Бес күндік оқу не береді?

5 окушылар2016 жылдың 1 қыркүйегінен бас­тап еліміздегі мектептерде бес күндік оқыту стандарттары енгізілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлімдеген болатын. 2016 жылдың бірінші айы аяқ­талуға да жақын. Облыстық білім бас­қармасындағылар Қаулы шықпайынша нақты ешнәрсе айта алмаймыз деуде. Ал, біз бес күндік оқу жүйе­сіне дайынбыз ба? 

Көптеген ата-ана алты күндік оқыту жүйесінің балалары үшін тиімсіз екендігін айтады. Өйткені, сенбі күні қосымша сабақтар мен үйірмелерге қатысуға уақыт жетпейтін көрінеді. Ал, ұстаздар сен­біні шығармашылыққа арна­ғанды құп көреді. Аталмыш жүйе оқу жүктемесін азайтып қана қой­майды, сондай-ақ, баланың еркін әрі белсенді әрекет етуіне жағ­дай туғызады. Бұл — педиатр-мамандардың пікірі.
«Біз Қазақстан Президентінің тапсырмасымен орта білім беру мазмұнын өзгертуді бастап кеттік. Жаңа бағдарламалар енгізіледі. Онда білім беруден бұрын, оқу­шы­­ларға қажетті машық пен дағды­ларды қалыптастыруға үлкен мән бері­леді. Жаңа стандарт бойын­ша біз бес күндік оқу жүйесін қарастырып отырмыз. Мектептердің басым бөлігінде бес күндік оқу болады. Оқушы саны тым көп және үш ауысымда оқытатын мектептерде 6 күндік оқыту әлі сақтала бермек. Бірақ олардың саны бірен-саран», — деген А.Сәрінжіпов өз сөзінде. Оның айтуынша, оқу бағдарламасы қиындайды.

Ал шетелде қалай?
Әлемдегі бірқатар елдерде бес күндік оқу стандарты бұрын­нан бар. Алайда, оларда үш ауысымда оқытатын мектептер атымен жоқ. Тіпті кейбіреуінде білім беру түске дейін ғана жүргі­зілетін көрінеді. Сондықтан болар, аталмыш жүйенің тиім­ді тұстарын көріп жүр. Мәселен, америкалық және финдік балалар бес күндік оқу жүйесі бойынша білім алады. Барлық фин мектебі тек 1 ауысымда ғана жұмыс істейді. Экономикасы дамыған, білім саласы жолға қойылған Италия мен Норвегия да осы жүйе бойынша білім береді. Нәтиже жаман емес, тек бұған тыңғылықты түрде дайындық керек. Бірнеше жыл бұрын ТМД елдері де бес күндік жүйеге көше бастады. Ал, әлі күнге үш ауысымда оқытатын мектептері бар біздің елде бұл өзгеріс қаншалықты оң нәтиже бермек? Ендігі жерде жаңашылдыққа деген халықтың көзқарасын білгіміз келді.

5 тулендиеваЖазира Төлендиева, мұғалім:
— Барлық мектепте 34-36 сағаттық білім беру процесі мемлекеттік стандарт бойынша алты күнге есептел­ген. Бес күндік оқу жүйесіне бір күн демал­ғанымен, басқа күндерге жүктеме көп түседі. Мəселен, күніне 6 сабақ оқитын оқушылар, үстемелеп 7 сабақтан оқуы­на тура келеді. 6 сабақтан соң, бірінші ауысымның сабағы 13:15-те бітеді. Екінші ауысымға кабинеттің шаңын сүртіп дайындау қажет болады. Сосын көбіне сынып кабинеті жетіспейтіндіктен, жарты сағатта едені жуылып, кабинет дайын болады. Екінші ауысымның сабағы 14:00-де басталады. Сондықтан, 5 күндік оқу жүйесі тиімсіз.

5 Назира АйтмаханқызыНазира Айтмаханқызы, ата-ана:
— Балаларымның үшеуі мектепке барады. Олардың бәрі бастауыш сыныпта. Аптасына алты күн оқиды. Сенбі күні де сабаққа бару балаға ауыр. Өйткені, бір күндік демалыстарында ешнәрсеге үлгере алмаймыз. Қосымша әдеби кітаптар оқыса деймін, үйірмелерге қатыстырғым келеді. Бірақ бізге уақыт тапшы. Оның үстіне қазір мектеп бағдарламасында күрделі пәндер көп. Тақырыптары да ауыр. Ал, бес күндік режим баланың білім алуын жеңілдетеді, әрі миының тынығуына әсер етеді деп ойлаймын. Сондықтан, мен бұл бастаманы ата-ана ретінде құптаймын.

5 АкботаАқбота Ғалымжанқызы,
оқушы:
— Аптасына алты күн оқығандықтан, біздің бос уақытымыз өте аз. Мәселен, сенбі күні демалатын болсақ, үйдегі шаруа­­ларға көмектесіп, қосымша шығар­­­машылықпен айналысуға да мүм­кіндік болатын еді. Бос уақытымда әде­би кітаптар оқығым келеді. Қазір біздің уақы­тымыз сабақтан артылмайды. Бір күн демалыста ми дұрыс тынық­пайды. Егер алты күнде оқитын бағдарламаны бес күнге бөлетін болса, оған да үлгеруге болады. Өйткені, мұғалімдер оқу жоспарын соған лайықтап жасайды.

5 СанияСания Нариманова, оқушы:
— Біздің қазіргі мақсатымыз — тек қана білім алу. 11 жыл ғана оқимыз, арасында жексенбіден бөлек, тағы да мерекелік демалыстар өте көп. Сондықтан, бес күндік оқу жүйесін құптамаймын. Мұндайда оқу бағ­дар­ламасын аяқтау қиын болады немесе қысқартылуы мүмкін. Ол бізге тиімсіз. Мектепте алатын білімді толық меңгергім келеді. Ал, егер алты күндік оқу жоспарын бес күнге арнап бекітсе, онда оқушыларға ауырлық түсуі мүмкін.

5 образованиеАйсұлу Жақанова, мұғалім:
— Мұғалім әрі ата-ана ретінде бес күндік оқу жүйесін өте тиімді деп ойлаймын. Әсіресе, оқуға енді бейімделіп келе жатқан бастауыш сынып оқушыларына алты күн сабаққа бару ауырлау. Физикалық тұрғыдан шаршаған баланың оқуға да ынтасы бола бермейді. Ата-аналар да бір күн демалысында үйдің шаруаларынан аса алмай, баласына көңіл бөлуге уақыты болмайды. Баланың қосымша үйірме не спорт мектептеріне жазылуына бес күндік оқу көп мүмкіндік береді. Сондай-ақ, тынығу үшін де екі күн демалған артықтық етпейді.

Дайындаған — Гүлнұр СӘТБАЕВА

Редакция

1 пікір

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *