Дәстүр дінге қарсы келеді ме?

Бұл сұрақ әсіресе жастарды көп мазалайтын секілді. Біршама уақыт болды Шымқалада теріс пиғылды ағымдардан зардап шеккен азаматтарға көмек беретін орталықта жұмыс істеп келемін. Жалпы әлгі жоғарыдағы сұрақты жеке кездесулерде жиі қойып отырамыз. Көпшілігі “иә, қарсы келеді» деген жауапты береді. Жастар дейтін себебім, деструктивті ағымдардан зардап шеккен азаматтардың жас ерекшеліктері 16-29 арасында болып жатады. Бұл өткен жылдардағы, яғни, біз кездескен азаматтардың арасындағы көрсеткіш. Мұны тек қана ОҚО бойынша деп айта алмаймын. 

Дәстүр дінге қарсы келеді ме?Өз басым дәстүр дінге қарсы келмейді деген ұстанымды қолдап әрі дәлелдеп бергім келеді. Әрине, дәстүрдің озығы бары да, тозығы бары да рас. Бұл ретте мен алдымен қазақ халқының беташар жасап, келіннің сәлем салуы жайында сөз қозғайын.

Теріс пиғылды ағымдардың жетегінде жүрген азаматтар келіннің сәлем салуын «ширк» (Аллаға серік қосу) деп санайды. Адам тек қана Жаратушыға иілуі керек, адамға иілу «харам», дұрыс емес деген пікірде. Иілу харам деп ислам дініндегі парыз етіп бекітілген құлшылық намаздағы еңкею «рукуғ» етумен теңейді.

Ислам дініндегі намаздың ішіндегі рукуғ етудің мынадай шарттары бар:

1. Еңкею 90 градус болуы шарт.

2. Екі қол еңкейгенде тізеде болу керек.

3. Және рукуғ еткенде «субхана роббиәл ъазим» деген дұға оқылады.

Осы жоғарыда келтірілген шарттар орындалмаса, ол рукуғ болып есептелмейді.

Ал енді қазақ халқының сәлем салу дәстүріне кезек берелік. Сәлем салуды сипаттап көрелік. «Еңкею 90 градус болсын» деген шарт жоқ. Екі қолдың да тізеде болуы шарт емес. Сонымен қатар, сәлем салар уақытта белгілі бір дұғаның оқылуы да міндетті емес. Демек, сәлем салу мен намаздағы еңкею бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Осы жерде сәлем қайдан шықты деген орынды сауал туындауы мүмкін. Бұл сұраққа жауапты біз тарихтан іздейміз. Сәлем салудың тарихына үңілеміз. Ата-бабамыз, Құдайға шүкір, дінсіз болмаған. Діндар әрі діни рәсімдерге құрметпен қараған. Діни қағидалар бойынша әйелдер ерлермен амандасуы және әдемі сыңғырлаған дауыстарын ерлердің алдында шығаруы ерсі. Ата-бабамыз «шариғат бойынша әйелдер, оның ішінде келіндер қол бермесе, даусын шығармаса амандасқанын қалай білеміз?» деген орынды уәж айта білген. Оның жауабы ретінде сәл ғана иілсін, осы келіннің амандасқаны деген халқымыздың пәтуасы шыққан. Ал сәл ғана еңкею шариғатқа еш қарсылық тудырмаған. Ол иілуді мұсылмандардың «әссәләму алайкум» деп амандасу сөзіндегі сәлем сөзін алып, сәлем салу деп атаған.

Өкінішке орай кешегі Кеңес үкіметі тұсында дәстүрімізден айырылып, тарихын ұмыта жаздадық. Осы себепті кейінгі жастарымыз сәлем салудың тарихына үңілмес бұрын асығыс шешім шығарып жатыр.

Дәстүрге байланыс-ты бұл көптеген мысалдардың бірі ғана еді. Бұдан басқа мысалға көшсек. Теріс пиғылды ағымдардың жетегінде жүрген азаматтар қазақ баласының үйінде көбінесе есіктің кіреберісінде жоғарыда ілініп тұратын адырас-панды да ширк санайды. «Адыраспанды бұлай ілуге болмайды, ол ешбір жамандықтан қорғамайды, керісінше Аллаға серік қосып күнәһар боламыз» деген біржақты пікірді ұстанады. Бұл ретте тағы да адыраспанның неліктен төрде емес, есіктің үстінде, кіреберісте ілініп тұратындығының тарихына үңілген жөн.

Өткен ғасырларда иіссу, дезодорант, хош иісті ауа тазалайтын заттар жоқ болатын. Ал қазақ халқы көшпенді әрі төрт түлік малмен күнелткен жандар. Бары да, нары да осы төрт түлік мал болды. Малдың қамын ойлап жайлауда, күзеуде, қыстауда өмір сүрді. Киіз үйде өмір сүрген соң кейде мал төлдеп, олардың кейбір төлдерін үйге кіргізетін. Әрі адамның да иісі бар. Барлығы қосылған уақытта әртүрлі иістің қосындысы пайда болады. Ондай жерде микробтардың жүруі де ғажап емес. Әжелеріміз жағымсыз иістерден әрі кейбір аурулардан құтылу үшін адыраспан түтеткен. Ісі біткен соң көз алдымда тұрсын, керек кезде іздеп жүрмейін әрі аяқ асты болмасын деп есіктің жанына, кіре беріске ілетін болған.

Заман өте келе адыраспанға деген мұқтаждық азайды. Дегенмен ады-распан өз орнында қалды.

Осы секілді «жағыңды таянба», «есікті керме», «үйге жүгірме», «суға түкірме», «нанды баспа», «адамды аттама» деген секілді мәдениет пен өркениетке толы салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды жоққа шығару, харам деп санау асыра сілтеу емей немене?

Әрбір ырымның, наным-сенімнің, әдет-ғұрыптың, салт-дәстүрдің өзіндік бір тарихы бар. Олардың ешбірі текке ойлап табылған еріккеннің ермегі не шатпағы емес.

Дәстүріміз дінге қарсы келмейді, керісінше қуаттайды. Жат елдің сарқыншақ, жамау-жыртықтарын жерден жеті қоян тапқандай мақтанып, жар салып, дін деген осы деп сандырақтағанша, өз тарихымызды, дәстүрімізді қастерлей білген жөн шығар.

Ұлықбек Алиакбарұлы,
дінтанушы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *