Бас педагог: «Мектептер оқу жылына дайын»

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Бүгінде барлық ата-ана баласын мектепке дайындап қойған да болар. Ал, облыстың білім беру ордалары оқушыларға есігін айқара ашып, оларды қарсы алуға дайын ба? Биыл облыста қанша мектеп пайдалануға беріледі? Қаншасы жөндеуден өтті. Құрылысы аяқталмаған білім ордалары бар ма? Үш ауысымда білім беретін мектеп мәселесі қашан шешіледі? Бізді қызықтырған осы сауалдар еді.

Бүгінгі күні облыста 1022 жалпы білім беретін мектеп бар. Онда 562 621 оқушы білім алады. 2015-2016 оқу жылында тағы да 70 мыңға жуық балақай 1-ші сынып табалдырығын аттамақ. Облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Альбина Елшиеваның сөзіне сенсек, өңірдің білім ұялары жаңа оқу жылына оқушыларды қабылдауға сақадай сай тұр. Тіпті, бұл мақсатқа биыл 184,9 млрд теңге жұмсалған.

«Мектептер оқу жылына дайын»

«Мектептер оқу жылына дайын»

Апатты мектептер…

Бүгінде өңірде құрылысы жүріп жатқан 104 білім нысанының 67-і биыл ел игілігіне берілді. Оның 49-ы мектеп. Бір қуантарлығы, пайдалануға берілген жаңа білім ошақтарының 27-і апатты деп танылған мектептер болатын.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы өңірдегі апатты деп танылған 48 мектептің 33-інде құрылыс жұмыстары басталған еді. Ол үшін республикалық трансферттен – 13, облыстық бюджеттен – 17, жергілікті қазынадан – 3 млрд теңге бөлінді. Бірақ, сол жылы екі мектеп қана ел игілігіне берілсе, биыл тағы да жөнделіп жатқан 27 мектеп жаңа оқу жылына дайын тұр. Ал, қалған мектептердің мәселесі 2017 жылы шешіледі, – дейді А.Балғабайқызы. Яғни, сала басшының сөзіне сенсек, облыстағы апатты мектептер мәселесі, алдағы екі жылда толығымен өз шешімін табады. Ал, мектептердің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгенше, оқушылар амалдап білім алуға мәжбүр.

Альбина ЕЛШИЕВА, Облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының басшысы:

– 2014 жылы облыста 48 апатты жағдайдағы және 25 үш аусымды жұмыс жасайтын мектеп анықталды. Осы мәселелерді түбегейлі шешу үшін типтік үлгідегі бірнеше мектеп салу қажет деген шешімге келдік. Сөйтіп, республикалық, облыстық, жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, 2014 жылы құрылыс жұмыстары басталып кетті.

Үш ауысымды мектептердің мәселесі…

Бүгінде күнгейде 2,5 млн-нан астам халық тұрса, оның төрттен бірі мектеп жасындағы балалар. Ал, облыста небәрі 1022 мектеп бар. Осыған қарап отырып-ақ, өңірде білім беру мекемелерінің тапшы екенін аңғару қиынға соқпайды. Салдарынан, оқушылар үш ауысымда білім алуда. Сөзіміз дәлелсіз болмау үшін сандарды сөйлетейік. Бүгінде өңірде, үш ауысымда білім беретін 24 мектеп бар. Дегенмен, құзырлы мекеме басшылары 2016-2017 жылдары бұл мәселе толығымен шешіледі деп отыр. Айтуларынша бұл бағытта бір қатар жұмыстар да жүргізілуде. Яғни, өңірде үш ауысымда білім беретін мектептер мүлдем болмас үшін, республикалық және облыстық бюджеттен қаржы қаралып, жаңа типтік үлгідегі мектептер салынып жатыр. Мәселен, 2014 жылы 1 мектеп пайдалануға берілсе, биылғы жаңа оқу жылында 3 мектеп оқушыларға есігін айқара ашады. Олардың бірі – Шымкент қаласына қарасты Бозарық елдімекеніндегі №57 мектеп. 470 орынға шақталған бұл ғимаратта бұған дейін 1593 оқушы білім алып келген. Енді мұндағы оқушылар 1200 орындық жаңа мектепте білім алатын болады. 1- ші қыркүйекте сарыағаштық оқушылар да қуанышқа кенеледі. Себебі, бұған дейін білім аларда біраз қиналып жүрген сарыағаштық балақайлар оқу жылын жаңа ғимаратта бастайды. 2017 жылға дейін тағы да 21 мектептің құрылысы аяқталады деп жоспарлануда.

«Мектептер оқу жылына дайын»

«Мектептер оқу жылына дайын»

Айтпақшы…

– Биыл облыстағы 100 білім нысанында күрделі, 697 білім беру ошақтары ағымдағы жөндеуден өтті. Оған қазынадан қомақты қаржы бөлінген болатын. Үш ай бойы жүргізілген жөндеу жұмыстарын облыс және қала басшысы да қайта-қайта қадағалап, жіті бақылауда ұстады. Енді, міне жаз бойғы атқарылған жұмыстар аяқталып, білім ошақтары жаңа оқу жылына оқушыларды қабылдауға дайын, – дейді басқарма басшысы. Тағы бір айта кетерлігі, білім беру саласының мамандары жөндеу жұмыстарымен қатар мектептерді жылыту маусымына дайындау, шалғай елдімекендерде тұратын оқушыларды мектептерге тасымалдау, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары да ойластырылып, қолға алынған.

Сондай-ақ, басқарма басшысы білім мекемелері қажетті оқулықтармен толық қамтылғанын айтты.

Дайындаған – Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *