Бекайдар Төлегенов, «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: Бір күндігін ойлайтын «нан» жолдастарды жаным қаламайды

6 депутатБекайдар Төлегенов — «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. Шымкент қалалық мәслихатындағы «Нұр Отан» партиясы Фракциясының жетекшісі. Газетіміздің тұрақты айдарына апта сайын халыққа танымал, елге еңбегі сіңген тұлғалы азаматтарды шығарып, олардың еңбек жолын, өмірін, өнегелі істерін таныстырып отыру басты мақсатымыз. Бұл жолы Бекайдар Мұсаұлын тектен текке таңдаған жоқпыз. Себебі, алда Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауы келе жатыр. Кешегі депутат, атпал азаматты не толғандырады? Өткен өмір жолы мен бүгіні Төлегеновті қалай шыңдаған, көкейіне не түйген? Оқып көрелік.

— 20 қаңтар күні Елбасы бесін­ші шақырымдағы Пар­ламенттің Мәжі­лісін таратып, кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жар­­­­лыққа қол қойды. Қазір бұл тура­лы қоғамда қызу талқылау жүруде. Жұрт­шылық «жаңа тол­қын» керек деп жатыр. Жалпы, жаңа толқын деген не? Осы төрт жыл­дың ішін­де халық қалау­лы­ла­ры жаңа­шылдық енгі­згісі келсе, кім кедергі болыпты?

— Мәжілістің кезектен тыс сай­­­лауы осы жылдың көктеміне белгі­ленгені мәлім. Мәжіліс депутаттары бастама көтергенімен, бұл мәселе алдымен қоғамның талқысына салынды. Отандық, шетел­дік сарапшылар әлемді дағ­дарыс дендеген уақыт­та сайлаудың мерзімінен бұрын өткені — елдегі экономикалық, әлеуметтік ахуалға өзіндік оң көмегін тигізетінін айтты. Шынында да солай болатыны белгілі. Ал, сіз айтып отырған «жаңа толқын» мәселесіне келсек, сайлауға қатысуға кәмелетке толған әрбір азаматтың құқығы бар. «Ел үшін қызмет етемін, қоғамға өзім­­нің пайдамды тигізгім келеді» деген ойы мен пайымы бар азаматтар болса, қанеки. «Жаңа толқын» керек десе, ол да әр сайлаушының ішкі таңдауындағы мәселе. Ел ертеңіне көзқарасы оң азаматтар сайлауға бір кісідей қатысып, дұрыс таңдау жасаса Мәжіліске кімдердің баратыны белгілі болады деп ойлаймын. Сондай-ақ, бесінші шақырылымдағы халық қалаулыларының еңбегін ескермеген де дұрыс болмайтын шығар. Мәжіліс — заң шығарушы орган болғандықтан, онда отырған депутаттар аз еңбек атқарған жоқ. Алайда, «біткен іске сыншы көп» деген бар емес пе? Депутаттардың көз майын тауысып қабылдаған заңдары — қоғам, ел үшін керек дүниелер. Демек, бұл жерде жаңашылдық енгізу туралы сөз қозғау да артық болар.

— Сізді Оңтүстік жұртшылығы қоғамдық қабылдауларды көп өткізетін депутат ретінде жақсы біледі. Осы қабылдауларда аза­маттар көбіне қандай мәсе­лелермен келеді?

— Қоғамдық қабылдау өткізу, халықпен, сайлаушылармен кездесу, олардың мұң-мұқтажының шешілуіне жердемдесу — әрбір депу­таттың міндеті болып саналады. Екінші жағынан алып қарағанда, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қала­лық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқара­мын, қалалық мәслихаттың депу­таты, партияның мәслихаттағы депу­таттық Фракциясының жетек­ші­­сімін. Атқаратын жұмысым күн­де­лікті тірлікпен, қоғаммен біте қай­­насып жатқандықтан, қоғамдық қабылдауларды жиі өткізіп тұрамын. Қабылдауға келетін азаматтардың дені тұрғын үй, жер дауы, әлеуметтік мәселелерді алға тартады. Қолдан келгенше шешуге тырысамыз, шама-шарқымыз келгенше көмектесеміз. Мендегі принцип, батыстың ұлы ақы­ны Джордж Гордон Байрон айт­қандай «Өз елін сүймеген, ешнәрсені де сүйе алмайды» дегеннен ары асқан емес.

— Өз тарапыңыздан билікке қандай ұсыныстар жасадыңыз? Олар қалай қабылданды, жүзеге асты ма?

— «Билікке мынадай ұсыныс жаса­дым, ол былай жүзеге асты» деп көкірек ұра мақтану — менің таби­ға­тыма жат нәрсе. Партия басшысы немесе халық қалаулысы болмай-ақ, қарапайым азамат ретін­де үн қосып, іске асырған жұмыстар аз болған жоқ. Оны халық көріп-біліп жүр, бағасын сол халық береді деп ойлаймын.

— Сіз өз сайлаушыларыңыз­дың бетіне тіке қарай аласыз ба?

— «Сайлаушылардың бетіне тіке қарау» дегеніңізді «олардың алдын­дағы міндетті орындадыңыз ба?» деген сұрақ деп түсінейін. Әрине, шақы­рылым бойы сайлаушыларымнан қол үзген емеспін. Әлгінде ғана «ең көп қабылдау өткізетін депутатсыз» деп атап өттіңіз ғой. Сол айтқандай, сайлаушыларым үшін атқарған жұмыстарым жетерлік. Оған мысал ретінде тұрғындардан келіп жататын алғыстарды, айтқан рахметтерін айтуыма болады.

— Алдағы сайлауға тағы түсесіз бе?

— Алла нәсіп етсе сайлауға түсу­ге бел буып отырмын. Француз­дың атақты жазушысы Оноре де Бальзак «қана­ғатшыл адам ғана қызық өмір сүреді» депті ғой. Сол айтқандай, мен мәслихатқа мансап қуып барған немесе барайын деген жан емеспін. Әлгінде айтқандай атқарып отырған жұмысым қоғаммен біте қайнасып жатқандықтан, сайланбалы органмен, жергілікті басқару органдарымен бірлесіп жұмыс істеуге тура келеді.

— Оңтүстік – халық саны көп өңір. Қолыңызға мүмкіндік тисе, ең бірінші қандай істі жасайтын едіңіз…

— Адам баласының қиялы ең жүйрік дүние ғой. Көшеде кетіп бара жатып кемтар, не мүгедек адамды көрсең, өзіңнің он екі мүшеңнің сау екендігіне шүкіршілік жасайсың. Ойланып қаласың. Көмектескің келеді. Бірақ, қолдан келер қайран тағы жоқ. Қолы жоққа қол, аяғы жоққа аяқ, кемтарға денсаулық беретін құдірет кімде бар дейсің?! Сол сияқты, қарттар мен балалар үйінің болмағанын қалаймын. Қолыма мүмкіндік тисе жетім балалар үшін жатақхана, баспанасыз жүрген отбасылар үшін тұрғын үйлер салып, қоғамды дендеген ауыр проблемалармен күрескенді қалаймын. Жемқорлықты түп-тамырымен жойып, елдің еңсесі тураланса, одан артық қандай қызмет керек?!

— Депутат әріптестеріңіздің кемшіліктерін бетке айта аласыз ба?
— Бесінші шақырылымдағы Шым­­­­кент қалалық мәслихаты депу­таттарының барлығы дерлік «Нұр Отан» партиясынан жасақталды. Демек, олардың жасаған әрбір кемшілігі, шалыс басқан қадамдары өзі түгілі, оларды сол депутаттық мандатқа сеніп жіберген партияға келіп тиеді. Фракция жетекшісі, қарапайым депу­­тат ретінде сол кемшілік жібер­гендердің әрекеттерін бетіне айтсам, ол әбестік емес шығар. Айтылды, айтылған сыннан қорытынды да шықты. «Барлығымыздың иле­­ге­німіз бір терінің пұшпағы» ғой. Әріптестерімнің анау айтқан кемшіліктерге жол беріп, қоғамды ұятқа қалдырған жері болған жоқ.

— Отбасыңызға тоқталсақ. Жұбайыңыз Сіздің қоғамдық қызметіңізге қалай қарайды? Жұмыс барысында құқығыңызды шектеген бе?

— Адам болып жер бетіне келген соң отбасы құру, перзент сүйіп, оларды өсіріп-жетілдіру — басты парыз­дардың бір ғой. Үйдегі бере­ке, ер азаматтың жай-күйінің болуы — әйел азаматшаларға көбі­рек байланысты. Мен өзімді жар таң­дауда жаңылыспаған адаммын деп есептей аламын. Ол кісі менің қоғам­дық жұмыстарым болсын, өзге де кәсіптерім болсын, ешқайсысына бей-берекет араласып, беймаздық танытқан емес. Адамның жүріс-тұрысына, кескін-келбетіне, құрме­тіне қарай оның құқығын ешкім шек­­темейді деп ойлаймын.

— Қазір ғаламторда биліктегі көп­теген азаматтар, депутаттар әлеу­меттік желіден парақша ашып ал­ған. Сіз де әлеуметтік желіде бар­сыз ба?

— Мен ғаламторды тек күнделікті жаңалықтарды оқу, көру үшін ғана пайдаланамын. Күнделікті жұмысым әлемде, елімізде болып жатқан жаңалықтарды оқудан бастаймын. Ал, әлеуметтік парақша ашу, ол арқылы қарым-қатынас жасау — мені қызықтырған емес. Одан гөрі маңызды шаруалармен көбірек айналысқан жөн деп есептеймін.

6 кейпкер

— Бала тәрбиесіне қалай қарай­сыз? Мектепте ата-аналар жи­налысына қатысасыз ба? Қанша ұл-қыз тәрбиелеп отырсыз?
— Бала тәрбиесі — ата-ананың басты міндеті және жауапкершілігі. Кейде орын алған жағдайлар үшін мұғалімдерді кінәлап жатамыз. Бұл — үлкен қателік. Ұстаз балаға білім беретін тұлға, ол бала тәр­­­биесімен айналыспайды. Баланы 70 пайыз ата-ана тәрбиелеу керек, қалған 30 пайы­зында «әкеге қарап ұл, анаға қарап қыз өседі». Ба­лаларым мектеп бітіріп кеткен соң, ата-аналар жина­лысына бармағаныма көп бол­ып қалыпты. Соған қарамастан, ат­қарып жүрген жұмысымның бары­сын­да да мектептерден қол үзген емеспін.
Аллаға шүкір, жұбайымыз екеу­мізге Жаратқан ием берген 1 ұл, 2 қызым бар. Олар да ер жетіп, бой­жетіп, аяулы жарым екеуміз 4 неме­ренің атасы-апасы болып отырмыз.
— Жақында қаламыздағы Абай ауданы әкімінің кезекті бір есептік кездесуінде жергілікті тұрғындар «депутаттар қажет емес, халықпен байланыспайды, олар­дың түрін танымаймыз да» десіп жатты. Сіздің тарапыңызға осындай ауыр сын-ескертпелер айтылды ма?
— Менің атыма депутаттық мін­­­детім туралы сын айтылған емес. «Бес саусақ бірдей емес» деп жата­мыз ғой. Мүмкін, арамызда сай­лаудан кейін халықтан қол үзген әріп­тестерім бар шығар. Дегенмен де, бір ғана депутат ештеңені шеше алмайды. Екінші мәселе, «халық танымайтын болса, ол депутатты неге сайлады?» деген де заңды сауал туындайды. Бұл да халықтың сай­лауға деген көзқарасын дұрыс қалыптастыруды талап ететін мәсе­ле сияқты.

— Кейде адамның тағдыры таңдаған мамандығына да байланысты болады. Қай жоғары оқу орнын бітіргенсіз?

— Шымкент совхоз теникумын техник-механик мамандығы бойынша, Шымкенттегі Халықтар Достығы университетін экономист және заңгер мамандықтары бойынша оқып тәмамдадым. Мектептегі ұстаздарымыз берген, кейін жоғары оқу орнында алған білімдерім күн көріп, ұл-қыздарымды асырауға жарап тұр ғой. «Білімсіз күнің қараң» дегендей, дипломмен ғана шектеліп қалған жоқпын. Адамға үнемі ізденіс, талпыныс керек. Көбіне кітап оқи­мын, Абайдың қара сөздері мен даналық сөздерді оқығанды ұнатамын. Себебі, адам үшін ілім мен білім үнемі қажет.

— Хоббиіңіз…

— Адам болған соң, бір нәрсеге деген қызығушылықтың болуы да заңдылық қой. Мені қызықтыратын дүние — автокөлік. «Ер қанаты — ат» дегендей, темір тұлпар десе, ішкен асымды жерге қоямын. Өзім секілді достарым да бар. Бас қоса қалғанда өзгелер өзін қызықтыратын әңгімелер қозғаса, біздің айтарымыз көлік туралы қызықты жағдайлар, жаңалықтар. Өмір де сонысымен қызық көрінеді.

— Достарыңыз көп пе?

— Достық — өмірдегі ең қажетті нәрсе. Өйткені, төрт құбыласы түгел адамның өзі де доссыз өмір сүруді қаламайды. Ал, шын достықты уақыт та, арадағы шалғайлық та әлсірете алмайды. «Доссыз өмір — тұзсыз ас» дегендей, осы орайда В.Белинскийдің «Ішкі сырымды ірік­пей айта алатын адам ғана менің досым» деген сөзі еріксіз еске түсе­ді. Әрине, досым жоқ деп айта алмаймын. Бала кезден бірге өскен, сту­денттік жылдарда танысқан, отбасылық өмір жолықтырған достарым аз емес. Өзім адами қалыппен сыйласқанды жөн көретін жанмын. Алдауды, бір күндігін ойлайтын «нан» жолдастарды жаным қаламайды.

Әңгімелескен — Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

1 пікір

  1. Толегенов Бекайдар мырза саламатсызба! Менын сызге айтар созым бар. Озынызден улкен комек кутемын. Уй маселесы бойынша. Менын жасым 26да. Турмыстамын. Куйеуым де 26да. 3 бала шагам бар. 2ден аскан 1 кызым бар. Кызым учетта турады. Тандайына пластический операция жасалды. Бырак алда тагы екыншы операциямыз бар. Бырак мен кызыма ешкандай жардемакы алмаймын. Жакында егыз 1 кыз 1 ул босандым. Аллага шукыр. 3 баланын ата анасы болып отырмыз. Куйеуым накты жумысы жок. Куйеуымде учётта турады. Басынан кышкентай кезынде жаракат алып казыр диагнозы эпилепсия талма ауруы. Мен мектепте жумыс ыстеймын. Мугалыммын. Ал казыргы уакытта декретте отырмын. Куйеуыме де мемлекет тарапынан акша шыгара алмай отырмыз. ЖКХ тургын уй кезегынде кезекте турмыз. Бырак жай гана жылжып келеды. Накты айтканда мен озыме киын тусуде бала шагамнын камкорлыгы куйеуымнын жагдайы. Кызым да куйеуымде дары ышеды. Менын жалгыз озыме оте ауыр ары киын. Мемлекет тарапынан комек сураймын. 1 болмелы патерым болса да куанып калар едым. Казыргы уакытта баспанамызда жок квартирада турып келдык. Осы жазганымды окыгандар болса комектесер деген умыттемын.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *