Баспана алуға қатысты көп сұрақ

Бүгінгі таңда Шымкент қаласында  26 486 адам пәтер алуға кезекте тұр. Мемлекеттік бағдарламалар аясында берілетін баспана алу үшін құжат ресімдеу пен оның қыр-сырын білмейтіндері қаншама. Қарашаның аяғы мен желтоқсанның басында «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ бағытымен пәтер алуға қалалықтардан өтінім қабылданған. Тұрғындардың редакцияға мемлекет ұсынған бағдарламалар арқылы пәтер алу бойынша жолдаған сауалдарының легі толастар емес. Сол сауалдардың ең өзектілерін топтастырып,   жауабын сала мамандарынан сұрадық. Сұрақтарға  Шымкент қалалық тұрғын үй секторының меңгерушісі Жұлдыз Ордабекова жауап берді.

26 486 азамат Шымкент қаласында мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу тізімінде тіркеуде тұр. Оның ішінде: Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары – 3. Ата-анасынан айрылған және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 1351. Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары – 9378. Мемлекеттік, әскери және бюджет қызметкерлері – 15798. Жалғыз тұрғын үй апатты жағдайда деп танылғандар – 27

C: Жасым 21-де. Тұрмыс құрған жоқпын. Мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. Сіздерден сұрайын дегенім жартылай жетімдерге «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша үй кезегіне тұруға бола ма? Және тағы қандай жеңілдіктер бар. Қандай құжат керек? Тізімін жіберсеңіз?

Айдана

Ж: Тұрғын үйге қол жеткізудің талаптары мен ережелері бар. Үйлі болғысы келетіндерді бес санатқа топтастырған. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары; ата-анасынан айрылған және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар; халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары; мемлекеттік, әскери және бюджет қызметкерлері; жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда танылғандар. Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына 11 санат кіреді. Оларға Ұлы Отан соғысыны қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендер, І, ІІ топтағы мүгедектер, мүгедек бала тәрбиелеуші отбасылар, ҚР Үкіметімен тізімі бекітілген кейбір созылмалы ауру түрлерімен ауыратын азаматтар, жасына қарай зейнеткерлер, оралмандар, экологиялық зілзалалар, табиғи және техногенді төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айрылғандар, көп балалы отбасылар, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау барысында қаза тапқандар отбасылары, толық емес отбасылар.
Жартылай жетім жандар ешқандай санатқа жатпайды. Дегенмен, сіз бюджеттік қызметкерсіз. Осы санатпен, баспана кезегіне ХҚКО құжат тапсыруыңыз болады. Ал, құжаттар тізімі мынадай:
1. Коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу туралы өтініші;
2. Өтініш берушінің, отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаты;
3. Некеге тұру (бұзу), отбасы мүшелерінің қайтыс болуы, балалардың тууы туралы куәліктерінің көшірмелері;
4. Еңбек кітапшасының көшірмесі, кадр бөлімінен расталған немесе қызмет істейтіні туралы анықтама;
5. Аймақтық әділет органынан анықтама (өтініш иесінің және онымен тұрақты тұратын отбасы мүшелерінің меншік құқығында оларға тиесілі үй-жайдың жоқтығы туралы):
6. Басқа адамдарды өтініш берушінің отбасы мүшесі деп таныған жағдайда оларды өтініш берушінің отбасы мүшесі деп тану туралы соттың шешімі;
7. Азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі және тұпнұсқасы (құжатты салыс-тыру үшін) не тиісті елді мекенде тұратынын растайтын анықтама бюросынан анықтама;
8. Әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар қосымша өтініш берушінің (отбасының) әлеуметтік жағынан осал азаматтарға жататынын растайтын құжат; мемлекеттiк қызметкерлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер қызмет атқаратын адамдар жұмыс орнынан (қызметтен) анықтаманы қосымша ұсынады.
9. Жалғыз тұрғын үйі авариялық жағдайда деп танылған азаматтар осы фактіні растайтын жергілікті атқарушы органынан анықтаманы ұсынады;
10. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар (жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды және мүгедек балаларды қоспағанда) өтініш жасаудың алдында соңғы он екі ай ішінде отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы жиынтық айлық табысы туралы анықтаманы;
11. Өтініш беруші мемлекеттік медициналық мекемеден созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратындығы жөнінде анықтама тапсырады.

С: Мен ІІІ топтағы мүгедекпін. Жасым 31 де. 2 балам бар. Ата-анамнан 2 жасымда айрылғанмын. Маған мемлекеттік бағдарламамен пәтер беріле ме?

Нұрлан

Ж: Бұл азамат үй кезегіне 2 жыл бұрын тұруы керек еді. Себебі, жасы 29 толмаған, ата-анасынан 18 жасқа дейін айрылғандардардың баспанаға қол жеткізуге мүмкіндігі бар. Қазір Нұрланның жасы да асып кетіпті. Ал, ІІІ топтағы мүгедектер бұл жеңілдіктерге ие бола алмайды.

Тұрмысқа шыққаныма 8 жыл болды, 4 баланың анасымын. Күйеуім жекеменшік серіктестікте жұмыс істейді. Төрт баланың анасы ретінде коммуналдық пәтерге қол жеткізе аламын ба?

Асима

Көп балалы ана болғандықтан коммуналдық баспанаға қол жеткізуге болады. Бірақ, балаларыңыз 18 жасқа толмаған болуы қажет. ХҚКО барып, кезекке құжат тапсыра аласыз.

«Жас отбасы» бағдарламасы бойынша тұрғын үй кезегіне 01.01.2014 жылдың басында тұрдым. Оны қашан алатынымды білгім келеді. Бір ұл, бір қызым бар, әйелім жүкті.

Қанат

Халыққа қызмет көрсету орталығы не болмаса egov.kz порталы арқылы нешінші кезекте тұрғанын, қалай жылжып жатқандығын білуге болады. Алайда, баспананың қашан берілетіндігі салынып жатқан құрылысқа  байланысты.

Менiң 2,5 жасар ұлым бар, жолдасыммен некеде болмағанбыз. Айрылысқанымызға 1 жыл болды. Жасым 26-да, бiлiмiм — жоғары, мамандығым – қаржыгер. 2010-2012 жылдары колледж-де мұгалiм болып жұмыс істедім, қазір жұмыссызбын. Мен мемлекеттік бағдарламалар аясында баспанаға қол жеткiзе аламын ба?

Индира

Егер баланың туу туралы куәлігі өзінің аты-жөніне рәсімделген болса, толық емес отбасы санатына кіреді. Мұны №4 форма (АХАЖ бөлімінен әкесі туралы мәлімет жоқ деген анықтама алады) деп атайды. Осы №4 форма, күйеуінен ажырасқандар, күйеуі қайтыс болғандар толық емес отбасына кіреді. Бұлар  халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары санатына жататындықтан баспана кезегіне тұруына мүмкіндігі бар. Жұмысына, төлем қабілеттілігіне қарай қандай бағдарламаға қатысатыны (коммуналдық (арендалық), КИК, ҚТҮЖБ, «Самұрық-қазына» жылжымайтын мүлік қоры АҚ)  баспанаға кезекке тұрған соң анықталады.

Тұрмыс құрғаныма 6 жыл болды. 4 балам бар. Жұбайым екеуміздің де жасымыз 28-де. Жеке кәсіппен айналысамыз. Мені 29-ға толмағандар арасына үй кезегіне қоспайды, тіпті құжат та қабылдамады. Алты жылдан бері айына 40 мың теңгеге пәтер жалдап тұрамыз. Қайта осы ақшаны ипотекаға құйсам деймін. Қалай кезекке тұра аламын?

Әйгерім

Бұл азаматша көп балалы ана болғандықтан коммуналдық (арендалық) тұрғын үй кезегіне тұруына мүмкіндігі бар. Тек  қалада тіркеуде болуы қажет. Сондай-ақ, соңғы 5 жыл көлемінде күйуінің де, өзінің де атында тіркелген, шығарылған үй болмауы керек. Ең бастысы,  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан аз қамтылған және көп балалы отбасы деген анықтамасын алады.

I топтағы мүгедекпін. Жасым 30-да. Мүгедектік тағайындалғандығына 10 айға жуық уақыт болды. Бұрын Астана қаласында жекеменшік мекемеде жұмыс істедім. ХҚКО-нан үйге кезекке тұруға қажетті құжаттар тізімін сұрағанымда бір жылдық кіріс көзі туралы анықтаманы өткізуді сұрады. Мұны қайдан аламын және бұл анықтаманы тапсыру міндеттеле ме?

Ерғали

Бұл анықтаманы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан алады. Олар бұл азаматтың 12 айлық кіріс көзін негізге алып, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына жататындығы не жатпайтындығын есептейді. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 67 бабында «Тұрғын үй беру туралы өтініш жасаудың алдында соңғы он екі ай ішінде жиынтық орташа айлық табысы отбасының әрбір мүшесіне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болатын, халықтың әлеуметтiк жағынан әлсіз топтарына жататын Қазақстан Республикасы азаматтарының пайдалануына беріледі» делінген.

Үй кезегіне тұрғаныма 2 жыл болды. Дәрігер болып жұмыс істеймін. Отбасымызбен 50 мыңға пәтер жалдап тұрамыз. Шымкент қаласында «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры арқылы үй алуға өтінімдер қабылданып жатыр екен. Бұл мемлекеттік бағдарлама аясында берілетін үй ме? Оған кімдер қатыса алады? Бұл туралы толық ақпарат білгім келеді.

Толқын

Бұл компания арқылы баспаналы болу жұмысы енді басталды. «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ы бағыты бойынша «Тұран» шағынауданы, 192 орам, 979 жер теліміне орналасқан «Адия» тұрғын үй кешеніне 321 пәтерге өтінім қабылданды. Оған қатысу үшін жергілікті атқарушы органда мына санаттағылар кезекте тұруы қажет. Олар: Ұлы отан соғысының қатысушылары мен қатысушыларна теңестірілгендер; мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар; жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер; жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; оралмандар; экологиялық зілзалалар, табиғи техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айрылғандар; көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар; мемлекеттік, әскери қызметішлер, арнаулы мемлекеттік органдардың, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері. Бұл бағыттағы үй алудың ерекшелігі 5,7,10,15 жылға беріледі және бірден сатып алуға мүмкіндігіне ие.

Дайындаған — Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

1 пікір

  1. мен мать одиночка есебінде кезекке турғам.жакында машина алып едім енді мені өшредттен шығарып тастамайма?жағдайы жаксы деп

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *