Дін біреу, діншілдер көп…

Қазіргі таңда біз үшін ислам атын жамылған дәстүрлі емес діни ағымдар қауіпті болып тұр. Қарапайым халық мына екі терминге мән бергені абзал: «сәләф» пен «сәләфи» атауы екі түрлі дүние, екі түрлі мағынаны білдіреді. Қазіргі таңдағы «сәләфилер» өздерін «біз алғашқы үш буынның жолын ұстанушылармыз, сондықтан біз сәләфилерміз» деп жариялауда. Бұл топ өзін қаншалықты алғашқылардың жолын ұстанушы – «сәләфилер» деп атағанымен, уахабилік қозғалысының жалғасы екенін жасыра алмайды. Себебі, шын мәнінде, аталмыш топтың ілімі мен көзқарастары ХІІ-ХІІІ ғасырларда Дамаск қаласында өмір сүрген Ибн Таймия, оның шәкірті Ибн әл-Қайим, ХVIII ғасырда Сауд Арабиясының солтүстік өлкесінен шыққан Мухаммад ибн Абдулуаххабтың, біздің ғасырдағы Ибн Баз, Ибн әл-Усеймин, Әлбани, Фаузан секілді кісілердің дінге қатысты пікірлеріне негізделеді.
Демек, еліміздің әрбір азаматы үшін бұл топтың ұстанымы мен ілімінің және жоғарыда аталған тұлғалардың шынайы Исламның туын көтерген алғашқы үш буынның ұстанымына ешқандай қатысы жоқ екендігін ескерткіміз келеді. Қазіргі таңда Қазақстанда «сәләфилер» 4 топқа бөлінеді. Олар:

1. Мединалықтар («Сурруриттер») – жамағатқа бірігеді, лидерлерін сайлайды. Бұлар мемлекетке тікелей қауіпті емес, бірақ діни басшылыққа қарсы. Көбінесе ҚМДБ-ның ұстанымдарын терістеп отырады.

2. Сәләфи-радикалдар – жиһатшылар, террорға шақырады. Ауғанстан мен Шешенстанда, қазіргі таңда Ирак мен Сирия мемлекеттерінде болып жатқан саяси мақсаттағы ИШИМ-дегі соғысқа үндейді.

3. Сәләфи-матхалиттер – ресми билікті, мемлекетті, заңдар мен басшыларды мойындайды. Бірақ ешқандай жамағатқа бірікпейді.

4. Сәләфи-такфирлер — 1990 жылдары біздің батыс облыстарымызда пайда болды. Олар басқа мұсылмандарға сенбейді. Зайырлы заңдарды мойындамайды. Намаз оқымағандарды талқылаусыз «кәпір» деп атайды. Бұл бағыттағы сәләфилік ағымына біздің елімізде тыйым салынғандығын жоғарыда айтқан болатынбыз.

Дайындаған – Әділхан АБАЙҰЛЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *