Дәрі-дәрмек бағасы тұрақтайды ма?

Естеріңізде болса, газетіміздің осы жылдың сәуір айындағы сандарында бағасы қымбаттамайтын 200 дәрі-дәрмек атауларының тізімі мен шекті бағасын жариялаған едік. Оған себеп, сол кезде денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың: қазір Қазақстан дәріханаларында 10 мыңнан астам дәрі түрі сатылып жатыр. Ал, бағасы шекті дәрілер тізіміне 200-і енгізіледі. Бұл 200-дің қатарында халық жиі қолданатын дәрілер болады, деген мәлімдемесі еді.

Дәрі-дәрмек  бағасы тұрақтайды ма?Одан бері арада екі тоқсан өткенін ескерсек, осы күнге дейін дәрілердің бағасында не өзгерді?

Еліміздің Статистика комитетінің дерегінше, қазан айында дәрі-дәрмек бағасы 9 пайызға қымбаттаған.

Ал, «Алматы» телеарнасы өткен айдың ортасында дәрі-дәрмек бағасы 45 пайызға өседі деп хабар таратқан болатын. Ондағы ақпаратқа сәйкес, бағаның қымбаттауына дәріхана қоймаларына жаңадан келіп түскен өнімдерге халықаралық валюталардың қазіргі бағамы бойынша жаңа баға белгіленеді.

Бұл туралы Алматы қаласы фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Зүрият Сыбанқұлова: «Көптеген дәрі-дәрмекті шет елден аламыз және оны доллармен сатып аламыз. Сондықтан әлбетте біз оларды қымбаттатуға мәжбүрміз. Бұрын алынған дәрілер әзірге ескі бағамен сатылуда. Бірақ, 1-2 аптада елімізге жаңадан дәрі-дәрмек келіп түседі. Олардың бағасы қымбат болады», деп мәлімдеме жасады.

Қауымдастық президентінің сөзін еліміздегі ірі фармацевтикалық компаниялардың бірінің бас менеджері Франк Хамалян да қолдады. Оның сөзінше, экономика тұрақтанбай, осы күйі қала берсе, дәрі-дәрмек құнын өсіруге мәжбүр болады.

Енді осы дәрі-дәрмек құны өсетіні туралы айтылғандардың қатарында жоғарыда айтылған 200 атаудың бағасы қалай болмақ?

Осы сұрақтың жауабын білу үшін қаламыздағы екі ірі дәріхана желісіндегі меморандумға енгізілген дәрілердің қатарындағы ең жиі пайдаланылатын 20 шақты препараттың бағасын білдік.

Байқағанымыздай, екі дәріхана желісінде де біз бағасын білмек болған кей дәрілердің бағасы меморандумға келісілген шектен қымбат. Мысалы, меморандум бойынша Ацетилсалицил қышқылы 0,5, №10-нің бағасы – 25 теңге деп көрсетілгенімен, екі дәріхананың бірінде 30 теңгеден, ал екіншісінде 50 теңгеден сатылып жатыр. Глюкоза қосылған валидол №10-ні 40 теңге деп белгіленсе, дәріханада 55 теңгеден саудалануда.

Енді бір дәрілердің бағасы меморандумда көрсетілген шектен төмен. Мысалы, меморандумда Кетанов 10 мг, №20-ні 340 теңге делінсе, дәріханалардың бірінде 330 теңгеден, ал Кетонал 50 мг, №25 -ті 945 теңгеден сатылымға шығарған. Келісілген баға 1060 теңге.

Қала дәріханаларындағы осы меморандумда қамтылған дәрілердің бағасына қатысты Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің ОҚО бойынша департаментінің директоры Ләззат Қашқымбаевамен әңгімелескен едік. Оның айтуынша, бүгінде біздің облысымызда дәрі-дәрмек сататын 2100 субъекті тіркелген. Олардың 62-сі мемлекеттік болса, қал-ғандары жекенің меншігіндегі дәріханалар.

– Ләззат Рсымбекқызы, меморандум түзілгеннен кейін, осы 200 атаудағы дәрілер бағасының өсуіне қатысты шағым түсті ме?

– Осы уақытқа дейін біздің департаментке 200 атаудағы дәрілердің бағасы өсуіне қатысты ешқандай шағым түскен жоқ. Бір дәріні өндіретін бірнеше фармкомпаниялар бар. Олардың бағалары да әртүрлі. Ал, меморандум бойыша дәріханалар сол өндірушілердің ең арзан баға ұсынатынымен келісімге отырады. Сондықтан меморандумдағы баға көтерілмеуі керек. Ал, қымбат затты біз тежей алмаймыз. Кіммен меморандумға тұрдық, сонымен ғана жұмыс істейміз. Бұл тізімге енген 200 дәрі атауының 32 пайызы «ХимФарм» АҚ-да жасалады.

– Өткен айда дәрі-дәрмек бағасы өсетініне қатысты түрлі мәлімдемелер жасалды. Жаңа жылдан кейін дәрінің бағасы өседі деген болжам бар ма?

– Қазір дәрілік заттардың бағасы аса көтеріле қойған жоқ. Өйткені, дәрі сатушылар жаз кезінде қыс маусымына қор жинайды. Сол қор біткен соң, олар жаңадан келісім жасайды. Ал, келісімшартты теңгемен емес, бәрібір доллармен, не еуромен түзеді. Сондықтан жаңа бағам бойынша келісімшарт түзілгеннен кейін, едәуір айырмашылық болады. Баға сонда көтерілуі мүмкін.

Бүгінде аталмыш департамент меморандум түзілгеннен кейін, барлық аудандарға барып, бағаны қадағалап отырады екен. Республика бойынша Оңтүстікте дәрі-дәрмек бағасы ең төмені болып отыр. Бұған дәріханалар санының көптігі себеп. Яғни, дәріханалар арасында бәсекелестік жоғары. Сондықтан да бағаны көп қоспайды.

Еске салсақ, осы жылдың 30 наурызында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен Фармацевтикалық қауымдастықтардың басшылары арасында дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы тауарлардың 200 атауларының бағасын ұстап тұру бойынша Меморандумға қол қойылған болатын. 2012 жылдан бері жасалып келе жатқан мұндай меморандумға 2016 жылы да қол қойылады деп күтілуде. Ол кезде меморандумда қамтылған дәрі-дәрмектердің тізіміне өзгеріс енгізілуі мүмкін. Өйткені, биыл қамтылған кей дәрілерге сұраныс мүлдем болмаған. Сондықтан да ондай дәрілерді сұранысқа ие түрлермен алмастырады. Ал, бағаның белгіленуіне келсек, онда баға саясатын сол кездегі нарық жағдайына тәуелді болады, – дейді сала мамандары.

Жәнібек НҰРЫШ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *