Данияр МЕЙІРХАН, қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы: Шымкент қауіпсіз қалаға айналады

Данияр МЕЙІРХАН

Данияр МЕЙІРХАН

«Дима, братан! Міне, мен де көлігімнің терезесінен күңгірт жапсырманы алып тастадым. Бастамаңды құптаймын!» Әлеуметтік желіде мұндай бейнероликтер өткен аптада көп жарияланды. Ерлермен қатар рөлге отырған қыздар да Шымкенттегі жергілікті полиция қызметінің басшысына осындай үндеу тастап, сәлемін жолдады. Сөйтіп,
Данияр Мейірханұлының қаладағы жол — көлік қозғалысын реттеп, ондағы тәртіп бұзушылықты болдырмауға тырысқан әрекетін қолдаушылар күн сайын көбейді.

«Соңғы аптада Фейсбук желісінде бес мыңдай достар таптым», — дейді жас басшы. Ол сұхбат беруге бірден келісе қоймады. «Мақтанып айтатындай, әлі ештеңе жасағанымыз жоқ. Жұмыстың бәрі енді басталады»,- деп қарапайымдылық танытты.
Ал, 34 жастағы полиция подполковнигінің жоспарын, жұмысты ары қарай қалай жалғастыратынын білгісі келетін шымкенттіктер көп. Сонымен, Данияр Мейірханұлы 1973 жылы туған. Отбасындағы бес баланың кенжесі. Шымкенттегі №9 мектеп-лицейін бітірген. Жоғары білімді. Екі бірдей мамандық иесі — экономист және заңгер. Жоғары оқу орнын бітірісімен, банкте жұмыс істеді. Онысы 1 жылға ғана созылды. Себебі, құқық қорғау саласына барғысы келіпті. Әкесі бұл саланың жүгі ауыр екенін айтып түсіндіргенімен, Данияр өз таңдауынан айнымайды. Осы уақыт ішінде Қазақстанның бірнеше аудан-қалаларында қызмет етті. Алғашқы қадамын Ақтөбе облысындағы тоғызыншы басқармада бастағанын еске алды. Қылмысты іздестіру бөлімінде шыңдалған. Есірткіге қарсы күрес бөлімінде де қызмет етеді. 2005 жылы Шымкентке ауысады. Жаңа ұжым, жаңа талаптар. Бірақ, Данияр жаңа ортаға тез бейімделгенін айтады. Себебі, бұл салада «өзін судағы балықтай» сезінетінін бірнеше рет айтып қалды.
Даниярдың алғашқы «ісі» — Ленгерде қылмыстық топты ұстау операциясы болған. Қаруланған 5 жігіт жазықсыз екі адамды өлтіреді. Шұғыл іздестіруге жіберілген өзі және серіктесі екеуі үш сағатта оларды қолға түсіреді. «Алғашқыда қорқуды білмейтінмін», — дейді. Ауыр қылмысты ашып, қаруланған топты ұстағаны үшін оның шені көтеріліп, полиция капитаны Данияр Мейірханұлы болды.
Осылай жұмыс жалғаса береді. 2005-2007 жылдар аралығында Шымкентте Облыстық ішкі істер департаментінің Жол полициясы взводын басқарды. 2006 жылы облысқа әкім болып тағайындалған Өмірзақ Шөкеев жас басшыға Шымкенттегі орталық көше — Тәуке хан даңғылын «тазартып», жол қозғалысын реттеуді, тиісті белгілерді қойып, қауіпсіздікті орнатуды тапсырады. Нәтижелі жұмыс көрсете білген Даниярдың қарамағындағы мамандар қатары 30-дан 100-ге жетеді. Сөйтіп, ол рота командирі болған. 1 жылдан соң қызметі Төлеби аудандық ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары ретінде жалғасады. Көп ұзамай, облыстық МАИ-ге қайта тағайындау алып, батальон командирі жұмысына кіріскен.
Енді Шымкенттің жергілікті полиция қызметінің жетекшісі. Жергілікті полицияға учаскелік полицейлер де, жол сақшылары да, кәмелетке толмағандардың ісі бойынша комиссиясы, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күрес бөлімі, табиғатты қорғау прокуратурасы да қарайды.

«Полицей мен жүргізуші жау емес»

«Біз жұмысты жол патрульдік қызметінің талабын күшейтуден бастадық. Себебі, облыс орталығындағы ең бірінші қауіпсіздікті осы саладан бастауымыз керек. Қазақстанның қай жеріне барсаң да, Шымкентте жүру қиын. Жатқан былық. Ешкімге заң жүрмейді, дейді. Жоқ, олай емес! Біз осы түсінікті бұзғымыз келеді. Және оны жасаймыз да. Бізге бұл ретте тұрғындардың өзі көмектессе деген тілегім бар. Ешкім ешкімге бағынғысы, біреуді біреу тыңдағысы келмейді деген теріс стереотипті болдырмауға атсалыссақ деймін. Полицейлерді сыйламайтындар көп. Неге тәртіп сақшылары осындай сенімсіздікке ие?! Неге шетелдердегідей полиция учаскесі мектептің, университеттің жанында болмайды? Олардың бізден несі артық? Біз де дәл солай, бір-бірімізге сенім артып жұмыс істесек болады. Полиция ешкімге жау емес. Соны тірлігімізбен дәлелдесек деймін. Сенесіз бе, менің телефоныма ешкім хабарласып, көлігімді жіберші немесе көмектесші деп сұранбайды. Мен мұндай қажетсіз өтініштер бойынша ешкіммен сөйлеспеймін. Көліктердің терезесін күңгірттеп алатындармен күрес — ол айтарлықтай бір жеңіс емес. Оны әр жүргізуші өзі-ақ қажетсіз нәрсе екенін ұғынып, алып тастағаны дұрыс. Мен бұл бастаманың қолдаушылары көп болады деп ойламаған едім. Яғни, жерлестеріміздің өзі де оған қарсы екенін білдірді. Қолдау жасағандарына ризамын. Және мен де қажетті тұстарында олардың ұсыныстарын қолдауға әзірмін. Біздің команда әрбір қалалық азаматтың сауалдарына, ұсыныстарына жауап беретін болады. Жақын арада біз тікелей байланыс орнатып, қызметтік телефонға әрбіріңіз қоңырау соға алатындай жағдай жасаймыз. Барлық қадамдарымызды осылай бірлесіп жасасақ, Шымкент нағыз қауіпсіз қалаға айналады. Оған барлық мүмкіндіктер бар. Менің сенімім мол. Көлік жүргізушісін тоқтатқан кезде, жол полицейі мен жүргізуші бір-біріне жау сияқты қарайды. Неге? Олай болмауы керек. Керісінше, көлігі көшеде тоқтап қалған жерлестеріне полиция қызметкері көлігінен түсіп, көмек беріп жіберсе, қандай жақсы. Немесе жолдан өтуге қорқып тұрған адамға көмектессе, бізге деген сенім арта түседі. Мұның бәрі қиын нәрсе емес қой?!
Біздегі ең қорқынышты нәрсе — рөлге мас күйде отыру. Ол – қылмыс. Ішкен жүргізушімен сөйлесудің өзі артық. Оған кешіріммен қарау миға сыймайтын нәрсе. Ал, полицейлер ішіп, рөлге отырса, оны органнан бірден аластату керек. Және біз учаскелік полицейдің жұмысын жандандырамыз. Сіздер «участковыйдан», олар сіздерден қорқып, қашатын уақыт өтті. Енді бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Ең алдымен, сенім білдіруіміз керек. Әрбіріміз өз міндетімізді білгеніміз жөн», — дейді Данияр Мейірханұлы.

Полиция бақыламайтын радарлар қойылады

Шымкенттегі жергілікті полиция қызметіне 1313 штаттық бірлік берілген. Қаладағы 4 ауданда болған бұрынғы учаскелік полицейлер құрамы сақталып қалған. Басшының айтуынша, қазір құжаттардың барлығын қарап, проблемаларды қалай реттеуді қарастырып жатыр. Қала әкімі мен 4 аудан әкімінен қойылған нақты тапсырма бар. Бірінші кезекте — қала тұрғындарының қауіпсіздігін сақтау мәселесі тұр. Оны жасау үшін техникалық мүмкіндіктер де жасалып жатыр. Жыл басынан бері қосымша 5 эвакуатор алынған. Бақылау камералары да орнатылып жатыр. Жақында облыс жолдарына жаңа радарлар қойылады. Оны полиция қызметкері бақыламайды. Одан ешбір жазба да алынып тасталмайды. Яғни, автоматтандырылған жүйеге заңды бұзып, жылдамдықты асырған полицейдің өзі түсіп қалса да, не жол бойында заңсыз тоқтатып, тәртіп бұзса, ол да айыппұл төлеуі тиіс болады. Заңға бағынудың жаңа нұсқасы енгізілмек.
Жолдарда жедел жәрдем көлігіне, өрт сөндірушілер бригадасына мүмкіндік беру акциясы да ары қарай жалғасады. Данияр Мейірханұлына осындай бастамаларды айтып, қолдап-қуаттайтын оның достары екен. Және отбасының да өзіне үлкен сенім білдіріп, тілеулес болып отырғанына қуанады. Мамандық таңдаған кезде әкесі Даниярдың тәртіп сақшысы болғанын қаламаған. Ал, бүгінде, намысты, жігерлі, өз ісіне сенімді азаматтың тірлігіне көңілі толатын болар…
Даниярдың тұңғышы — 7 жасар ұлы да «полиция қызметкері боламын» дейді екен. Бірақ, бұл жолдың ауыр екендігін айтып, түсіндіруге тырысамын, — дейді өзі. Бәрі де қайталанатын секілді.

Зәуре ОРАЛБАЕВА

Қалалық жергілікті полиция қызметінің кезекші бөлімі телефоны: 53 — 52 — 52

Қалалық жергілікті полиция қызметінің  телефоны: 57 — 35 — 66

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *