Баспана мәселесін қалай шешуге болады?

Мемлекет тарапынан жас отбасыларға көрсетіліп отырған көмектің тағы бір түрі – баспанамен қамту мәселесі болып отыр. Мәселен, еліміздегі «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының «Жас отбасы» тармақшасы пәтерден-пәтер жалдап, баспана тауқыметін тартып жүрген жас отбасылар үшін үйлі болуға мүмкіндік беруде.

Бүгінде жас отбасыларды үймен қамтамасыз ету үшін екі бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Біріншісі — «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы, екіншісі — «ҚИК» ИҰ АҚ арқылы.

Баспана мәселесін қалай шешуге болады? Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі директорының орынбасары Ақылбек Оспановтың айтуынша, аталмыш бағдарламаға қатысу үшін бірқатар талаптарға сай келу керек екен.

1. Жас ерекшелігі. Құжат тапсыру кезінде ерлі-зайыптылардың екеуінің де жасы 29-дан аспауы керек. Егер отбасы толық болмаса, бұл тәртіп баланы асырап отырған ата-анаға қатысты болып табылады.

2. Неке. Құжат тапсыру кезінде ерлі-зайыптылардың заңды некедегі мерзімі 2 жылдан кем болмауы керек. Толық емес отбасыларға бұл талаптың қатысы жоқ.

3. Жанұя құрамы. Жанұя құрамына ерлі-зайыптылар, олардың кәмілет жасқа толмаған балалары мен еңбекке қабілетсіз ата-аналары кіреді. Отбасы құрамы пәтердің шаршы метрін анықтауға қажет. Яғни бір адамға 15-18 ш/м. Мәселен, бір жанұяда 3 адам болса, пәтер ауданы 45 ш/м кем болмауы тиіс.

4. Мүлік. Ерлі-зайыптылар мен олардың отбасы мүшелерінің атында тіркелген мүлік болмауы керек.

5. Азаматтық. Бағдарламаға қатысушылар ҚР азаматы болуы қажет.

Ал, «ҚИК» ИҰ АҚ арқылы үйлестіретін жалдамалы пәтерлер бұған дейін баспана кезегінде тұрған :

– Көп балалы отбасыларға;

– Толық емес отбасыларға;

– Мүгедек баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған отбасыларға;

– Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;

– Оралмандарға;

– Мемлекекттік, әскери, арнаулы мемлекеттік орган, бюджеттік ұйым қызметкерлеріне беріледі.

Шымкент қалалық тұрғын-үй секторының меңгерушісі Гүлнәр Әшірбаеваның айтуынша, бағдарламаға қатысушылар мынадай талаптар бойынша іріктеліп, төмендегідей кіші топтарға бөлінеді:

Бірінші кіші топ – жергілікті атқарушы органдарда жас отбасы санаты бойынша кезекте тұрғандар. Яғни, кемінде үш жыл некеде тұрған, балалары бар және ерлі-зайыптылардың екеуі де 35 жасқа толмағандар (бағдарламаға қатысуға өтініш берген сәтте) мен ажырасқан, жесір/тұл ата-ананың бірі ғана баласын тәрбиелеп отырған толық емес отбасылар;

Екінші кіші топ – 1-ші кіші топқа кірмейтін, көрсетілген санаттағы ЖАО-да кезекте тұрғандар.

Бағдарламаға кімдер қатыса алмайды?

Ескеретін жайт, бағдарламаға:

– Ұлы Отан соғысының мүгедектерi мен қатысушылары;

– Ұлы Отан соғысының мүгедектерi мен қатысушыларына теңестiрiлген адамдар;

– Кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;

– Мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңiстiгiне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезiнде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасылары;

– 1 және 2 топтағы мүгедектер;

– Экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;

– Жалғыз тұрғын үйi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен авариялық жағдайда деп танылғандар санаты бойынша кезекте тұрғандар қатыса алмайды.

Талаптары қандай?

Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар:

1) Тұратын үйге мұқтаж азаматтар кезегінде тұру;

2) Өтініш беруші мен оның отбасы мүшелері Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде болуы керек;

3) Бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің меншігінде соңғы 5 жылдың ішінде тұрғын үйдің болмауы қажет;

4) Төлем қабілетін растауы қажет.

Төлем қабілеті демекші, егер пәтерді жалға алушының табысы жеткіліксіз болған жағдайда кепіл беруші ретінде ата-анасын, туған-туыстарын тартуға болады.

Айжан Ермекқызы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *