Бір баланы бірнеше балабақшаға орналастырған

Өңірдегі әлеуметтік-экономикалық салада заң бұзушылықтар азаймай отыр. Облыстық прокуратура мамандары аталған салаға жыл басынан бері 935 тексеру жүргізген. Нәтижесінде 4515 заң бұзушылықты анықтаған. 1753-іне прокурорлық ықпал ету шаралары қолданылып, 182 мыңнан астам азаматтың құқықтары, оның ішінде 11 мыңнан астам азаматтың конституциялық құқықтары қалпына келтірілген. Ал, 5 мыңға жуық тұлға түрлі жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы облыстық прокуратурада өткен баспасөз мәслихатында Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасының бастығы Рүстем Дүйсенбаев мәлімдеді.
Басқарма бастығының сөзінше, биыл прокуратураның ықпалымен мемлекет пайдасына 2,1 млрд. қаржы өндіріліп, мемлекетке 1,9 млрд. теңгені құрайтын мүлік қайтарылған, 73 млн теңге әкімшілік айыппұлдар өндірілген.

Аталған салаға жүргізілген тексерісте жұмыспен қамту мәселесінде, мүгедектердің мемлекеттен берілетін қажетті құралдарымен қамтамасыз етілуінде, балалардың құқығының бұзылуы және Ұлттық қордан бөлінетін қаржының талан-таражға салынғаны анықталған. Мәселен, «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы бағдарламасының орындалу тиімділігіне жүргізілген тексерулер нәтижесімен, бағдарлама аясында кәсіпкерлікпен айналысуға 7 кәсіпкерге берілген 20 млн теңгеге жуық несие мақсатсыз жұмсалғаны белгілі болған. Сондай-ақ, 60 адам әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар тәжірибесіне жалған жұмысқа орналасып, мемлекеттік бюджетке 8 млн теңгеден аса залал келтірілген.

Мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекет тарапынан берілетін қажетті құрал-жабдықтардың сапасыз екендігін айтып дабыл қаққан болатын. Осы тарапта, облыстың бас прокуроры мүгедектермен арнайы кездесіп, жанайқайына құлақ түргенді. Нәтижесінде 798 мүгедек пен 28 қарттың құқықтары қалпына келтірілген.

Мүгедектердің қажеттіліктеріне қол жеткізуде облыс прокуроры, облыс әкімі, кәсіпкерлер палатасы, мәслихат депутаттары және кәсіпкерлерінің қатысуында мүгедектерде арналған акциясы өткізілген.

Нәтижесінде 88 мүгедекке 11 млн теңге көлемінде қайырымдылық көрсетіліп, оларға билейтін спорттық және электронды қол арбалар, спорттық жабдықтар берілген.

Прокуратура саласы мамандарының араласуымен балабақшаларда балалардың ақшасына «ортақтасқандардың» да ісіне нүкте қойылды.

— 7615 жасөспірімнің құқықтары қорғалып, соның ішінде прокурорлық шара негізінде мектепке дейінгі мекемелерде 2-3 жастағы тәрбиеленушілердің тамағының төлемақысын негізсіз көтеруге жол беру дерегі бойынша Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысы бұзылып, нәтижесінде 1800 баланың құқықтары қорғалды. Мектепке дейінгі мекемелерде мемлекеттік білім тапсырыстарын орналастыру барысында бюджет қаржысының жұмсалу заңдылығына жүргізілген тексеру нәтижесімен бір баланың бірнеше балабақшада болып, оларды ұстау мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылғаны анықталып, нәтижесінде 4,5 млн теңге бюджет қаржысын талан-таражға салу дерегі бойынша 10 құжат СДТТБТ-не тіркелген, деді Рүстем Дүйсенбаев.

Ұлттық Қордың қаржыларын жұмсалу заңдылығына жүргізілген талдау нәтижесімен құрал-жабдықтарды 10 еселенген қымбат бағамен сатып алу үшін оффшорлық аймаққа аударылып жіберу дерегі бойынша мемлекет пайдасына 241,5 млн теңге Ұлттық Қордың қаржысы қайтарылған.

ОҚО ІІД-нің тіркеу бөлімшесінде жүргізілген тексеру нәтижесінде 20 мыңнан астам түрлі мемлекеттік баж, салық және салымдарды төлегендігі жөнінде жалған түбіртектер (жалпы 175 млн теңге сомаға), негізсіз 41 автокөлік қозғалтқышының көлемін азайтып, соның салдарынан 16 млн теңге салық түспеген. Сонымен қатар, контрабандалық жолмен кіргізілген көлік құралдарын заңсыз тіркеудің 8 дерегі және көптеген сәйкес келмейтін кандидаттың денсаулық жағдайы туралы анықтамалар негізінде автокөлік құжаттарын беру деректері анықталған.

Жол-көлік оқиғалары жағынан Оңтүстік Алматыдан кейінгі 2-орында тұр екен…Мұндай заңсыздықтар тоқтамайынша қайғылы оқиғалардың алдын алу әсте мүмкін болмас…

Дайындаған – Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *