Баспана бас ауруға айналды

Сайрам ауданына қарасты Ынтымақ ауылының тұрғыны Мөлдір Тұяқова отбасымен әркімнің баспанасын уақытша паналаумен келген. Төрт баланың анасы жуырда бос тұрған дүкенге қоныстаныпты. Алайда үш күн бойы толассыз жауған жаңбыр бұл ғимаратты апатты күйге жеткізіп, бір қабырғасы құлап қалған. Дәрменсіздің күйін кешкен отбасы енді далада қалды. Шиттей бала-шағасымен қайда барарын білмейтін келіншек тағдырына ашынып, жұрттан көмек сұрауға мәжбүр.

Баспана бас ауруға айналдыМөлдір Тұяқова, Ынтымақ ауылының тұрғыны:

– Күйеуім үйге ақша жинаймын деп Ақтауға жұмысқа кеткен. Содан бері хабар жоқ. Былайша айтқанда одан да келер қайыр болмай тұр. Аз қамтылған отбасы ретінде жәрдемақы аламын. Мұнан бөлек, ақылы қоғамдық жұмысқа шыққаныма 22 мың теңге төленеді. Осы болмашы ақшаны талғажу етіп отырмыз. Жалпы, баспана мәселесімен жергілікті жердегі әкімдікке барған болатынмын. Дегенмен, одан ешқандай нәтиже шықпады. Үй болмаса, жер берсе деймін. Сонда өзіміз үй салып алар ма едік? Тұрып жатқан жердің бір жағы құлап, әрі-сәрі күйде қалдық. Осыған дейін пәтерден – пәтерге көшіп келгенмін. Енді, 4 баламмен қайда барарымды білмеймін? Қыс мезгілінде кімнің есігін сығалаймын?

Осылайша далада қалған отбасы тілшілерді шақыртып, көмек сұрады. Бұл жәйтті естіп, ауыл әкімі де кешеуілдетіп жетті. Көпбалалы ананың жағдайымен танысып, алдағы уақытта бұл отбасыға уақытша паналайтын орын тауып беретін болды.

Ербол Бекбердиев, Қарасу ауылдық округінің әкімі:

– Жер сұрап бізге келді. Дегенмен, ауылдың арнайы жер қорында берілетін учаске жоқ. Жерге кезекте тұрған тұрғындардың мәселесін шешу үшін шаруа қожалықтарымен сөйлесіп жатырмыз. Егер де мүмкіндік болып жатса, қарастырып береміз. Ал, үй-күйсіз қалған тұрғынға уақытша болса да паналайтын жер табуға жағдай қарастыратын боламыз.

Баспана мәселесін қалай шешеміз?

Сөздің шыны керек, елімізде тұрмысы төмен немесе жас отбасыларға тұрақты баспанаға қол жеткізу қиынға соғып тұр. Бұл мәселені шешу үшін Үкімет арнайы бағдарламалар жасаған. Соған қарамастан шағын үйге қол жеткізу азаматтарға орындалмас арман сияқты. Ол үшін әркім өз бетінше тырысуда. Яғни, бірі үйді ипотекаға алып, қомақты қаржы шығындаса, енді бірі тапқан табысы күнкөрістен артылмай, жылдар бойы пәтер жалдап келеді. Араларында тіпті үйсіз-күйсіз жүргендер де кездеседі.

«Өз үйің болғанға не жетсін?» — пәтерден — пәтерге көшіп жүрген қазіргі көшпелі қазақтың арманы бұл. Қазір үй сатушылар да көп, оны сатып алушылар да жетіп артылады. Кейде ойлайсың, осы жұрт көп ақшаны қайдан алады екен деп. Бақсам, бәрі де тамағынан тартып, балаларының аузынан жырып, тапқанын тапқандай банкке төлеп отырады екен. Анығы, қарызын төлейді. Расында да, қалай үй алуға болады? Үй алып жатқанның дені ипотекалық несиеге сүйенеді. Ипотекалық несиеге пәтер алу қаншалықты тиімді? Банктің ипотекалық несиені ұсыну бағдарламасы қандай? Мұндай несиені қанша жылға қанша пайызбен береді? Ипотекалық несие алуға қарапайым жанның қолы жете ме? Осы жайттарды назарға алып, біраз ізденген болатынбыз.

Ипотекаға ескі үй алуға болады

Сөз арасында айта кетейік, ипотека — банктің бизнесі. Мәселен, дамыған елдерде сыйақы мөлшерлемесі 2-4 пайыздан аспаса, еліміздегі банктер оны 12-14 пайызбен береді. Оған тағы қызмет пайызы мен комиссияларды қосыңыз, сонда жылдық пайыз мөлшерлемесі 20 пайыздан да асып кетеді екен. Қарызы уақытылы төленбегендердің «жазасы» ауыр, үстеме ақша төлейтіндері өз алдына, үйінен айрылып қалу қаупі тағы бар. Бейресми мәліметтерге сенсек, баспанасыз жүргендердің саны 5 миллионнан асып жығылады екен.

Банктер тұрғындарға жаңа үй емес, үйді кісі қолынан сатып алу үшін де ипотекалық несие береді. Банктердің ең басты талаптарының бірі – кепілдікке қойылатын пәтер 1965 жылдан төмен болмауы қажет. Әрі ол тұрғын үй жанбайтын материалдардан, яғни, монолиттен, кірпіштен, панельден салынған болуы керек. Несиеге алушының жалақысы да ескерледі. Ол үшін табыс көзі 80 мың теңгеден жоғары болуы тиіс. Әйтпесе, арнайы комиссия несиені беру жөнінде оң шешім шығармайды.

Ақылбек Қоспанов, «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ОҚО филиалы директорының орынбасары:

– Бүгінгі таңда біздің банк арқылы ескі үйлерді несиелендіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Ол үшін банктің ұсынатын «Бастау» және «Өркен» бағдарламаларымен шарт жасауы керек. Жалпы, тұтынушы өзі алып жатқан үй бағасының 50 пайызын ашылған есеп шотқа салып, 2,5-3 айдан кейін несиелендіруге болады. Несие 9 немесе 13 жылға беріледі. Оның алғашқы 3 жылы 8,5 пайызбен, ал қалған жылдары 4,5-5 пайызбен қайта есептелінетін болады. Несие алушының тұрақты жұмысының болуы, кепілге қойылатын жылжымайтын мүлігінің болуы тиіс. Сондай-ақ, табысы жетпеген жағдайда қасына 2 қосымша заемшы алуына болады.

Ипотекалық несие арқылы тұрғын үй алуға ниет білдірген адам үшін алғашқы кезекте білуге тиіс ақпараттың дені — осы. Ең маңыздысы, банктер ешуақытта ұтылмайды! Пайыздық мөлшерлемесіне қарай кейде 10-15 жыл бойы қарыз төлеп, алған қаражатымызды банкке екі есеге дейін қайтарып беріп жатамыз. Сондықтан да, осыны ескеріп, ұтылмаудың қамын жасағаныңыз абзал.

Ипотекаға шамаң келмесе, пәтер жалда…

Бүгінде шырайлы Шым қаламызда кәсіпке айналған пәтерді жалға алу төңірегінде ақыл-кеңес беруді де жөн көрдік. Өйткені, мақала кейіпкері сыңайлы пәтерден-пәтерге көшіп, «қысқа жіпті күрмеуге келтіре алмай» жүргендер қаншама?… Сондай-ақ, қалада кез-келген адам пәтерді сағатқа, тәулікке, айға, тоқсанға не болмаса жыл көлемінде жалдай алады. Жалға берілетін үйлердің басым бөлігі риэлтор мен жылжымайтын мүлік агенттіктері тарапынан жүргізіледі. Сонымен делдалсыз-ақ жалдамалы пәтер табуға болады ма?

Шымкентте негізінен пәтерлер сағатқа жалға алынады. Жалдау құны 1000 теңгеден басталады екен. Бұл баға қонақүйге қарағанда тым арзан. Сондай-ақ, сағаттық пәтерлерге аса қатты талап қойыла бермейді. Ең бастысы, таза төсек-орын және жуынатын бөлмесі болса болғаны. Айта кетерлігі, сағаттық пәтерлерді делдалдарсыз-ақ жалға алуға болады. Қалаға шеттен келгендер пәтерді тәулікке жалдағанды құп көреді. Себебі, қалаға уақытша бір шаруамен келгендіктен баспананы тәулікке жалдаған тиімді. Мәселен, қонақ үйлердегі бөлмені тәулік бойы жалдау құны орташа есеппен 5000 -20000 теңгенің аралығында болса, пәтерлерді одан екі есе төмен бағаға жалдауға болады. Сондай-ақ, мұндай пәтерді жалдау барысында міндетті түрде құжат рәсімделеді.

Ал, айға немесе тоқсанға пәтер жалдаушылар қатарын тұрақты тұрғын еместер құрайды. Десек те, бұл ұсыныс бойынша шаһардан 1 және 2 бөлмелі, 3 немесе одан да көп бөлмелі үйлерді табуға болады. Мұндай пәтер құны 300 доллардан жоғары бағаланады. Айта кетерлігі, жалдамалы пәтерлерде ұзақ мерзімде тұратындарға жеңілдіктер қарастырылатын тұстары да бар. Пәтерді жалға берумен айналысатын риэлторлар тұтынушы тапқаны үшін баспана иесінен және пәтер жалдаушыдан қызмет ақы алады. Жалпы, риэлтор пәтерді жалға алудың келісімшартын рәсімдеуге көмектеседі. Егер де, тұтынушы өзі тұрып жатқан пәтерін ұзақ уақытқа жалдайтын болса, риэлтордың қызмет ақысы көтермеленетін болады.

Облысымызда 20-дан астам агенттіктер бар. Бұл тіркеуден өткені ғана. Өтпегені қаншама? Осы орайда, жылжымайтын мүлікті жалға берумен айналысқанына 7 жыл болған Нұрлан Досымбековпен аз-кем әңгімелескен едік.

Нұрлан Досымбеков, Жылжымайтын мүлікті сату орталығының директоры:

– Жалдамалы пәтер құны тұрған жеріне де байланыс-ты бағаланады. Мәселен, пәтерлерді 20-30 мың теңгеге, ал барлық жағдайы жасалған жер үйлерді 40-тан 300 мың теңгеге дейін жалдауға мүмкіндік бар. Негізінен баспананы ұзақ мерзімге беруге тырысамыз. Ал, тәулікке, не болмаса сағатқа бермейміз. Күніне шамамен 10 пәтер жалға беріледі. Яғни, айы-на 300-ге жуық пәтер жалданады. Тарқатып айтар болсақ, пәтерлерге қызмет ақысы 10 мың теңге, ал жер үйге 20 мың теңге. Сонымен қатар, тұрғын үй құны 150 мың теңгеден асатын болса, жалданған құнның есебінен қызмет ақысына 10 пайыз алынады. Ақыл-кеңестер тегін беріледі. Ал, көрсетілген қызметтер ақылы. Кейде ортадағы делдал сымақтар тәуліктік пәтерді жалға алып, оны жарнама арқылы тұтынушыға беруі мүмкін. Мұнан соң, олардың қарасын да көрмейсің. Өйткені, жарнама беруші үйдің иесі емес. Былайынша айтқанда, «ауадан ақша істейтіндердің» кәсібі. Осындай келеңсіздікке ұрынбас үшін кез-келген адам жылжымайтын мүлікке қатысты агенттіктерге немесе мекемелерге барғаны жөн.

Түйін:

Шиттей бала-шағамен көшеде қалған анаға баспана тауып беру жайы жергілікті билік басындағыларды ойландырып алдағы уақытта оң шешімін тапса игі. Қалай десек те, мәселесін аудан тұрмақ, жергілікті әкімшілікке жеткізе алмай жатқан жанның жағдайы ойлантарлық. Өйткені, қыстың көзі қырауда.

Осы ретте жағдайы төмен отбасыға қаржылай немесе азық-түлік, киім-кешекпен көмектесемін дейтін азаматтар болса, редакциямызға хабарласа алады.

Лаура Сапарбекова

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *