қалған. Бірақ тауар бағасы доллардың бағамына емес, тұтынушының сұранысына тәуелді.

Еліміздің Статистика комитетінің мәліметіне сенсек, теңгенің еркін айналымға шығуы азық-түлік бағасына әсер етпепті-мыс. Бірақ, базарға барсаңыз ондағы бағалардың аспандап кеткенін көресіз. Саудагерлер болса, тауар бағасының шарықтап кетуін доллар бағамының көтерілуімен түсіндіреді. Оларды да түсінуге болады, өйткені тауарлардың басым көпшілігі шетелден әкелінеді. Шетелдік тауар өндірушілер тауарларын доллармен сатады. Десе де, бағаның қымбаттауы халықтың қалтасын қағып қана қоймай, елдің экономикалық жағдайына, әсіресе инфляцияның «құтырынып» кетуіне де өзіндік үлесін қосатынын естен шығармаған жөн.

Экономистердің айтқанына сенсек, егер жағдай өзгермесе азық-түлік бағасы екі-үш есе қымбаттауы мүмкін. Бір қызығы, доллардың бағасы өзгергенде күрт қымбаттаған баға одан кейін де сол көтерілген күйінде қалып қояды. Ал бұл ел ішіндегі инфляциялық процестерге кері ықпалын тигізеді. Осы жерде Монополияға қарсы комитетке үлкен жауапкершілік жүгі артылады. Өйткені, олар бағаның негізсіз қымбаттауына жол бермей, оны ауыздықтауы тиіс. Бұл азық-түлікке қатысты мәселе ғана, бұдан басқа тұрғындар коммуналдық қызмет ақысының күрт көтерілуінен де зардап шегеді. Мәселен, еліміздің кейбір аймақтарында электр энергиясына деген баға қымбаттаса, енді бір жерде жылу бағасы шарықтап кетті. Ал, электр қуаты мен жанар-жағар майдың бағалары өсті дегенше, барлығы да қымбаттайды дей беруге болады. Теңгенің еркін айналымға түсіп, доллар бағамының нарыққа қаншалықты әсер еткенін ҚР Ұлттық экономика министрлігі, статистика комитетінің сайтында жарияланған кестесінен де аңғаруға болады. (1 кесте)

Доллар шарықтап тұр. Теңге ше?

Доллар шарықтап тұр. Теңге ше?

Айтпақшы…

Доллардың тағдыры қыркүйек айының ортасында шешіледі

Оның алдағы бағамы қалай болатыны бүгін-ертең белгілі болады. Яғни, қыркүйек айының 16-17 күндері АҚШ-тың федералды резерв жүйесінің отырысы болады. Сонда доллардың пайыздық мөлшерлемесі бекітіледі. Көптеген инвесторлар мөлшерлеменің жоғарылауын күтеді. Егер осылай болса, онда әлемде жаһандық рецессия басталып, қор нарығы құлдырайды. Қазақстандық сарапшы, Евгений Слесаревтің айтуынша, доллардың қымбаттауы әлемдік экономикадағы ақшаның азаюына алып келеді.

Айжан Ермекқызы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *