Баспаналы болғым келді…

Редакциямызға қоңырау шалып: «Мемлекеттік баспана – қолжетімсіз болып тұр», «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін пәтердің кезегіне құжат тапсыра алмай жатырмын», «Баспана кезегінде бірнеше жылдан бері тұрамын. Кезегімнің жылжитын түрі жоқ», деп шағым білдіріп, қайтпек керектігін сұрайтын оқырмандарымыз көп. Барлығы да баспаналы болғысы келетінін, бірақ, мемлекет беретін пәтерге қол жеткізу мүмкін болмай тұрғанын алға тартады. Оқырмандарымыздың жоғарыда айтқан мәселелерінің жай-жапсарын анықтамақ болып, тұрғын үй кезегіне құжат тапсырып жүрген кейіпкердің кейпіне өзім ендім.

 

 

Мемлекет тарапынан берілген пәтерлер

Мемлекет тарапынан берілген пәтерлер

1 қадам. Шымкент қалалық тұрғын үй секторына қоңырау шалып, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін пәтер кезегіне қашан тіркелуге болатынын және ол үшін қандай құжат жинау керектігін сұрадым. Телефон тұтқасын көтерген маман, баспана кезегіне халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы тіркеле алатынымды және құжаттардың тізімін де сол жақтан алатынымды айтты.

Мемлекет тарапынан берілген пәтерлер

Мемлекет тарапынан берілген пәтерлер

 

2 қадам. Сонымен Халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. Ғимарат іші абыр-сабыр. Кеңесшілердің алдында да ұзын-сонар кезек. Мен де қатарға қосылдым. Әп-сәтте кезегім жылжып, кеңесшіге келген бұйымтайымды айта бастағанымда «Қай жерде жұмыс істейсіз?, Қанша балаңыз бар? Күйеуіңіз бар ма? Әлде ажырасқансыз ба? Үйіңіз апатты деп танылған ба?» деп сұрады. Мен де мүдірместен жекеменшік мекемеде қызмет атқаратынымды, 3 баланың анасы екенімді, жолдасымның бар екенін, ажыраспағанымызды, пәтерді жалға алып тұратынымызды айттым. Жауабымды мұқият тыңдаған кеңесші «Сіз кезекке тіркеле алмайсыз, өйткені талапқа сәйкес келмейсіз» деді. Айтуынша, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес, баспана кезегіне:

– Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектер;

– Әлеуметтік жағынан әлжуаз топтар;

– Ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетімдер;

– Мемлекеттік, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері;

– Тұрғын үйі апатты болып танылған азаматтар тіркеле алады.

Баспаналы болғым келді...

 

«Бұл қалай болғаны? Сонда жекеменшік серіктестік қызметкерлері мемлекет қолдауынан шет қала ма? Баспаналы болу үшін міндетті түрде жалғызілікті немесе жесір болуым керек пе? Сонда баспаналы болудың басқа жолы жоқ па?» дедім. Кеңесші баспананы «Қазақстан ипотекалық компаниясы» арқылы да алуға болатынын айтты. Бірақ, мәселенің анық-қанығын білу үшін Шымкент қалалық тұрғын үй секторына баруым керектігін нақтылады.

Баспаналы болғым келді...

3 қадам. Уақытты оздырмай Шымкент қалалық тұрғын үй секторына барып, бөлім басшысы Гүлнар Әшірбаеваға жолықтым. Белгілі болғаны, мен тіпті, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» арқылы үйлестірілетін пәтерлерден де үміттене алмайды екенмін. Себебі, бұл бағдарлама бойынша берілетін пәтерлерге қол жеткізу үшін жоғарыда аталған 5 санаттың біріне сәйкес келуім керек. Сонда ғана ХҚКО құжат тапсырып, кезекке тұра аламын. Ал кезекке тұрғандар аталмыш бағдарлама бойынша баспана алуға өтініш жазып, пәтерді 20 жылға жалға алады. Осылайша жолым болмаған соң, көңілім су сепкендей басылды. Алайда, Гүлнар Әшірбаева баспанаға қол жеткізудің тағы бір жолы бар екенін айтып, үзілгелі тұрған үмітті жалғады. Ол — «Қазақстанның тұрғын-үй құрылыс жинақ банкіне» ақша жинақтау.

«ҚИК» ИҰ АҚ арқылы жалға берілетін үйлер

«ҚИК» ИҰ АҚ арқылы жалға берілетін үйлер

 

4 қадам. Келесі кезек «Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкіне» келді. Банк менеджерінің айтуынша, банк тұтынушыларға үйлі болудың оңтайлы 2 бағытын ұсынады. Біріншісі — мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін пәтерлерді жалға алу, екіншісі – қаладағы кез-келген жер үйді немесе пәтерді сатып алу. Алайда ол үшін, банктен 3 жылдық (Бастау), 5 жылдық (Өркен) немесе 8 жылға депозит ашып, тарифтік бағдарламасына сәйкес ай сайын шотқа ақша аударып отыру керек. Баспана құнының 50 пайызын жинақтағаннан соң, қалған 50 пайызын банк несиеге береді. Мәселен, 1-2 бөлмелі пәтер құны 6 млн теңге делік. Біз 3, 5, 8 жылда оның 50 пайызын жинақтауымыз керек, яғни 3 млн теңгесін. Егер депозитті 3 жылға ашсақ, ай сайын – 75 мың теңгені аударып отыру керек. Ал қалған жарты соммасын 6 жылға 5 пайызбен несиеге рәсімдейміз. 5 жылдық «Өркен» тарифтік бағдарламасы бойынша ай сайын – 45 мың теңгені депозитке құйып отырамыз. Қалған 3 млн теңгесін 10 жылға 4,5 пайызбен несиеге аламыз. «Кемел» бағдарламасы бойынша 8 жыл бойы ай сайын – 30 мың теңгені депозитке аудару керек. Осылайша 3 млн жинап, қалған 3 млн теңгесін 15 жылға 4 пайызбен несеге аласыз. Айлығы 70 мың теңгеден аспайтын мен үшін баспаналы болудың бұл жолы да қолжетпейтін армандай көрінді.

«ҚИК» ИҰ АҚ арқылы жалға берілетін үйлер

«ҚИК» ИҰ АҚ арқылы жалға берілетін үйлер

Айтпақшы…

Баспана қамымен жүріп, екінші деңгейлі банктер арқылы да депозит рәсімдеуге болатынын білдім. Алайда, басқа банктер несиені 16-23 пайызбен береді. Мәселен, 16 пайыздық үстемақымен несие алу үшін алдымен сатып алатын үйіңді кепілдікке қойып, оның құнының 30 пайызын бірден төлейді екенсің. Бір бөлмелі пәтерді шамамен 50 мың доллар деп бағалап, есептетіп көріп едім, айлығым оған да жетпей қалды. Кеңесші қыздың айтуынша, 15 мыңды бірден төлеп, қалған 35 мың долларды өтеу үшін отыз жыл бойы банкке ай сайын 65 мың теңге құйып отыруым керек. Егер есебім дұрыс болса, 50 мыңдық пәтердің құнын 30 жылда банкке үш есе — 164 мың доллар етіп қайтарады екенмін.

Баспаналы болғым келді...

Гүлнәр Әшірбаева, Шымкент қалалық тұрғын-үй секторының меңгерушісі:

– Бұған дейін шымкенттіктер «Өңірлерді дамыту» бағдарламасының 2 бағыты: біріншісі — жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұру, екіншісі — «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы салынған үйге қол жеткізген болатын. Енді кезекте тұрғандар «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ АҚ арқылы салынған тұрғын үйлерді жалға ала алады. Бұл бағыт бойынша биыл 15 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 1080 отбасы үймен қамтамасыз етіледі. Олардың 540-ы жас отбасылар, 540-ы басқа санаттылар.

Түйін.

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін пәтер кезегіне тұру үшін біраз табалдырықты тоздырдым. Осылайша, мемлекеттік бағдарламадан да, жалға берілетін үйлерден де, банктің несиесіне де үміт арту қиынға айналды.

Айжан Ермекқызы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *