Доңыз тұмауы асқынса, жасырынған ауру қозады

12 гриппКүн суытқалы Шымкент қалалық жедел жәрдем стансасына тәулігіне түсетін қоңыраулар саны екі есе өскен. Қазір мұндағы мамандар бір тәулікте 1500 шақыртуға барады. Жедел қызметке жүгінгендердің басымы дене қызуы көтеріліп, суық тиіп, тұмауға ұқсас ауруға шалдыққандар.

Дегенмен, жедел жәрдем қызметінің мамандары науқасқа нақты диагнозды қоя алмайды. Ал, дәрігерлер, эпидемиологиялық кезең басталғалы бері тұмауға байланысты 37 жағдай тіркелді, дейді. Жұқпалы дертпен аурухана төсегіне таңылғандардың көбі 1 жасқа дейінгі балалар. 2015 жылдың эпидемиологиялық маусымы басталуына сәйкес 1 қазаннан 21 қаңтарға дейін жіті респираторлық вирусты инфекциясының 4925 жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда, 1,6 есе төмендеген. Вирусты инфекцияны жұқтырғандардың 70%-ы 14 жасқа дейінгі балалар. Егер былтыр тұмаудың А және В түрі желтоқсанның ортасынан бірлесе тіркеліп отырса, биыл А түрі тіркелуде.
Тұмаудың бір өзгешелігі өте тез дамиды. Дененің қызуы алғашқы күні барынша көтеріледі. Көбіне бастың ауыруы, көзді қозғалтқанда болатын көз алмасының ауыруы, жарыққа қарай алмау, бұлшық еттер мен буындардың ауыруы, лоқсу немесе құсу жиі пайда болады. Салдарынан, артериалды қысымның төмендеуі мүмкін. Құрғақ жөтел, мұрынның бітелуі, көбінесе ауру басталғаннан бірнеше сағат­тан кейін пайда болады. Негізі тұмау­мен адам 5-7 күн аралығында ауыра­ды. Бұл қалыпты жағдай. Ал, бойдағы қалтыраудың ұзақтығы 7 тәуліктен асып кетсе, онда ауру асқынуы мүмкін.

Вакцинаны салдыруға болмайтын жағдайлар:

  • Жұмыртқа ақуызына аллергиясы бар;
  • Ауру асқынса;
  • Дене қызуы көтерілсе;
  • Бұрын тұмауға қарсы вакцинаға кері әсері болған адамдарға;
  • Жүктілік кезіндегі тұмауда;

Созылмалы ауруларды болдыр­мау­дың бірден бір жолы — алдын алу шарасы. Сонымен тұмаудан қалай сақтанамыз? Дәрігердің пікіріне жүгінсек.

12 Гүлнәр ИсабаеваГүлнәр Исабаева, дәрігер-инфекционист
— Ең бастысы үйдегі гигиена­лық тазалықты ескерген жөн. Дәрігерлер осы ретте, эпиде­мия­логиялық маусымда аптасына екі рет үйдің терезесін, есі­гін, үстелдерді хлормен жууға кеңес береді. Өйткені хлор ауа арқылы тарайтын вирустарды жойып, аурудың таралу жолын бәсеңдетеді. Үйде тұмаумен ауыратын науқас болса, терезені жиі ашып, бөлмелерге таза ауа кіргізу қажет. Емделушінің ыдысы (ас табағы, қасық) жеке болуы маңызды. Сондай-ақ күнделікті қолданылатын пияздың сыртын ашып турап, бөлмелерге қойыңыз. Бұл ретте сарымсақтың да пайдасы зор.
Суық тиюден қорғанудың ең оңай жолы — қорғаныс шаралары. Суық кезде дұрыс таңдалған киім сізді жылуда сақтап, терлетпеуі керек. Күн суығанда ауа-райына қарап киініңіз. «Бүгін күн жылы екен мына жұқа көйлекті киіп тастайын» деп тоңып, ауырып қалмаңыз. Қазіргідей өтпелі маусымда күні таңертең ауа-райы болжамын тыңдап, терезе­ден далаға бір қарауды да ұмытпаңыз. Тым қалың киініп те, тер­леп, суық тигізіп алуыңыз мүмкін. Өйткені, терлеген адамға суық бірден тиіп, тұмаудың ал­ғаш­қы белгілері пайда болады.

Тұмауға қарсы тегін вакцина кімдерге жасалынады?
Тұмауға қарсы вакцинаны балалар, зейнеткерлер, жүкті әйелдер, студенттер мен медицина қызметкерлері тегін алады. Өйткені, олар қаупі басым топқа жатады. Сондай-ақ, белгілі бір ауру түрімен тіркеуде тұрған науқас міндетті түрде ақысыз егілуі тиіс. Про­филактикалық жұмыстар жергілікті емханада жүргізіледі. Ал, бұл санатқа кірмейтін азаматтар вакцина алғысы келсе, онда медициналық мекемелерде 1000-2000 теңге төлеп, екпе жасата алады.

Оңтүстікте 37 адам жұқтырған
Әлемді дүр сілкіндіріп, мыңдаған адамның өмірін жалмаған доңыз тұмауын жұқтырғандар Оңтүстікте де тіркелді. Бұл туралы ОҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Қарлығаш Төлендиева мәлімдеді. Оның айтуынша, күнгейде қауіпті дертке 37 адам шалдығып, барлығы аурудан толық айыққан. Қазіргі кезде жұқпалы дерттен аймақ тұрғындары үшін келер қауіп жоқ, — дейді. Өйткені «доңыз тұмауы» деген атпен таралған індет тұмаудың А түрі. Дәл осы кезде бұл жұқпалы ауру қозады. Мамандардың сөзінше, бұл — қалыпты жағдай. Бұған себеп — қазіргі эпидемиологиялық маусым. Доңыз тұмауына шалдыққандардың ішінде он жүкті әйел, он жеті жасөспірім болса, қалғаны ересектер екен.

Тұмаудың асқыну салдарынан пайда болатын созылмалы аурулар:

  • Бактериалды өкпе қабынуы;
  • Ринит;
  • Синусит;
  • Бронхит;
  • Құлақтың қабынуы;
  • Жүрек-қан тамырлары жүйесінің асқынуы;
  • Бұлшық еттің асқынуы;
  • Созылмалы аурулардың асқынуы;

Бір адам көз жұмды

Алматы облысында доңыз тұмауынан әйел адам көз жұмды. Әйел босанған күннің ертеңіне қайтыс болған. Оның Алматы облысы Іле ауданы Заречный елді мекеніндегі ЛА-155/8 қатаң режимдегі колонияда фельдшер болып жұмыс істегені анықталды.
«1981 жылы туған әйел адам 4 қаңтар күні ауруханаға түскен. Бұл оның төртінші босануы. Егіз туды. 10 рет жүкті болған. Бала көтеру кезінде есепте тұрған, дәрігердің бақылауына алынған. 2 қаңтар күні ол жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Аяғы іскеніне, ауырсынғанына және жөтелмен шағымданған. Тексеруден кейін облыстық ауруханаға ауыс­тырылған. Сол жерде асқыну мен вирус­қа қарсы терапия қолданыла бастады. 7 қаңтар күні өзі босанды. Қазіргі кезде балалары аман-есен», — деп хабарлады Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Асхан Байдувалиев.
Ұлттық экономика министрлігі тұты­нушы­лардың құқықтарын қорғау коми­тетінің төр­ағасы, мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин Астанада өткен брифингте тұмау күшейетін қыс мезгілінде жыл сайын бір-екі адам тұмаудан қаза болатынын мәлімдеді. Ол бұған тұмау жұқтырғандардың өз бетімен емделіп, дәрігерге уақытында көрінбей ауруын асқындырып алуы себеп,- дейді.

Жүкті әйелдерді тұмаудан қалай емдейді?

Тұмаудан кейінгі асқынулар қатарына пнев­мания, бронхит, отит, синусит сияқты қабы­нулар жатады. Ең сорақысы — түсік түсу қаупі немесе мерзі­мінен бұрын босану. Бұдан басқа тұмау салдарынан әлсіреген ағзада, көбінде, пневмококк, гемофиль, стафилакок сияқты бактериялық инфекциялар орын тебеді.
Жүкті әйелдерді тұмаудан емдеудің өз ерек­шелігі бар. Өйткені, тұмауға қарсы қолда­нылатын көптеген дәрілік препараттардың қарсы көрсетілімдері бар, яғни қолдануға болмайды. Оларға аспирин, жөтелге қарсы және қан тамырын тарылтатын құралдар және кейбір вирусқа қарсы препараттар жатады. Сондықтан, жүкті әйелдерді тұмаудан емдеу кезінде халықтық емдеу жолдарына көп көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, сұйықтықты көп ішу қажет, өйткені су ағзадан вирусты шығаруға көмектеседі. Сұйықтық ішкенде де, құрамында С дәрумені бар және қышқылтым су ішу қажет. Оларға: морс, таңқурай, лимон немесе бал қосылған ыстық шай, итмұрыннан жасалған сусындар жатады. Дене қызуын түсіретін препараттардан жүктілерге парацетамол дәрісін қабылдауға рұқсат етіледі.

Жүктілік кезеңінде тұмау жұқтырудың салдары қандай?

Барлық жүкті әйелдерді тұмаудың бала ден­сау­лығына қалай әсер ететіндігі қатты маза­лайды. Бірден айта кететіні, ешбір дәрі­гер аурудың баланың дамуына әсер еткен-етпегенін 100 пайыз сенімділікпен айта алмайды. Жүктілік мерзімінің 12 аптасына дейін тұмау аса жоғары қауіп төндіруі мүмкін деп ескерте алады. Бұл кезеңде болашақ сәбидің мүшелері мен тіндері қалыптасады, сондықтан осы уақытта жүктіліктің жайлы қалыпта дамуы аса маңызды.
Сондай-ақ, бұл кезеңде «не бар, не жоқ» де­ген қағида бар. Осы қағида бойынша тұмаумен ауырғаннан кейін, жүктілік дамуында кері өзгерістер байқалатын болса, онда жүктілік кезеңі мерзімінен бұрын тоқтатылады. Егер тұмаудан кейін де жүктілік қалыпты жағдайда дамыса, барлық талдаулар қалыпты болса, УДЗ бойынша құрсақтағы сәбиге және «жолдасына» қандай да бір қауіп төнбеген болса, онда мазасыздануға еш себеп жоқ.

Лаура НАХЫПҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *