«Біздің мақсат – діни «иммунитетті» көтеру, халықтың көзін ашу»

2011 жылы 11 қазанда Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы қабылданғаннан кейін, облыста ОҚО ішкі саясат және дін істері басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығы» МКМ құрылған болатын. Орталық ашылғаннан бастап, облыста діни тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында тұрғындар мен мемлекеттік қызметшілер, студенттер, жастар арасында, жалпы қоғамның барлық әлеуметтік топтарымен бірлесіп профилактикалық түсіндірме жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп келеді. Осыған орай, біз орталық директорының орынбасары, дінтанушы Мәди Бесбаевтан күні бүгінге дейін атқарып отырған жұмыстары туралы сұрастырған болатынбыз.

дінтанушы Мәди Бесбаев

дінтанушы Мәди Бесбаев

– Біздің орталық Республикада ең бірінші болып құрылған мекеме. Басқа орталықтар кейіннен ашылып жатты. Орталықтың ерекшелігі, деструктивті ағымдағы зардап шеккен азаматтарға психологиялық, теологиялық және құқықтық көмек көрсетеді. Және өзге ағымға өтіп кеткен адамдармен де оңалту жұмыстарын жүргіземіз. Оларды оңалту кабинетіне шақырып, сол жерде біздің психологтарымыз, теолог дінтанушы мамандарымыз олармен әңгіме жүргізеді. Оны сенім телефоны арқылы да (36-54-49) жүзеге асырамыз және өзіміздің электронды поштамыз бар.

Жалпы, халық ағымдардың дұрыс емес екендігін білмесе, көзін жұмып жүре береді. Сондықтан, адамдарды ақпараттандырып отыру керек. Мені бір қуантатын нәрсе, халықпен кездесу барысында дәстүрлі емес діни ағымдарға деген текетіресі барын байқадым. Егер халық үндемесе, онда қорқу керек.

– Демек, сіздер халықпен кездесу барысында олардың өзге ағымдарға сақтықпен қарау керектігін ескертесіздер ғой…

– Иә, солай. Оларды күнделікті хабарландырып тұрмасаң білмейді. Ауылдық жерге барғанымызда бізде мұндай кездесулер бұрын өткізілмеген деп қуанғандары да болды. Сондықтан, ақпараттандыру бірінші кезекте. Әлі есімде, осындай бір кезекті кездесуде бір ақ жаулықты әжеміз: «Балам, бізге неге өзге ағымға еріп кеткендер жайлы айтып жатырсың? Бізде ондай бәлелер жоқ» дейді. Сосын мен: «Апа, жоқ болғаны бізге жақсы. Мәселен, балаңыз мектеп бітіргеннен кейін оны ауылда ұстап отыра алмайсыз, қалаға оқуға жібересіз. Сол кезде осындай ағымдарға кездессе не болады? Мәселе осында» деп түсіндірдік. Өйткені, жас бала өзге ағымдардың жетегінде жұтылып кетуі мүмкін. Ал, бұл ағымда бірінші кететін кім? Жастар. Біздің қоғамда ең әлсіз әлеуметтік буын ол — жастар. Сенгіш, еліктегіш. Себебі, аға буын өкілдерімен салыстырғанда жастар алдауға тез түседі. Үлкендердің көзін жеткізу қиындау. Ал жастар еліктеушілікпен, соқыр сеніммен кетеді. Яғни діни иммунитеті әлсіз. Біздің мақсат – сол діни «иммунитетті» көтеру, халықтың көзін ашу. Кездесу өткізгенде жүз адамның оны келсе де мен үшін пайда. Біз кездесуге құр қол бармаймыз, кітаптар таратамыз. Айтпағым, жұртшылық арасында ақпараттандыру, түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізіп отыру керек. Себебі, еліміз тек қана бейбітсүйгіш діндерді қолдайды, діни алауыздыққа жол бермейді. Ал бұл мәселенің бәрі діни сауатсыздықтан туындайды. Соның әсерінен көп жастарымыз кері ағымдарға соқыр сенімдермен кетіп жатыр. Бізде өмір сүріп жатқан барлық діндерге бейтарап немесе діни тағаттылық, толеранттылық танытып, құрметпен қарау біздің негізгі бағытымыз болып табылады. Бүгінде облыста 11 конфессия өкілі өмір сүреді, Соның ішінде ең көбі Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының қарамағында 786-ға жуық мешіт бар.

– Жаңа бір сөзіңізде, орталықтың ерекшелігі оңалту жұмыстарында екенін айтып өттіңіз. Ол қалай жүріп жатыр?

– Жалпы, оңалту кабинетіне келгендер санын айта алмаймын, бірақ ол азаматтармен сенім телефоны арқылы немесе қала, аудандардың ішкі саясат бөлімдерінде сондай азаматтардың тізімі бойынша орталықтан маман бекітілген. Ол маман барып, онымен әңгіме жүргізіп, бағытын анықтауға тырысады. Мысалы, салафи ма, Таблиғи-жамағат па, «Хизб-ут-Тахрир» ме дегендей. Соның ішінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, өзге ағымдарға кетіп қалған адамдарды дәстүрлі Ханафи мазхабына бейімдейді. Яғни біздің Қазақстан халқының басым көпшілігінің ұстанатын діні – Ислам. Оның ішінде суниттік бағыт, Имам Ағзам немесе Абу Ханифа мазхабы. Ал енді мұндағы мәселе неде? Ол осы Абу Ханифа мазхабын мойындамай, яғни араб елінен ілім алып келген немесе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдарын, ұстаздарын тыңдамай, әлеуметтік желі арқылы өзге ағымның ұстаздарын, шейхтарын тыңдау нәтижесінде адасушылыққа кетіп қалуда. Біздің мақсат – соларды ол ағымдардан бері қарай қайтару. Қазіргі таңда қайтарылып жатқан азаматтардың саны бар. Бұларға біз психологиялық, теологиялық көмек пен құқықтық жағынан қайсысы заңды, қайсысына тыйым салынған, қандай діни әдебиетке тыйым салынбағанын түсіндіреміз. Теолог мамандар олардың бағытының дұрыс емес екендігін, Абу Ханифа мазхабының дұрыс екендігін дәлелдермен көрсетеді. Неге? Өйткені, қазіргі таңда дінтанушылардың ішінде Құранды жатқа білетін мамандар бар. Соларды пайдаланамыз. Олар «мына аятта былай көрсетілген, мына хадисте былай айтылған» деген сияқты дәлелдерді келтіре алатын білікті мамандар. Себебі, оңалтуда оңай шаруа емес. Өйткені, ол азамат бір кездескеннен сізге ашылмайды, сенімсіздікпен қарайды. Тез қайтатындай қызыл алманы былай қойып, сары алманы былай орнына қою салатын дүние емес. Ол ұзақ процесс. Революциялық емес, эволюциялық жолмен қайтарамыз. Азамат адасушылықпен барды. Демек, онда әлі де таңдау бар. Негізі, өзге ағымға бай азаматтарды және көшбасшылық қасиетке ие, сөзге шешен сондай-ақ спортта жетістігі бар адамдарды, ақындарды, жұлдыздарды тартуға тырысады. Себебі, олардың жүріс-тұрысы жастарға идеал. Соңғы кезекте ғана әлеуметтік жағдайы төмендерді тартуда. Шынайы дінде әлеуметтік жағдайы төмен адамдар бірінші орында тұрады. Ал бұларда керісінше. Бұлар дін емес, құрылым ғой. Бұлардың көп болуы, бөлшектеніп бөлінуі алпауыт мемлекеттерге ыңғайлы дүние. Өйткені, ол сол ағымдарды кіргізіп қояды да бір-бірімен айқасып, алысып жатқанда соғыс бастап, жаулап алады.

– Теріс ағымдардың жетегінде кеткендер «Ислам мемлекетін» құрамыз деп соғысқа аттанып жатыр. Олардың әрекетін маман ретінде талдап өтсеңіз…

– Жалпы, мынау араб елдерінде болып жатқан оқиғалар мен саяси ойындарға біздің азаматтар да қатысуда. Қатысқанда да олар адасушылықпен барғандар. Екіншіден, дәстүрлі емес ағымдар ол христиандық болсын, исламдық болсын көбінесе адамдарды өзіне тартуда психологиялық әдіс-тәсілдерді пайдаланады. Яғни мықты арбаушылар гипноз тәсілімен «сен жәннатқа барасың, нағыз мұсылман біздерміз, олар адасушылар» деп әбден санасына құйып дайындайды. Әрі әлеуметтік желілер арқылы да тартады. Сөйтіп, қияли «жаннатқа түсемін» немесе «мен Ислам халифатында өмір сүремін, нағыз шариғат жолымен жүремін» деп адасып сол жаққа барып, нәтижесінде опық жеп жатқандар қаншама. Ал, шын мәнінде ИШИМ (Ирак Шам Ислам мемлекеті) атаумен құрылған әлем мойындамайтын өзінше бір мемлекет. Бұлардың ұстанымы шынайы исламға қайшы. Неге десеңіз, бұлардың жолымен жүрмеген адамдарды қыру керек, жою керек деген қағиданы ұстанады. Ал Ислам сөзінің мағынасының өзі бейбітшілік. Ал бұлар керісінше дінді құбыжық қылып көрсеткісі келеді. Бұл ұйымның артында үлкен алпауыт мемлекеттер жатыр. Бұл жерде — дінмен күресу саясаты ұстанған. Жаңағы керағар дәстүрлі емес діни ағымдар да дін емес, олар саяси немесе коммерциялық ұйымдар. Дінді саяси құралы ретінде пайдаланып, дін арқылы байығысы келетіндер. Оларда Отан, дәстүр, ұлт деген ұғым жоқ. Зомби болды, бітті. Ислам атын жамылған болсын, христиан болсын зомбиланған адамның үстіне жарылғыш заттарды асып, жарылыс ұйымдастырады. Оларды керемет пайдаланады. Дін деген өте нәзік мәселе. Дінін сату – ол ұлттық болмысынан ажырау.

– Жалпы, бұл мәселеде Орталық Азияда Қазақстан ғана зардап шегіп отыр ма?

– Бұл жалғыз бізде ғана емес. Кеңес одағының құрамында болған Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан деген мемлекеттердің бәрінде бұл проблема бар. Тіпті, Ресейдің құрамындағы көптеген автономды мемлекеттер Татарстан, Башқұртстан, Шешенстан, Дағыстан деген елдердің барлығында осы мәселе ушығып тұр. Оған себеп, бізде кезінде діни тоқырау болды.

– Осындай келесіздіктердің алдын алатын орталықта дінтанушы мамандар жеткілікті ме?

– Өзіңіз ойлаңыз, орталықтағы 17 дінтанушы облыс көлеміне аздық қылады. Бірақ бұл жағдайда Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы бар ғой. Мешіттің имамдарын да осы біздің үгіт-насихат жұмыстарына, оңалту жұмыстарына тартамыз. Одан бөлек, теолог мамандар бар. Қала берді жоғары оқу орындарында жұмыс істейтін және республикалық деңгейдегі теолог, дін ғалымдарын шақырып, ішінара жиі кездесулер өткізіп отырамыз. Ол да бір жаңалық. Биыл біз Нұр-Мүбәрак ислам мәдениет университетінің бір топ ұстаздарын шақырып, семинар-тренинг өткіздік. Оған дінтанушы мамандарды, дін мәселесімен айналысатын ішкі саясат бөлімінің мамандарын, дінтану пәнінен сабақ беретін мұғалімдерді жинап, бір күндік семинар өткіздік. Басты мақсат- оларға да мәліметтер беру. Яғни біз бұл жерде педагог кадрлардың білімін жетілдіру үшін қайта даярлайтын «Өрлеу» институтында дінтану пәнін жүргізетін мұғалімдерге де дәрістерімізді жүргізіп тұрамыз. Көмекші құралдарымызды ұсынамыз. Бұл пән мектептерде 9-шы сыныптарда жүргізіледі. Соларға да көмек беріп отырамыз. Курсқа келген мұғалімдерге сабақ оқимыз. Күні бүгінге дейін қалада 15 рет, аудандарда 45 рет семинар-кеңес өткіздік. Ол жерде деструктивті ағымдардан зардап шеккен азаматтарға көмектесетін кеңестер бердік. Сертификаттар тапсырдық.

– Орталықтың мешіттермен, имамдармен байланысы қалай?

– Мешіттер мен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы — ол қоғамдық ұйымдар. Біз мемлекеттік мекемеміз. Мемлекетіміздің ұстанымы былай. Дін мемлекеттен бөлек, мемлекет дін ісіне, дін мемлекет ісіне араласпайды. Бірақ, сонда да осы кереағар ағымдардың іс-әрекетіне тосқауыл қою үшін дәстүрлі дін өкілдерімен байланыста боламыз. Өйткені, мәселе кімдерден туындап отыр? Дәстүрлі емес діни ұйымдардан туып отыр. Сондықтан, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының имамдарымен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Мәселен, түзеу мекемесінде тек қана өзіміздің мамандарды ғана емес, имамдарды да тартамыз.

– Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізге ағылып келген түрлі діндермен күресеміз деп ойлаған жоқ едік. Ислам дінінің ішінен жік шығып, қауіп келеді деп ешкім де күтпеген-тін…

– Иә, оныңыз рас, ешкім де ойламады. Бұл жерде проблема мынада болды ғой. Біз Тәуелсіздік алдық, ата дінімізге оралдық деп мәз болдық. Балаларымызды араб елдеріне оқуға жібердік. Араб елдері мен Пәкістан еліне барып сол жақтағы дұрыс емес бағыттардан үйреніп келді де, біздің ата-бабаларымыз ұстанған бағытты дұрыс емес екен деп шықты. Мәселе сол жерден басталды. Және де біз діни тұрғыдан жетпіс жыл бойы кеңес одағының тұсында болдық. Атеизм деген ұранмен тәрбиелендік. Ол кезде мұндай ведомства да, мұндай орталық та, маман да, мұндай проблемаға душар боламыз деп ойлаған да жоқпыз. Ал олар біздің рухани кеңістігіміздің бостығын пайдаланып, кіріп кетті. Міне соның нәтижесі қазіргі таңда жемісін беріп отыр. Бірақ, мемлекет бұл мәселеге алаңдаулы болғандықтан дін мәселесін қолға алып отыр. 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылданғаннан кейін дін мәселесінде біраз нәрселерді реттеу қолға алынды. Қазіргі жасалып жатқан іс-шаралардың барлығы осы заң аясында болып жатыр. Бұрын да заң бар еді, бірақ ол заң 1992 жылы қабылданды. Ол кезде кейбір мәселелерге жіті мән бере алмадық. Жаңа заңның аясында ведомства құрылып, әр облыста дін басқармасы ішкі саясат құрамында жұмыс істеуде. Дінтанушы мамандарды жинап жатыр. ҚазМУ, ХҚТУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Е.Бөкетов атындағы ҚМУ грант негізінде дінтану мамандықтарын дайындайды. Сол жақтан шыққан мамандар осындай орталықтарда, мемлекеттік қызметте немесе ЖОО-да өзінің қызметтерін атқарып жатыр. Бұл үрдіс жалғаса беретін болса бізде діни мәселеде проблема болмайтын шығар деп ойлаймын.

Әңгімелескен – Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *