«Біздің мақсат — алтын медаль»

Ордабасы2

Қазақстан Премьер лига командалары арасындағы ел чемпионаты басталды. Ордабасылықтар да бұл додаға сақадай сай. Өткен жылмен салыстырғанда команда құрамы біршама өзгерген. Клуб Президенті Юрий Бондаренко болса, құраманы қазақстандық маман Бақтияр Байсеитов жаттықтыруда. Жерлестеріміз Түркияда екі оқу жаттығу жиынын өткізді. 13 наурызда еліміздің бес дүркін чемпионы «Ақтөбемен» ойнап, 3:1 есебімен басып түскен ордабасылықтар алғашқы үш ұпайына да қолын жеткізді.

2016 жылы команда құрамын толықтырғандар

Алмат Бекбаев, футболдағы жолын Шымкентте бастаған. Алғашында «Достық», «Яссы-Сайрам» клубында тәжірибе жинақтап, кейіннен Оралдың «Ақжайық» және қызылордалық «Қайсар»-дың намысын қорғаған. Алайда, 2008 жылы ордабасылықтардың қатарын толықтырып, оңтүстікте 5 жыл шеберлігін шыңдады. 2014 жылы «Тобылға», көп ұзамай «Ақтөбе» командасына ауысады. Нәтижесінде, араға екі жыл тастап, Шымкентке қайта оралды.
Фархадбек Ирисметов, Оңтүстіктің тумасы. Футболдағы тәжірибесін ресейлік «Торпедо» командасымен бірге бастаған. Кейіннен елге оралып, павлодарлық «Ертіс» сапында 2 рет Қазақстан чемпионы атанды. «Қайрат», «Тобыл»,»Сұңқар», «Қайсар» клубтарында ойнады. Биыл ол «Ордабасы»-ның сапынан қайта көрініп отыр.
Абдулайе Диакате, сенегалдық хавбек шымкенттіктерге 2014 жылдан бері белгілі. Осыдан екі жыл алдын оңтүстіктің сапында 31 матч өткізіп, 2 рет қарсылас қақпасын бағындырды. Диакате Қазақстанға келмес алдын «Карталспор» (Түркия), «Сакарьяспор» (Түркия), «Ризеспор» (Түркия) командаларында ойнаған. «Ордабасыдан» бөлек «Тараз» және «Атырауда» шеберлігін шыңдаған.
Доминик Чатто, нигериялық хавбектің жасы 30-да. Тәжірибелі ойыншы осыған дейін Финляндияның «Интер»/Турку/, Швецияның «Хеккен» және Норвегияның «Буде/Глимт» командаларында ойнаған. Чатто 20 жасында-ақ «Блэкберн» командасымен жаттыққан футболшы. Сол кезден бері еуропаның бірқатар клубтарында ептілігімен көзге түсіп жүрген ойыншы.
Филип Касалица, 27 жасар черногориялық легионер шымкенттіктермен жыл соңына дейін келісімшартқа қол қойған. Филип «Ордабасыға» дейін хорватиялық «Истра 1961» командасында 14 матч өткізіп, өкініштісі, қарсылас қақпасын бір ретте бағындыра алмапты. Сондай-ақ, оңтүстіккореялық «Ульсан Хендай Хоранг», сербиялық «Црвена Звезда» және «Слобода Ужице», «Хайдук кула» сапында болған. Черногория құрамасында 2011 жылдан бері шақырылып келеді. 11 матч өткізіп, 2 рет гол соққан.
Маусым басталуына санаулы күндер қалғанда облыс әкімі Бейбіт «Ордабасы» командасының ойыншыларымен кездесіп, жаңа маусымға сәттілік тіледі. Облыс басшысы құрамаға алынған аяқ доп шеберлерінің әрқайсысымен жақын танысып, бас бапкермен бірге олардың мүмкіндіктерін саралады. Футбол төңірегіндегі бірқатар мәселелерге кеңінен тоқталды. Бейбіт Бәкірұлы талай жылдан бері басты проблемаға айналып кеткен Қажымұқан атындағы орталық стадионның жарықтандыру жүйелерінің толық шешілетінін мәлімдеді.

Бактияр Байсеитов

Бақтияр Байсеитов

Бақтияр Байсеитов,
«Ордабасы» ФК бас бапкері:
«Жуырда біз облыс әкімімен кездестік. Бейбіт Бәкірұлы бізден «Қай орынға таласпақ ойдасыңдар»- деп сұрады. «Біздің мақсат — алтын медаль»

Алғашқы ұпай

Премьер лига командалары арасындағы ел чемпионатының алғашқы тур ойыны Шымкентте өтті. Жерлестеріміз «Ақтөбемен» кездесті. Ойынның алғашқы минутынан бастап-ақ ордабасылықтар ойын тізгінін қолға алды. Нәтижесінде, матчтың 34-ші минутында қонақтар қақпасына қарсы 11 метрлік айып добы белгіленді. Оны Азат Нұрғалиев шеберлікпен орындады. Азат биылдан бастап «Ордабасы»-ның капитаны болып тағайындалды. Араға он минутты тастап, Эдин Юнузович есепті еселеді.
Күннің жаңбырлы болғанына қарамастан трибуналар жанкүйерге лық толды. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов пен қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымов та ордабасылықтарға жанкүйер болды. Жаңбырмен арпалыса ала допты қуалаған Оңтүстік ойыншылары үмітті ақтады. Ақтөбеліктер де гол соғуға мүмкіндік алды. Ордабасының қақпасына 13 метрлік қашықтықтан айып соққы белгіленсе де қонақтар есепті өзгерте алмады. Оның үстіне «Ақтөбе» командасының құрамы 70 пайызға өзгергені байқалады. Самат Смақов бастаған топтың басым бөлігі — жастар. Матчтың екінші жартысы жерлестеріміз үшін сәтті болды. Азат дубль орындады. Ақтөбеліктер де шабуылға көшіп, бір голдың авторы атанды. Алайда, таразы басын теңестіруге ептілігі жетпеді. Есеп 3:1.
Ордабасының бас бапкері Бақтияр Байсеитов әзірге уәдесін орындап отыр. Жерлестеріміз ел чемпионатындағы алғашқы үш ұпайына қол жеткізіп, турнир кестесінің көшін бастады.
Ал жанкүйерлер келесі ойында жаңбыр жаумаса деген үмітте. Өйткені, ауа-райы өзгере қалса, орталық стадионда үш мыңға жуық жанкүйер жаңбырдан тығылатын баспана таппай қиналады.

Азат Нургалиев

Азат Нұрғалиев

Азат Нұрғалиев,

«Ордабасы» ФК капитаны:
— «Ақтөбеліктердің құрамы өзгергені байқалады. Дегенмен, жақсы ойын көрсетті деп ойлаймын. Алайда, сәттілік бүгін біздің жағымызда болды. Өз алаңымызда өткен ойында жеңіске жету қажет деп ойлаймын. Жанкүйерлерге алғысым шексіз.»

Дайындаған — Сарбиназ Алдабергенова

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *