Біреуге қайғы, біреуге бақ әкелген картина

Сталин және Геля мүсіні оқу орындарында
Талай жазықсыз жанды итжеккенге айдатып, қаншама әйелді жесір, баланы жетім еткен Сталин жендеттерінің іс-әрекеті аянышты еді. Мұндай ғазабат оқиғалардың куәсін Түркістан топырағы да көрді. Алыс-жақын шетелдерден жер аударылып пана іздеп келгендердің ақ-қарасын ажырату мүмкін болмады. Олардың арасында жалғыз басты аналар мен балалар да болды. Солардың бірі Сталинмен фотосуретке түсіп, КСРО мемлекеттеріне танылып, жарық жұлдыздай қайта ғайып болған Геля Маркизова еді. 

Сталин 1936 жылы Кремльде Бурятиядан келген бір топ делегацияны қабылдайды. Бурятияның жер жөніндегі халық комиссары Ардан Маркизов бес жасар қызын Сталинмен кездесуге ерте келеді. Жоспар бойынша кіп-кішкентай қыз Сталинге гүл сыйлап бурят халқының балалары атынан рахмет айтуы тиіс болатын. Қаршадай қыз өзіне берілген тапсырманы бұлжытпай орындап үстел үстіне шығып Сталиннің бетінен сүйеді. Сталин кішкентай қызды қолына алып өзінің балаға деген ыстық лебізін айтып сыйға не қалайтынын сұрайды. Геля сағат пен патефон беруін өтінеді. Сталин Молотовтың қолындағы қызыл қораптан алтын сағат және алтын алқаны (браслет) алып береді. Патефонда: Ұлы партия көсемі И.В. Сталиннен Геля Маркизоваға 27.01.1936 ж. деген жазу бар. Бұған қоса дәл осындай жазу белгісі бар естелік медалін де ұсынады. Осы сәтті байқап тұрған тілші-фотографтар бірінен соң бірі фотоға шарт-шұрт етіп түсіріп үлгереді. Осыдан үлкен бір әке мен қыздың арасындағы композициялық қойылымды байқаған «Правда» газетінің редакторы Лев Мехлис бұдан біз «КСРО елі балаларының бақытты символын жасап шығарайық» деген ой түйеді. Сол күннің ертесіне-ақ, «Правда», «Известия», «Огонек» сынды газет-журналдардың алғашқы беттеріне «Спасибо товарищу Сталину за наше счастливое детство» деген тақырыппен суреттер басылып, мақалалар жарыса жазылды.

Сталин және Геля мүсіні

Сталин және Геля

Сталин және Геля

Осы жылы мүсінші Георгий Лавров бес метрлік «Сталин және Геля» (Жолдас Сталинге рахмет балалық шақтың бақыты үшін) атты мүсінін жасап шықты. Сталин мен Геляның картинасы балалар мейрамдарында, пионерлер лагерлерінде, мектептерде, балабақшаларда т.б. газет-журнал беттерінде көп ілінді. Фотосурет плакат түрінде де басылып, открыткаларда (суретхаттарда) және мақтау қағаздарында, конфет қорапшаларының сыртқы беттерінде басты жарнама ретінде жарияланды. Әп-сәтте жұлдызы жанған кішкентай қызды бүкіл Бурят халқы танып аузынан тастамай айтып жүрді. Тіпті, сол кездері КСРО балаларының шаш қою үлгісі де Сталин мен Геля атты картина бейнесінен алынды. Бірақ, тым ерте оянған бақыт құсының, тым ерте ұшарын да кішкентай қыз сезбеді.
Ауыл шаруашылығында атқарған еңбегі үшін «Қызыл ту» орденімен көсемнің өзінің қолымен марапатталған әкесі Ардан Маркизов 1937 жылы өлген 40 мың малға жауапты ретінде және Жапон тыңшысы деген жалған айыптар тағылып, қамауға алынды.
Талас Омарбеков ағамыздың «Қазақстан тарихының ХХ ғ. өзекті мәселелері» атты еңбегіндегі бар дерекке сүйенсек: «Жапон-герман фашизмі асырандылары» деген сипаттама алған бұл сот процестерінде айыпталушылардың өздері төмендегідей қылмыстарды мойындапты. Олар саналы түрде колхоздарды таратқан, ал адамдарға қарсы қастандықтар ұйымдастырып, оларды тұтқындаған, ұрып-соққан. Колхоздардың мал фермаларын таратып, олардағы малдарды жекешелерге үлестірген. Дамудың капиталистік жолына түсуге шақырған. Егіншілікті күйреткен. Әлі піспеген көк бидайды жинауды бұйырған. Колхоз малдарына жұқпалы ауруларды әдейі жұқтырған. Мемлекетке астық тапсыруды болдырмау үшін жолдарды бүлдіріп, көпірлерді қиратқан. Егістікке әдейі су қаптатқан немесе су бермей оны күйдіріп жіберген. Жиналған жем-шөпті қасақана жаңбыр астына қалдырып шіріткен, колхоздың қоңды малына жем-шөпті бергіздірмей қойған. Сонымен қатар, олар колхозшылардан материалдық көмектер жинап, қасақана оларды қанаған». Осынау ішкі істер органдары ойдан шығарған «жантүгершілік қылмыстар» сот процестерінде «нақты деректермен» бекітілгендіктен «халық жауы» атанып қамалғандардың ақталып шығуы қиын болды.

Сталинге хат

Сталин және Мамлакат

Сталин және Мамлакат

Геля шешесі Доминиканың айтуымен Сталинге хат жазды. Оның алдында өзінің болғанын, әкесінің нағыз коммунист екенін, елге тигізген еңбегі үшін өзінің (Сталин) тарапынан «Қызыл ту» орденімен марапатталғанын, жазықсыз айдалып кетіп бара жатқанын тілге тиек етті. Алайда, өкініштісі сол кеткен хаттан қайта хабар келмеді. Көп ұзамай-ақ, әкесі Ардан Маркизов Бурятия елінің басында жүрген бір топ мемлекет қайраткерлерімен қатар 1938 жылы 14 маусымда ату жазасына кесілді. Құртақандай кішкентай қыздың тағдыры өзгеріп сала берді. Ұлы көсеммен түскен фотосурет «халық жауының» қызымен түскен өрескел қателік деп танылып, қоғамдық жерлерге қойылған мүсіндердегі, картиналардағы Геля есімі алдырылып тасталып, орнына Сталин және Мамлакат деп ауыстырылды және терең идеологиялық тұрғыда картинадағы қызды Мамлакат деп сендірілді.
Мамлакат Нахангова – тәжік қызы, мақташы, әрі стахановшылар қозғалысының белсенді мүшесі 1935 жылы 11 жасында Сталинмен фотосуретке түсіп пионерлер арасында алғаш Ленин орденімен марапатталған, Гелядан 5-6 жас үлкен болатын. Антропологиялық жағынан түр-кескіні монғол нәсілдес болғандықтан Геляға ұқсайтын. Сондықтан КСРО халқының көбісі қос қызды ажырата алмайтын-ды Әкесі Ардан Маркизов атылған соң артынша шешесі Доминика да «халық жауының әйелі» ретінде қамауға алынды. Бірақ, көп ұзамай Геля анасымен қайта қауышты.
КСРО-ның солшыл саясатын ұстанған белсенді жендеттері ақыры жесір мен жетімді кіші бауырымен қосып Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласына жер аударды. Оларды мұнда қазақтар, өзбектер, бұқарлық еврейлер күтіп алып, көмек қолын созды. Геля Түркістанға өзімен бірге Сталин сыйға тартқан сағат пен патефонды ала келді. Кейін, ол тілшілерге берген естеліктерінің бірінде (1995 жылы): Менің тағдырымды кім қызықтырған, сол кездегі анам екеуміздің жер аударылғанымыз әйтеуір аман қалуымыздың бір жолы болды, деп айтқан екен.

Берияның бұйрығы: Көзін жойыңдар!

Түркістан қаласына келген соң олардың басына төнген қара бұлт сейілмеді. Мұнда НКВД-нің тергеу бөлімі (әлі күнге дейін сақтаулы) қайта-қайта апта сайын шешесі Доминиканы шақырып күйеуі Ардан Маркизовтың тағдыры жайлы сұрақтар астына алды, Доминика оларға күйеуінің «10 жылға тіркеусіз жер аударылып кеткен» деген жауабынан танбады. Себебі, «халық жауы» болып атылып кетті, деп айтудың өзі сол заманда қорқынышты болатын. Доминика Түркістандағы «Қалалық жасөспірімдер емханасында» дәрігер болып істеді. Жер аударылып келгеннен кейін 2 жылдан соң 32 жасында емханада түнгі кезекшілік жұмысында жүрген сәтте кенеттен қайтыс болды. Дерек бойынша оның у ішіп өлгені жайында айтылса, енді бір болжам бойынша тамағын пышақпен орып жіберген, деген дәйек келтіріледі. Қалай болғанда да, Түркістан НКВД-ның тергеу бөлімі қылмыстық оқиғаға байланысты жұмыс істемеген. Мұны Геля (Энгельсина) бертін келе Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі мұрағатынан біледі. Онда Түркістан аудандық НКВД басшысы сол кездегі КСРО-ның ішкі істер халық комиссары Берияға хат жолдаған. Хатта: мұнда Сталиннен сыйлық алған, Ұлы көсеммен бірнеше мәрте суретке түсіп, оны әлі сақтап келе жатқан, жер аударылып келген қыз бен оның жесір анасы тұратыны жайлы ақпарат беріп, астына: не істеу керек, деген сұрақ белгісін қояды. Хаттың үстіңгі жағына қара қарандашпен «көзін жойыңдар» деп жауап жазылған екен. Осыған қарап Геля анасының өз-өзіне қол жұмсамағанын, оның қолдан қасақана өлтірілгенін анықтайды.
Анасы өлгеннен соң Геля інісі екеуі барар жер, басар тауы қалмай Түркістандағы жетімдер үйін паналайды. Жазушы Сергей Цыркунның айтуынша, Геля «НКВД-ның халық жауы балаларын қабылдайтын арнайы орталыққа» түскен.

Жаңа есім, жаңа фамилия

1941 жылы шешесінің сіңлісі келіп, қос жетімді Мәскеу қаласына алып кетеді. Онда асырап алған әпкесі қыздың аты-жөнін Энгельсина Сергейқызы Дорбеева деп өзгертеді (әпкесінің күйеуінің фамилиясы). Жаңа есім, жаңа фамилиямен алғаш осында (Мәскеу қаласында) Энгельсина (Геля) мектеп табалдырығын аттайды. Ол оқып жүрген кезде оқу орнынан әрдайым өзінің Сталинмен түскен картина, мүсінін көріп жүретін. Бірақ, ол көпке дейін оны ешкімге айтпай, жасырып келді.
Дорбеева Мәскеу мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түсіп Шығыстану мамандығы бойынша білім алды. Бір қызығы ол осында Сталиннің Светлана есімді сүйікті қызымен қатар оқыды. Олар бір-бірін жақсы таныды, бірақ жақын араласуға әрекет жасамады. Себебі, олар өздерін кімдердің қыздары екенін жақсы білді. Энгельсина университетті бітіріп, мектепте және жоғары оқу орынында мұғалім қызметін атқарды. Кейін, Кеңес үкіметінің Шығыстанушысы, Үндітанушы Эрик Наумовұлы Комаровқа тұрмысқа шығады. Одан Лола есімді қыз дүниеге келеді.
1960 жылы Энгельсина екінші рет шығыстанушы ғалым Марат Чешковқа тұрмысқа шығып, 40 жыл отасады. Бұдан Алексей есімді ұл қалады. Шығыстану институтында жұмыс істеп жүріп тарих ғылымдарының докторлығын сәтті қорғап шығады. Ұзақ жылдар бойы тарих қателігі болып саналған картинасын қайта қалпына келтіруге әрекет жасап Мамлакат Наханговаға хабарласады. Бірақ, жас шамасы үлкен Мамлакат бұған назар аудармайды. Сол баяғы картинадан соң өмірі түбегейлі жақсы жағынан өзгерген тәжік қызы АҚШ-та оқып филология ғылымдарының кандидаты атағын алып, Душанбеде педагогикалық институтта шәкірттерге сабақ береді.
Бұрынғы Артек балалар лагері, демалыс орынында бірге болған құрбысы Гуля Корелева өзінің естеліктерінің бірінде «Мамлакаттың өмірі мәнді және оның жолы болғаны» жайында жазыпты.
2004 ж. Беларусь кинорежиссері Анатолий Алай Энгельсина Чешкованы (Геля Маркизова) тауып 10 минуттық сұхбат алып, болашақта көлемді деректі фильм түсіру мәселесін қозғайды.
Осыдан соң фильм алдында демалып, тынығуға Түркияға сапар шеккен Геля Анталияда саяхатта жүріп жүрек талмасынан дүние салады. Осылайша, ақиқатты аңсап өткен үміт арманы орындалмай картинадағы тарихи шындықтың құпия сырын өзімен бірге ала кетеді.

Қайрат Мұсабаев,
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік
тарихи-мәдени қорық мұражайының қызметкері

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *