ДАИШ Ыстамбұлды басып алатынын мәлімдеді

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобы Түрік билігіне қауіп төндіретін бейнероликті таратты. Онда содырлар Реджеп Ердоғанның өз мемлекеті аумағын «ДАИШ»-тың нысандарына әуеден бомбалау үшін шығыс коалициясына беру туралы шешімін сынға алады. Түрік президентін шайтан мен сатқын деп атап, халқын үкіметке қарсы шығуға және «Ислам мемлекетіне» кіруге үгіттейді. Содырлар сондай-ақ жуық арада Ыстамбұлды басып алатынын мәлімдеген.

ДАИШ Ыстамбұлды басып алатынын мәлімдеді

Ал ЕО болса Анадолы елі тез арада Еуроодаққа ену жағын қамдастырып жатыр. Еске сала кетейік, Германия канцлері Ангела Меркель бастаған бірқатар елдердің басшылары Түркияны тез арада Еуроодаққа қабылдау мәселесін көтерген болатын. Есесіне Осман ұрпақтары Сириядан Еуропа елдеріне ағылып жатқан босқындарды тоқтатуға уәде еткен. Осы мақсатта Ангела Меркель жексенбі күні Реджеп Ердоған және елдің үкімет басшысы Ахмет Давутоглумен кездесу өткізді. Бұған дейін Түрік елі он жылдан астам уақыт аралығында аталмыш одаққа кіруге ұмтылғанымен, бәрі нәтижесіз аяқталған болатын. Енді неміс канцлері бұл бастаманы тездетіп қолға алып, келер жылы түрік азаматтарына жеңілдетілген түрде шенген визасымен қамтамасыз етеміз деп отыр. Сондай-ақ Анадолы еліндегі босқындарға қаржылай қолдау көрсетіледі, деп уәде етті.

Словения: Шектен тыс көп босқындар өткізе алмаймыз

Словения сыртқы істер министрі Бостьян Сефич «елді күніне бес мыңға жуық мигрантты қабылдай алмайтындарын» мәлімдеді. Осыған дейін Хорватия бұл елден күніне бес мың босқынды шекарадан өткізуді сұраған. Сефич: «Сербия, Хорватия және Македония ел аумағына кіретін босқындар санын азайту керек» деп мәлімдеген.  Баспасөз мәслихатында ол: «Біз Австрия сияқты мөлшерден тыс мигранттарды қабылдай алмаймыз. Ел шекарасынан күніне 2,5 мың мигрантты ғана өткізе аламыз», – деді.

42-019

Айта кетейік, босқындардың басым бөлігі Хорватия мен Словения арқылы Батыс Еуропа елдеріне өтуге тырысады. Бүгінде мыңдаған босқын Сербия мен Хорватия шекарасы маңында тұр. Олардың басым көпшілігі Ауғанстан, Африка елдері, Ирак және Сириядан келген.

Ал күні бүгінге дейін Сириядағы дағдарыс кесірінен 4 миллион адам үйлерін тастап, босып кеткен. Бұл туралы БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун хабарлады. Дағдарыс пен соғыстан қашқан жұрттың нөпірінен, әсіресе көршілес Ливан, Иордания, Түркия мен Ирак аса қатты зардап шегуде. Бүгінде Ливан тұрғындарының төрттен бірі — сириялық босқындар.

Жалпы Сирияда 2011 жылдан бері жүріп жатқан азаматтық соғыс салдарынан 2 миллион тұрғын шұғыл гуманитарлық көмекке мұқтаж. Тағы жарты миллионнан астамы Кәрі Құрлық елдерінен саяси баспана сұраған. Жалпы Еуродақта босқындарға қатысты туындаған ахуал Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең күрделі дағдарыстардың біріне айналып отыр. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның сөзінше, бүгінде әлемдегі 60 миллион адамды босқынға теңеуге болады.

Босқындар мәселесі қазір дүниежүзінің басты назарында тұр. Біздің елдің өзінде де 700-ге жуық босқын тұрып жатыр. Экономика және бейбітшілік институтының сараптамасы бойынша еліміз биыл 162 елдің ішінде бейбітсүйерлігі бойынша 87-орынға шығыпты.

42-017

Қанға бөккен Шам елі

Қазір Сирия әлемдік саяси тартыстар мен империялық амбициялардың ошағы­на айналып отыр. Соңғы ресми деректерге сүйенсек, Таяу Шығыста шатақ шығарып отырған Ислам Мемлекеті қатер төндіріп отырған елдер арасында Израильмен, Иорданиямен, Ливиямен, Палестинамен, Мысырмен, Түркиямен, Иранмен, Әзірбайжанмен, Ресеймен (Солтүстік Кавказ) қоса, Қазақстан да тізімге еніпті. Әлбетте, ойландыратын-ақ жағдай. Оған күні кеше Астанада өткен Сирияның ресми өкілдері мен оппозициясы арасындағы келісімді қосыңыз.

Сирия шынында да тізімге енген мемлекеттерге қауіп төндіре ме? Соңғы деректерге сүйенсек, Сирия қарулы күштерінде 125 мыңдай сарбаз бар. Оған Иран мен Ливаннан келген 60-80 мыңдық еріктілер отряды қосылған. Қарсыласушы жақтар арасында тұрған оппозициялық отрядтардың, яғни, «Сирияның еркін әскерінің» саны – 40-50 мың адамды құрайды. Радикалды исламистер отрядының «Ислам мемлекеті» отрядтарында 30-дан 50 мыңға дейін, «Джабхат ан-Нусра» ұйымында 20-30 мың, «Ислам майданында» 10-15 мың шамасында қарулы сарбаз тіркелген. Соған қарағанда Шам еліндегі шатақпен ойнауға болмайтыны айдан-анық. Оның үстіне Ресейдің соңғы бомбалаулары да тегін емес. Кремль өзі жақтайтын Асадқа қарсы күштердің күн санап күшейіп келе жатқанын біліп отыр.

Ақиқатына жүгінсек, Ислам мем­лекеті де, Асад билігі де сол ойынның қуыршақтары  ғана. Дегенмен, жария түрде бетпе-бет соғысып жатқан екі жақ осы текетірестің «басты ойын­шылары» саналады. Тартыс та, дау да осы екі күш арқылы жалғасуда.

ДАИШ Ыстамбұлды басып алатынын мәлімдеді

Екі қарама-қарсы топты кімдер қолдайды?

Қазір Сирияда Ресей әскери теңіз күштерінің базалық бекеті бар. Мәскеу Сирияға әскери қару-жарақты жариялы түрде жеткізуде. Оған осы қару-жарақтың тілін білетін, басқаратын орыс мамандарын қосы­ңыз. Бұл орайдағы В.Путиннің уәжі «елдің заңды сайланған президенті Башар Асадты қолдаймыз» дегенге саяды. Ал АҚШ пен оның одақтас­тары демократия деген желеуді алға тартып, Асад билігін құлатуды көздеп отыр. Ресейдің қазіргі Асадқа көрсетіп отырған әскери көмегінің мөлшері мынадай: өзі жүретін «Панцирь С1» зымыранды-зеңбірек кешені, «Игла» зымыран кешені, модернизацияланған артиллериялық қондырғылар, БТР-лар, Т-72 және Т-90 танктері, танкіге қарсы кешендер, басқа да қару-жарақтар мен ішінде МиГ-29, СУ-24 сияқты жойғыш ұшақтар да бар авиациялық техника. Оған қоса Ресей Ішкі істер ми­нистр­­лігінің есебі бойынша, Ислам мемлекеті қарулы күштерінің құра­мында 1,8 мың Ресей азаматы соғы­сып жүрген көрінеді.

Десе де соңғы бомбалау әрекеттері мен бұрынғы араласуларына байланыс-ты, АҚШ, Германия, Франция, Англия, Түркия, Иордания сияқты мемле­кеттер Мәскеуге ашық қарсылық­тарын да білдіре бастады.

ДАИШ Ыстамбұлды басып алатынын мәлімдеді

Балаларды соғысқа баулып жатыр

Жуырда содырлар Сириядағы жаттығу лагерінде түсірілген 34 секундтық бейнетүсірілімді ғаламторға жариялады. Онда әскери киім киген, жасы онға да толмаған ұл баланың тікенек сым қоршаулардың арасымен бұйрық бойынша өрмелеп бара жатқан суреті түсірілген. Арасында «Аллаһу акбар!» деп айғайлап қояды. Ал экстремистік тобындағы «жаттықтырушылары» болса баладан қол созым жерге оқ жаудырып тұр. Оқтан бала шошып кетеді. Осылайша ИМ содырлары соғысқа балаларды салудан тайынбайтынын көрсеткен. Бұл видеоны интернетке жариялаған Әбу Айша әл-Казахи атты ИМ өкілі Сирияға Қазақстаннан барғанын айтыпты. Видеодағы баланың жасы, бойы және сырт келбеті Әбу Айшаның ұлы Әбдірахманға ұқсайды, бірақ түрі анық көрінбейді.

Осы ретте, еліміздің сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, қазір шамамен 200 қазақстандық Сирияда соғысып жүр. Сондай-ақ, министр АҚШ, Қытай, Ресей және Еуропа елдерін саяси бөлінуді жойып, Сирия мен Ирактың біраз аумағын бақылайтын ИМ тобы ықпалының артуын тоқтатуға шақырған болатын.

Түйін:

БҰҰ-ның күні кеше ғана аяқталған мерейтойлық сессиясының басты тақырыбы болған Сирия мәселесінің тасасында, империялық амбициялар жатқаны айқын түрде белгілі болып қалды. Шам еліндегі шатақ – ежелгі саяси тартыстың қазіргі таңдағы тетігі ғана. Ақиқатына келгенде, Шам елінің (халқы 10 миллионға да толмайды) ешкімнің де шамына тиер шамасы жоқ. Десе де жанжалдың бүгін-ертең бітер түрі жоқ.

Ал Қазақстанды алаңдатып отырғаны Ислам мемлекеті мен Башар Асад үкіметі арасындағы соғыстың қаупі төніп отырған елдер тізіміне Орталық Азияның да енуі. Қалай болғанда да қазір Шам еліндегі жағдай тек Қазақстанды емес дүниежүзін алаңдатып отыр.

Айнұр Ақбаева

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *