«Барлаушы болып жау шебіне 25 рет өттім»

Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлері күн санап сиреп барады. Мәселен, облысымызда Ұлы Жеңістің 70 жылдығын 427 ардагер қарсы алған болса, қазір олардан 394-і ғана қалды. Солардың бірі – Молдабек Нұржігітов. Молдабек атаның хал-жағдайын сұрап, соғыс кезіндегі ерліктерін білу үшін шаңырағына бас сұққан едік.

«Барлаушы болып жау шебіне 25 рет өттім»Молдабек Нұржігітов 1921 жылы 1 қаңтар күні Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауылында дүниеге келген. Аталмыш ауылда 7 жылдық мектепті бітірген. 1941 жылдың ақпан айында аудандық әскери бөлімге шақырылып, одан Ташкентке аттанады. Сөйтіп 69-шы жаяу әскерге алынып, ол жерде екі ай жаттығады.

– Ташкент қаласында дайындық өткізгеннен кейін Тула қаласына келіп, сол жерден қару-жарақ алып, соғыс майданына аттандық. Мені кіші командир оқуына жіберді. Ол жерде үш ай болып, сосын бір жыл барлаушылар мектебінде оқыдым. Оқу біткеннен соң барлаушы дивизиясына жіберді. Соғыс қимылдары барысында түрлі тапсырмалармен жау шебіне 25 рет өттім. Днепр өзенін фашистерден азат ету кезінде 40 барлаушы болып, алдыңғы шепте жаумен айқастық. Кескілескен сол шайқаста аяғымнан жарақат алдым. Емделіп шыққан соң, Ленинградты немістерден азат етуге қатыстым. Ол жерде де аяғыма оқ тиді. Бірақ, бұл кезде емделіп шықсам да, денсаулығым соғысқа жарамады. Содан Ленинград электр стансасында жұмыс істедім. Соғыс аяқталған соң 1946 жылдың қыркүйек айында ауылға оралдым. Ауылға келіп қой бағып, одан қалса түрлі салада жұмыс істедім, – дейді, ардагер.

1947 жылы жары Ұлшамен отбасы құрған. Жұбайы екеуі 3 ұл, 3 қызды тәрбиелеп өсірді. Бүгінде 94 жасты алқымдаған қария 20 немере, 21 шөбере сүйіп отыр. Ал жары 2009 жылы өмірден өткен.

Ардагер Днепр өзені бойындағы шайқастағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, Ленинградты жау-дан азат ету кезіндегі ерлігі үшін III дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденін алған. Одан бөлек 12 медалмен марапатталыпты. Жеңістің 70 жылдығына орай үкімет ұсынған1 миллион теңгеге ие болған.

Молдабек ата соғыс қимылдарындағы сәттерді есіне түсіре отырып «ендігі ұрпақ соғысты көрмесін» деген тілегін айтты.

Әділхан Абайұлы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *