Депрессия соңы дертке ұласып кетпесін…

Бүгінде елімізде психикалық дерттен зардап шегетіндер қатары аз емес. Соңғы деректерге сүйенсек психикалық, яғни жүйке ауруына шалдыққандар саны артқанымен қатар, жасарып барады. Мінез-құлқында, жүріс-тұрысында ауытқулары бар, ақыл-есі кем жандар саны артып, туыстары үшін ғана емес, қоғам үшін де үлкен мәселеге айналып отыр. Негізінде жалпақ тілде «жындыхана» аталып кеткен психо-неврологиялық диспансерлерде ауыр науқастардан бөлек депрессияға ұшырағандар, психикалық жеңіл дертке ұшырағандар да емделеді. Онда тек ақыл-есі ауытқушылығы бар жандар ғана жатады деген қате пікір.

Бүгінгі таңда еліміз бойынша психикалық сауықтыру саласында 3 республикалық, 33 психиатриялық және 31 наркологиялық мекеме қызмет көрсетеді. Өңірімізде осы салада қызмет көрсететін мекемелер баршылық. Облыстық психо-неврологиялық диспансердің тіркеуінде тұрған науқастардың саны аз емес. Аймақта бүгінде 30 мыңнан астам науқас тізімге тіркелген. Диспансер негізінде 710 төсекке лайықталған. Балалар бөлімі 60 орындық болса, 35 орын шекаралық невроз бөліміне бөлінген. Ал 50 орын Кентаудағы бөлімде….

Соңғы 10 жылдағы ауру-сырқау көрсеткішінің көбеюі негізінен ақыл-есі кем, органикалық психикалық науқастар есебінен туындап отыр дейді мамандар. Психикалық дертке душар болғандар халықтың 0,2 пайызында кездеседі. Жасырары жоқ соңғы әлетте жүйке ауруына, соның ішінде депрессияға ұшырағандар саны қай өңірде болсын көп тіркелуде. Облысымызда аталған ауру түрі көбейіп барады деп дабыл қағудың қажеті жоқ. Бүгінде еліміз бойынша 300 мыңнан астам адам есепте тұрады.

Дегенмен бұл нақты көрсеткіш емес. Жүйке жүйесінің дерті, сәл ғана сары уайымға салыну, ауыр қайғының соңы азапты ауруға соқтыратынын бағамдамайтындар баршылық. Олар өзін аурумын деп есептемейді, сол себептен де уақытын өткізіп алып қолын мезгілінен кеш сермеп жатады. Депрессияға ұшырағанда араға уақыт салмай мүмкіндігінше тез арада психологқа, психотерапевтке көрінуге мойны жар бермейтіндер көп. Ауруға шалдыққанын білмей, дерті дендеп кеткенше мойынсұнбай, арнайы дәрігердің қабылдауынан қашып жүргендерді қосып айтар болсақ, 300 мыңнан әлдеқайда көп. Жүйке жүйесі дертіне шалдыққандардың қатары неге артып барады дегенге келсек, ең алдымен, қоғамдағы өзгерістер, әсіресе, әлеуметтік саланың нашарлауы жүйкесі жұқа адамдарға қатты әсер етеді. Бүгінде екі адамның бірі несие қамытына маталған. Ішіп жемінен бөлек несиесін төлей алмай, бала-шағасының киіміне жеткізе алмай аласұрып жүргендерді де жоқ дей алмайсыз. Осылардың барлығы да айналып келгенде сары уайымға батырады, күйзеліске түсіреді. Ал оның соңы терең депрессияға апарар төте жол. Депрессия жас талғамайды.

астарымызға ақылы білім алу, ертеңгі күніне деген сенімсіздік те өз салқынын тигізеді. Кейбірінің үйде жұмыссыз отырып қалуы да депрессия дертіне тұсалуына басты себепкер. Ал мұндай жағдай кез- келген адамның психикасына әсер етпей қоймайды. Аталған факторлар адамдардың өзіне-өзі қол жұмсауын, әсіресе жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюіне әсер етеді. Оның басты себебін үйдегі тәрбие құралының ролін атқарып отырған «теледидар-ұстаздан», ғаламтордан, әлеуметтік желілерден іздеген жөн. Онда соқырға таяқ ұстатқандай зорлық зомбылықтың неше атасын, өзін-өзі қалай өлтірудің жолын үйретіп отыр. Басына түскен ауыртпалықтың бәрі өтпелі екенін бағамдамайтын жастарымыз бұл дүниенің азабынан оп-оңай құтылудың жолы осы екен деп арғы дүниеге аттанып жатыр. Олардың мұндай күйге ұшырауына қоғам болып атсалысудың орнына жат қылықтарды өзіміз үйретіп отырмыз. Психикасында ауытқу болғанын байқамаймыз.

Психикалық бұзылу өзінен-өзі көбеймейді, оған экологиялық фактор мен психологиялық титықтауға жататын «психосоматикалық аурулар» деп аталатын дерттер себеп. Бүгінде қоғамның ұяшығы саналатын отбасы ұғымы өзгертіліп, материалдық игілік соңында кеткен, жанашырлық, туыстық сезімі жойылып, әркім өзі үшін өмір сүретін, тек бірге тұратындар қоғамдастығына айналды. Айналып келгенде мұның бәрі де жүйке жүйесіне салмақ салмай қоймайды…

geroj-fotosyЗүлфия Калиева, ОҚО психо-неврологиялық диспансері бас дәрігерінің медициналық қызмет сапасын бақылау бойынша орынбасары:

Бүгінде облыс бойынша 30 мыңнан астам науқас тіркелген. Шымкент қаласының өзінде науқастар 10 мыңнан асады. Аурулардың 45-50 пайызы органикалық зақымдаулардан дертке душар болғандар. Травматикалық, соматикалық аурулардан болған. 20 пайызы эндогенді ішкі себептерден болған, яғни сыртқы себептердың ешқандай қатысы жоқ. 3 пайызына аффективті бұзылулар яғни, депрессия жатады. 4-5 пайызы невротикалық аурулар, олар өте көп. Дерттің жеңіл түрі болғандықтан адамдар өзін аурумын деп ойламайды. Басқа дәрігерлерге барып ұзақ емделіп, уақытын жоғалтады. Булимия яғни тамақты көп жеу, анорексия тамақты аз жеу мұның барлығы да психикалық ауруларға жатады. Бірақ мұндай жағдайда ешкім де өзін аурумын деп санамайды. 7-10 пайызы ақыл есінің кемдігі бойынша есепте тұрады.

Бұл дертке шырмалғандардың арасында әйелдерге қарағанда ерлерде 30 пайызға артық кездеседі. Органикалық себептердің салдарынан ер адамдардың әртүрлі стресс-тер, үйдегі, жұмыстағы дау-жанжалдардың салдарынан психосоматикалық ауру басталуы мүмкін. Ешқандай себепсіз де аталған ауру түрлерімен ауыруы мүмкін. Сондай-ақ тұқымқуалаушылықтан да болуы мүмкін. Дәл мынадан деп дөп басып айту қиын. Баланың ақыл есінің кем болуы ата-анасының тұрмыс салтына, өмір сүру қағидаттарына байланысты болуы да мүмкін. Бала іште жатқанда дамуын тежейтін ішімдік ішіп, темекі тартып, түрлі инфекциялық ауруларды жұқтыру да баланың ақыл есі кем болып туылуына әсер етері анық. Экологияның ушығуы, тағамдарға түрлі қоспалардың қосылуы осының барлығы да әсер етуі кәдік. Дәл мынадай себептен деп кесіп айтуға болмайды.

Облыстық стационар болғандықтан мұнда науқастарға барынша жағдай жасалған. Дәрілердің барлығы да тегін. Жатып емделетіндерден бөлек мұнда психотерапевтің көмегіне жүгінуге болады. Тегін. Анонимді түрде. Өзінде түрлі ауытқушылықтарды байқаған кез-келген адам келіп қаралуына болады. Сенім телефоны жұмыс істейді. Бүгінгідей қым-қуыт тіршілік сорабында депрессияға түсіп, одан айыға алмай, күрделі түріне асқынып кетуі де бек мүмкін. Бұрынғыдай емес бүгінде адамдардың жауапкершілігі күшейген. Өз денсаулығына салғырт қарамайды. Тым болмағанда келіп іштегі шерін тарқатып кететіндер де жоқ емес. Жүрегіне жүк артып, жаны жүдеп жүргендер аз емес арамызда. Психологиялық, психиатриялық, әлеуметтік көмек көрсетеміз. Қандай да бір клиникалық белгілері байқалса бізге келудің өзі ерлік. Мұнда тек қана ауыр науқастар ғана емделмейді. Түрлі жеңіл түрімен науқастанатындар да бар. Бұрынғыдай емес бүгінде заманауи дәрі-дәрмектер қолданылады. Кеңес одағы кезіндегі дәрілерде қарсы көрсетілімі болған, яғни, ағзаға кері әсері бар дәрілер қолданылса, бүгінде ондай емес. Тек қана зияны неғұрлым аз дәрілер қолданылады. Антипсихиотиктер тазартылған қоспасыз дәрілер, қарсы көрсетілімі өте аз. Науқастарды емдеп қана қоймай есте сақтау қабілетін жақсартатын да қасиеті бар… Неғұрлым ерте келіп қаралса соғұрлым дерті дендемей ертерек жазылып кетуіне септеседі.

 

Гүлжан ЖҰМАШ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *