Дағдарыста бой түзейтін Shymcity

15003259_1819043141675378_304462030252558368_o

Осыдан 5-6 жыл бұрын «коммуникациямыз жоқ, көмек беріңіздер» деп шағымданудан көз ашпаған тұрандықтардың еңсесі көтерілетін болды. Бұл аумақта жер үйлер болмайды, тек көпқабатты үйлер салынады деген жоспарды «бұзғандардың» өтініші ескеріліп, халық алдында есеп беру жиындарының бірінде Шымкент қаласының әкімі шағынаудан тұрғындарын қуантқан еді…

Сонымен, биыл жазда Тұран шағынауданындағы 427 гектар аумақта құрылыс жұмыстары басталып кетті. Мұнда 9-12 және 16 қабатты зәулім үйлер бой көтермек. Қала әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтың мәліметінше, қазір бюджеттен қаралған қаржыға инфрақұрылым тартылып жатыр. Инвестиция тарту көзделіп отыр. «Қазақстан Ипотекалық компаниясы» және «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкімен» келіссөздер жүргізіліп жатыр. Мұнда тұрғызылатын пәтерлердің бағасы қарапайым халыққа қолжетімді болады» деді ол. Аймақтағы инфрақұрылымды реттеуге, жүргізуге республикалық бюджеттен 6 миллиард 700 миллион теңге қаражат бөлінген. Мұнда 2 емхана салу жоспарланған. Қаладағы ең үлкен саябақ орын теппек. Жоспар құлаққа жағымды. Мысалы, «Шымсити» жобасы аясында 316 көпқабатты тұрғын үйлер бой көтермек. Осындай жоспарларды естігенде 2004 жылдары «Нұрсәт» шағынауданында жүздеген үйлер салынады. 3 мектеп, 3 балабақша, әмбебап спорт кешені, заманауи паркинг, орта арнаулы, жоғары оқу орындары, бой көтереді деген сөздердің айтылғанын еріксіз еске аласың!

15068333_1819042845008741_8151825793809835817_o

Shymkent City орны

Сөз жоқ, көпқабатты үйлер салынды, Нұрсәтте. Әлі де құрылысы жүргізіліп жатқандары бар. Гимнастика кешені ашылды. Емхана мен перзентхана пайдалануға берілді. Алайда, әлеуметтік маңызы зор нысандар айтылған жоспарға сай болмай тұр. Қазір мұнда 1 ғана мектеп бар. Оқушылар сыймайды оған. 1 ғана балабақша бар. Екіншісінің құрылысы басталғанымен, аяқталмай қалды. Есесіне, жекеменшік дүкендер мен зәулім тойханалар бар.

Жақында әлеуметтік желілерде Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Болат Жылқышиев та осы тақырыпты қозғап, пікірін айтты. «Шымсити» жобасы дұрыс шығар. Нұрсәтте басталған тірліктерді аяғына дейін жеткізу керек еді. Бір әкімнің бастағанын екіншісі жалғастырып, соңына дейін жеткізу бізде, өкінішке қарай, қиын. Ал оның барлығы сондағы халыққа қажет дүниелер,- деді ол. Бұл пікірді қолдаушылар аз емес. Себебі, соңғы кезде басталған жұмыстардың аяғына жетпей қалатыны заңдылыққа айналған. Ал сол жобаларды айқайлатып бастағанда бюджеттің қыруар қаржысы қаралады.

15110426_1819043021675390_3568550043756933077_o

Shymkent City орны

…Болашақтың қаласы — Шымситиге оралайық. Мұнда арнайы техника жерді тегістеп, фундамент тұрғызылатын жерлерді қазуға кіріскен. Жауаптылардың айтуынша, 2017 жылдың соңына дейін шағынауданда жол салынып, коммуникация жүргізіледі. Бүгінде 6,7 млрд теңгенің 2 млрд теңгесі бөлініп, тіпті, игеріліп қойыпты. Жаңа қалада 7 мектеп, 21 бөбекжай балабақша, 3 іскерлік орталықтары, үлкен спорт кешені, концерттік зал және бірқатар ойын-сауық орталықтары ашылады. Жалпы, бұл шағынауданда шамамен 70 мыңдай адам тұратын болды…

14991357_1819043045008721_8975011551793921132_o

Shymkent City макеті

«Бұл 2005-2006 жылдары оңды-солды таратылған жер телімдері. Олардың барлығының құжаттарын тексеріп, біржақты шешіммен заңдастырып жатырмыз» деді Нұралхан Көшеров. Айтуынша, учаскелердің 1 шаршы метрі кадастрлық бағамен 1570 теңгені құрайды. Ал әкімдік оны екі есе төмен бағамен, яғни, 883 теңгемен алып жатыр. Миллиардтаған қаржыны қажет ететін бұл жобаның ұтымды, әрі еш қиындықсыз іске асатынына шенеуніктер секілді бек сенімділік бізде жоқ…бірақ, тек жақсылықтан үміттіміз! Шымқаламыз дамып, өркендесе деген тілек әрбір тұрғынның көкейін кернейтіні шындық!

Зәуре Оралбаева

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *