Дәстүрлі емес діни ағымдар

Қазір елімізде түрлі діни конфессиялар бар. Мемлекет олардың қайсысына рұқсат берген, қайсысына тыйым салғаны туралы біле жүрудің артықтығы жоқ. Сол себепті, осы жолы оқырман қауымның назарына зайырлы мемлекет, секта, экстремизм, терроризм, елімізде тыйым салынған ағымдар мен Ислам атын жамылған керағар ағымдар туралы түсініктемелер жинағын топтастырып беруді жөн санап отырмыз.

Дәстүрлі емес діни ағымдар Біз зайырлы мемлекетпіз

Әлемде мемлекет пен дінаралық қатынасты реттеудің онға жуық формасы бар екен. Қазақстан осылардың ішінде зайырлылық формасын таңдаған. Яғни, зайырлылықтың бірінші мағынасы – мемлекет тек бұл дүниелік мәселелерді реттеуді мақсат етеді, теократиялық жүйедегі сияқты о дүниелік бақытты басты мұрат етпейді. Екіншісі, дін мемлекеттен бөлек, мемлекет дінге, дін мемлекеттің ісіне араласпайды.

Мемлекет – діни еркіндікті бергенімен, халықтың тек бұл дүниедегі қажеттілігін өтеуге күш жұмсайды. Қоғамдық қатынастар діни нормалар негізінде емес, азаматтық негізде реттелетін, мемлекеттік органдардың шешімдері діни тұрғыдан шығарылмайтын мемлекеттің сипаты. Зайырлы мемлекеттің заңнамасы толықтай немесе ішінара діни нормаларға сәйкес келуі мүмкін, оның зайырлылығы діни түсініктерге қарама-қайшылықпен емес, одан азат болуымен анықталады. Зайырлы елде әрбір адам ешқандай діни институттарға қатыссыз өмір сүруге құқылы. Мысалы, некені тіркеу және әділ сот жүйесі мемлекеттің айрықша құқығы болып табылады. Сол сияқты зайырлы елде барлық конфессия өкілдері заң алдында бірдей. «Зайырлы» сөзі араб тілінде «захири» (зайырлы) яғни «ашық, сыртқы» деген мағыналарда қолданылады.

Секта туралы не білесіз?

Секта сөзін естігенде оның мағынасына бойламай жатып, көбіміз селк ете қаламыз. Олай болатын жөні де бар. Өйткені, бұл сөздермен адам өміріне қауіп төндіретін оқиғалар байланыстыра айтылады. Секта латын сөзінен шыққан, алғашқыда екі мағынада қолданылды. Біріншісі – бір заттың бөлігі де, екіншісі – сана образы, оқу дегенді білдіреді. Бұл сөз «sequi” — ізіне түсу (қандай да болсын оқудың артынан ілесу) сөздерімен мағыналас. Демек, секта азаматтарға тек қана өз пікірін таңып мақұлдату, зорлық-зомбылық көрсету, еркінен тыс әрекет пен мүлкін тартып алу, тіпті кісі өміріне қауіп төндіру сияқты істермен ерекшеленеді.

Экстремизм термині (латынша – шеттеу) сөзбе-сөз шектен тыс көзқарастар мен әрекеттерді ұстану, қоғамдағы тәртіп пен нормаларды жоққа шығару деген сөз. Саяси тұрғыдан алғанда экстремизм қалыптасқан әлеуметтік құрылымдар мен саяси институттардың тұрақтылығын бұзып, өз мақсаттарына жету үшін оларды әлсіздендіріп, түбінде құлатуды мақсат ететін қарсылық әрекеті.

Терроризм – латынша (terror) қорқыныш, үрей деген сөз. Яғни, саяси мақсатты сылтауратып күш қолдану. Бұл ұғым XVIII ғасырдың соңында ұлы француз төңкерісі кезінде якобиндіктер жүргізген репрессиялық саясатты атауда қолданылды. «Террор» ұғымы қазіргі әдебиеттерде диктаторлық немесе тоталитарлық жүйенің өз азаматтарына қатысты күш қолдану және үрей туғызу саясатын сипаттауда қолданылады. Терроризм – ұйымдасқан топ діттеген мақсатына жету үшін дүркін-дүркін күш қолдану арқылы көрініс табатын әдіс.

«Салафизм» идеологиясының жіктелуі

«Салафизм» ұстанушыларын «салафи-мадхали», «салафи-суррури», «салафи-жиһади», «такфир» деп өзара бірнеше топтарға жіктеуге болады. «Салаф» (алдын болу) сөзінің жай мағынасында бірінің орнына бірі келетін кез-келген уақытта қолданылады. «Бұрынғы, ілгеріде» сөздерімен пара-пар. Аталған ілімді ұстанушылар қарулы «Жиһад» идеологиясын ашық қолдамайды. Заңды мемлекет басшыларына қарсы шығу жолын ұстанбайды. Зайырлы мемлекет заңдылықтарын, Құран мен сүннетке қарсы келмейді. Сондықтан, мемлекет заңдарымен жүруге дұрыс болды деп есептейді. Мадхалидтік жамағат ислам рухани құндылықтарын бір жақты түсінеді. Жергілікті ұлттар мен ұлыстардың әдет-ғұрпы, дәстүрлерін мұсылманның тұтынуы тұрғысындағы еркін шектейді. Исламның әуелгідей бір елде ғана емес, бірнеше құрлықтарға таралып тарихи-әлеуметтік шегі мен мәні артқанын ескере бермейді. Сондықтан, исламда әуел баста болмаған бірқатар жергілікті дәстүрлі құндылықтарды және басқа да ағымдарды мойындамайды.

Салафизмнің екінші тармағы «Мәдиналықтар». Бұл ұйым мүшелері шейх Абу Мусьаб ас-Сури (1958 ж) іліміне сүйенеді. Бұл ғылымдағылардың ұстанымы бойынша мемлекет заңдылығы Шариғат заңына қарсы келмеуі керек. Олар Қазақстанда бірінші болып ҚМДБ-нан бөлек діни қоғамдастық құруға әрекеттенген, мұсылман атын жамылған бүлікші топ. Бұл ұйымда басқарудың тариқаттық құрылымдардың тәсілдері қолданылса, ал қаржылық жүйеде пирамидалық элементтері пайдаланылады. Жасырын мәліметтердің жетекшілеріне сырттан тапсырма беру арқылы көпшілікпен сайланған «әмір» және «шаруалар» (кеңес мүшелері), ортақ қазына, білім орындары «худжралар» болады. Демек, белгілі бір дәрежеде ұйымдасқан әрекеттер жүйесін жасау талпынысы бар. Мемлекеттік құрылымды мойындамауға үндейді.

«Әт-Такфир уәл хижра» — өткен ғасырдың 70-ші жылдары Мысыр университетіндегі студент жастардың арасында қалыптасты. «такфир» қозғалысының негізін салушы 1942 жылы туылған мысырлық Мұстафа Шукри есімді азамат. Бұл қозғалыстың мақсаты, бөлек мұсылман қауымын құру арқылы зайырлы мемлекеттік қағидаларға қарсы күресу. Осы идеологияның негізінде Алжирде «қарулы ислам тобы» (GIA), қарулы ұйымдар пайда болды. 1977 жылы Мысыр үкіметі ресми түрде тыйым салды. 2004 жылы Европа одағына кіретін мемлекеттер аумағында «Такфир» ұйымының әрекет етуіне тыйым салу арқылы бұл ұйым мүшелерінің тізімі жасалынып, Европа одақтастығы мемлекеттеріне кіруіне шек қойылды. Бұлар «такфир» идеясын қолдамаған мұсылмандарды кәпір деп есептейді. Зайырлы мемлекет заңдылықтарын ұстанатын Қазақстанды – кәпірлер елі деп атайды. Мемлекет заңына бағынуды құлшылықтың бір түрі деп есептеп, құдайдан басқа нәрсеге табыну деп есептейді. Төрт мешіттен (Харам, Нәбәуи, Акса, Куба) басқа діни орындарда намаз оқуға рұқсат етілмейді. Осындай қатаң және төзімсіз әрекеттерінің салдарынан көп жақтас таппаған. 1981 жылы үлкен соққы алып, мүшелерінің көбі Мысырдан қашуға мәжбүр болған. 2014 жылы 18 тамызда «Әт-Такфир уәл хижра» ұйымына Астана қаласы, Сарыарқа аудандық сотының шешімімен тыйым салынды.

Дәстүрлі емес діни ағымдар

«Салафи-жиһад» ағымы 1990-шы жылдары «араб ауғандықтарға» басшылық ету Абдалл Аззамнан («Братья-мусульмане»), Саудиялық салафит Усаме бин Ладеннің қолына өткен уақыттарында құрыла бастады. Бұл интернет сайттарындағы үндеулері негізінде қалыптасты. Такфир мен «салафи-жиһадшылардың» басқару құрылымдары ұқсас («Әмір», «шура», «шейх», «қазынашы», «жауынгер») екеуі де кәпірлерге қарсы «әлемдік жиһадқа» қатысуды міндет деп есептейді. Сонымен қатар, Қазақстанда билік органдары тарапынан таза мұсылмандар діни сенімдері үшін қудалануда деген ұйғарыммен «хижрат» жасауға шақырады.

Діни сипаттағы қауіп-қатері: Салафиттердің Абай, Шәкәрім және басқа да қазақ ойшылдары ұстанған Қазақстан мұсылмандарының дін ұстанымына негіз болған, Матуриди діни-сенім мектебін теріске шығару. «Кәпір» (құдайсыз) кінәратын өршітіп, мемлекеттің заңдарына бағынбауға, жиһадқа шақыру арқылы жергілікті ұстаным, дәстүрлерді мансұқтау, зайырлы ұстанымды тәркі ету, ғылым-білім, ұлттық мәдениет, салт-санадан бас тартқызу бағытындағы әрекеттер. Қарт кісілердің жастарға денсаулық, сәттілік және табыс тілеп беттерін сипап берген батасын теріске шығару. Сүннет бойынша бетті қолмен сипауға болмайды-мыс. Келіннің күйеуінің ата-анасына иіліп сәлем салғанын теріске шығару, бұл олардың пікірінше Алладан басқа тағы да біреуге табыну болады-мыс. Мұсылмандардың молаға зиярат етуін теріске шығарады, пұтқа табыну болады-мыс. Ақсақал қарияларға тұрып және екі қолды ұсынып сәлем беруді және қолды сүюді теріске шығарады. Сүннет бойынша тек бір қолды ғана беру керек және Пайғамбар (с.а.с.) тұруға тыйым салған-мыс. Құранды өлген адамдарға арнап оқуды теріске шығарады. Өнерді теріске шығарады. Балағы қысқа немесе кесілген шалбар киеді. Ұзын әрі күтілмеген сақал өсіру, бұл құдайдан қорыққандықтан деп өздері сенеді. Әйелдер тек қана қара түсті араб көйлегі мен жамылғысын киеді. Ата-аналары дайындаған тамақтан олар намаз оқымай дайындады деп бас тартады. Ата-аналарын Исламды өз ойларындағыдай тәртіппен ұстанбағаны үшін тыңдамайды, қарсы келеді, ренжітеді. Құпия үйлендіру. Ата-анасымен ақылдаспай олардың келісімінсіз некесін өзінің уәһабби ұстазсымағына қидырады. Оп-оңай ажырасады әрі бір-бірінің әйелдеріне және өз қауымындағы «қарындастарына» үйленеді. Басқа туыстарымен араласқан кезде өздерінің Ислам туралы жеке түсінігін тықпалайды. Өз нанымына мойынсұнбағандарды тәжікелеу, тәрк ету жолымен адасқандар, сопы деген сияқты терістейді. Үйлену тойлары, туған күн, мерекелер, еске алу, діни-рухани рәсімдердің бәрі шариғатқа қайшы әрекет деп санайды. Қоғамда, мешіттерде, көшелерде, отбасыларында айтыстар мен қақтығыстарды шиеленістерге әдейілеп бағыттауды ойластырады. Ауылдар мен қалаларда діни жамағат ішінде жікке бөліну, олардың арасында бір-біріне деген жек көрушілік белең алуына себепкер болады. Кейбір адамдар ұлы имамадар мен дінтанушы ғалымдар жазған кітаптар мен түсіндірмелердің ақиқаттығына күмән келтіре бастайды.

Бүгінгі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде уәһһабшылар жасап отырған қатігездіктердің кесірінен әлемдік қауымдастық уәһһабилік пен Ислам екеуі бір-біріне қарама-қайшы екі дүние екенін түсінбей Исламнан қорқып, одан қашқақтау үрдісі қанат жайып келеді. Сол себепті, әрбір адам өзінің қандай діни ұстанымда жүргеніне мұқият болып, отбасы мен ел ертеңі үшін де абай болғаны жөн.

Зікіршілер немесе «Исматуллашылар»

Зікіршілер: бұларды «исматуллашылар», «ясауишылар» деп те атайды.

Исматулла деген кім? Исматулла Мақсұм – қазақстандық зікіршілердің рухани ұстазы, пірі. Ауған-пәкістандық азамат. Оны «тақсыр» деп атайды, «қасиетті әке» санайды, жамағаттың әрбір мүшесі оған құлдық ұрып, қолынан сүйеді. Зікіршілердің негізгі мақсаты: Қожа Ахмет Ясауи хикметтерін қасиетті Құранмен қатар ұстайды. Алқақотан отырып зікір салуды мұсылманның бес парызынан жоғары қояды. Зікіршілер өздерін «жамағат» деп, басқаларды «жамағат емес» деп бөліп қарайды. Соңғы кезде ясауишілер өздерін «Мәдінің сарбаздарымыз» деп, ақырет күнін жақындатуды да діни экстремизмге бейімдігін аңғартады. Осындай белгілеріне қарап, мұндай ұйымдарда діни-ахлақи насихаттан гөрі саяси пиғылдың басымдылығын көруге болады. Дінтанушылар пікірінше, жұрттың мұндай топтарға еруінің екі себебі бар. Біріншісі, діни сауаттылықтың жетіспеушілігі, екіншісі дүнияуи қажеттіліктерге бой ұрушылық жағдайлары. Зікір ұғымы Құранда бар. Зікір – құдіретті жаратушы Алланы еске алып жүру деген мағынаны білдіреді. Бірақ бұл ұғымның мағынасын кейіннен пайда болған мистикалық секталар өзгертіп, зікірді енді «шалыққа» (транс, экстаз) ендірудің техникасы мен әдісіне» айналдырады. Сөйтіп уақыт өте келе суфизмнің ең қатал, тоталитарлық ордендері зікірді «еске алудың медитациясы» деген ұғымға ұластырды. Кейіннен «жүректі тазалау» деген мистикалық ұғым пайда болған. Мұны елімізде «мазар» (мола) культін дәріптеуші «Аққу», «Сұңқар», «Ата жолы» сияқты ұйымдар бастап отыр. Сопылар үшін зікір адамның рахатты күйдегі трансқа түсуі болып есептелген. Тіпті, кейбір секталарда адамның жүйкесіне әсер ететін есірткі шөптер, кафе, наша, алкоголь секілді естен айыратын дүниелерді де пайдалана бастаған. Теология ғылымдарының докторы, дінтанушы Мұхиддин Исаұлының айтуынша, «ясауишілердің» «зікір» салу формасы дәстүрлі дінге жат. Ол «бұлайша соқыр сенімге берілуі діни фанатизмге ұрындыруы мүмкін екенін айтады». Бұл пікірмен толық келісуге болады. Екі-үш сағатқа созылатын «зікір» кезінде адамдар «Алла ху», «Алла хай!» деп айғайлап, трансқа жеткенше бастарын бұлғақтатып, селкілдеп билейді. Тіпті, кейбірінің аузынан ақ көбік жыны ағып, есінен танып, талып қалады. Исматулланың өзі «зікірге» тым елітпейді, залды, кімнің қандай күйде екенін көзінің астымен жіті қадағалап, барлап отырады. Бұл топ зікірді мұсылманшылықтың негізгі шарты деп біледі.

Дайындаған – Жансая Сыдықбай

Редакция

1 пікір

  1. Сарыағаш медрессесі дәстүрлі емес діни ағым жолында,ондағылар аруақ жоқ деп жар салады,келіннің сәлем салғаны харам дейді,мейіт шыққан жердеқойып келген соң садақа деп берген тамақ харам дейді,жетісін,қырқын,жылын бермейді,тойда ән күн шалу харам дейді,ата анаң намаз оқымаса айытқанын қылма дейді.Ал сол медресенің басшылары Сманов Абдыжаппар і қазақтың дәстүрін ұстамайды,оған мына дәлел,әкесі өлген соң үш күн өткенсоң інісі Абдыгаппарды үйлдендірді,Туған әпкесінің Қасиеттің қызын інісі Абсаттардың баласына алып берді,өздері шешесінің туған інісінің қызын алып отыр,бұл адамдар қалай қазақтың дәстүрін ұстай алады,ал Абдыжаппар ауғанымтаннан өзіне қатын алды,Абдыжаппардың киген киімі қазақтың киімі емес,суретін көрің,қатындары,қыздары хиджаб киіп жүреді.Осы фактылерд біле тұра өкімет орындары оларға тиым салмайды,себебі оларды қолдайтын өкімет орнында адамдар бар,дәстүрлі емес дін тарқау үшін өкімет органдарында істейтін адамдар оларды қолдау керек,сонда ғана дәстүрлі емес дін кең жайылады.Сарыағаш медресесіне өкімет органдары бюджеттен ақша бөліп отыр,ал медрессе дәстүрлі емес дінді тарқатып жұр,оған дәлел медрессе директорыСманов Абдыгаппарды ютебтегі жаңа жыл бойынша айытқаны,оның айтуынша Жаңа жылды атап өткен пенде кәпір,қатыны үш талақ,сонда қалай Қазақстан Президенті Н.А.Назарбаевта сондай ма,ал өкімет органдары бұндай сөздерге қарамайды,яғни Сарыағаш медресесіндегі дәстүрлі емес дінді қолдайды.Осы мәселе бойынша облыстық прокурор Иманов мырзаның ойы қалай екен,немене шешемді Смановтар қажылыққа апарды деп шара қолданбайды ма екен,Корпорация Ордабасының иесі Идирисов Дінмухамет дәстүрлі емес дінді тарқататын медрессаеге светті тегін бере береді ма екен,облыстық прокурор Делеудің күйеубаласы,мүмкін бәрі бір шығар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *