Барды ұқсата алмаған ұтылады

Қаржының игерілмей қалуы жыл сайын қайталанатын «жырға» айналды бүгінде. Дәстүрлі спектакль. «Тіпті солай болуы тиіс» деп қабылдайтын дәрежеге де жетіп қалғандаймыз. Соны сораптан шықпайтын сценарийдей де тіпті. Биыл қазына қамбасында жамбасы қимылдамай қалып кеткен қаржы 129 млрд теңгені құрап отыр. Аз қаржы емес. Бұған біраз жыртықты жамап алуға болар еді. Егер «қазаншы» ерік берсе… Бірақ «құлақты» қайдан, қалай болса, солай шығаруға болмайды. Өзіндік бағыты бар. Өзіндік миссиясы бар. «Орындалмайтын»…

Кезінде үкіметтегі ел экономикасының жай-күйіне жауапты болған бұрынғы министр Ерболат Досаев
кезінде дәл осы мәселені ас қорыту жүйесінің бұзылуы, яғни, «асқазанның созылмалы қорытпауы» деп айтқан болатын.
Бұл теңеу бүгінгі күні де өз мәнін жойған жоқ. Бұған қарап мынадай қорытынды жасауға болады: бюджеттік қаржының дер кезінде орындалуына бақылау жеткіліксіз. Мемлекеттік қаржыны басқару жүйесі сапасыз.

Үкімет отырысында еліміздің бас қаржыгері Бақыт Сұлтанов: «Әкімшілер 129 млрд теңгенің орындалуының мүмкін еместігі туралы мәлімдеді. Игерілмеген соманың 90 пайызынан астамы үкіметтің пайдаланылмайтын резервіне (90 млрд теңге), ал өзге қаржы (32 млрд теңге) игерілмеген деп табылған үнемдеу резервіне тиесілі. Игерілмеу 7,5 млрд теңгені құрайды. Бұл шамамен өткен жылдың деңгейіндегідей (7,8 млрд теңге)» деді. Айқұлақтана айғайға басудың қажеті де жоқ шығар. Дегенмен…

Сонымен қаңтар-қараша айлары аралығында сыртқы істер министрлігі 2,8 млрд теңге, ішкі істер министрлігі 1 млрд теңге, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі 1,2 млрд теңге, білім және ғылым министрлігі 0,6 млрд теңгені игере алмай қалған. Әрине, «балға осал болса, шегенің қисық қағылатыны анық». Қаржының игерілмей қалып кетуіне байланысты түрлі уәждер айтылды. Бірақ дөп емес. «Суға кеткен тал қармайдының» кері ғана.

Бекен Керімқұлов, ОҚО Қаржы басқармасының бөлім басшысы:
Игерілмей қалып кеткен қаражат туралы мәлімет 11 айдың қорытындысы негізінде айтылды. Жылдың аяғына дейін біраз қаржы игерілуі керек. Игерілмеген қаржылардың басым бөлігі облыс бойынша денсаулық сақтау басқармасында 1,1 млрд, ауыл шаруашылығы басқармасында 1,2 млрд теңгені құрап отыр. Облыс бойынша 28 бағдарлама әкімшісі бар, 15 қала, аудан әкімдіктері бар. Ал Шымкент қаласы бойынша 3 млрд қаржы игерілмеген. Нақтылаудан соң соған сәйкес қайта бөлініп, қайтадан бағытталады. Негізінде оны басқа салаға бағыттауға болмайды, бюджеттік бағдары бойынша игерілуі тиіс. Олай болмаған жағдайда мақсатсыз пайдаланылған деп есептелінеді.

Ең көп қаражатты игермегендердің көшінің басында сыртқы істер министрлігі тұр. Яғни, 2,8 млрд теңге. Оған басты себеп – Астанадағы бейбітшілік саммитінің өткізілмей қалуы, Өзбекстанда елшілік ғимараты құрылысының қымбаттауы әсер еткен көрінеді. Бұл ақталу мақтануға тұрарлық емес, әрине. Аталған министрлікпен иық тіресе екінші орында келе жатқан Ішкі істер министрлігі – 1 млрд теңгені игермеген. Олардың да нақты себебі мен сылтауы бар. Құрылыс жұмыстарының уақтылы орындалмауы деген сынды. Әлеуметтің әлеуетін көтеру мен тән саулығын сақтауға жауапты министрлік 1,2 млрд теңгені қазына қамбасынан қозғамаған да. Басты желеу — еңбек дағдылары жобасына қатысты конкурстық жұмыстардың өткізілмеуі әрі науқастардың емделу курсының аяқталмауына байланысты делінген. Әрине мұны жаны ашымастың қасында басың ауырмасын деу дұрысырақ сияқты. Өйткені денсаулығын түзеу үшін емханаларға қаралған науқастар тегін амбулаториялық емді қараша айына жетпей-ақ ала алмай қалады. Өйткені «тендердің» уақыты бітті, дәрі-дәрмек таусылды» деген жауап естиді. Демек екі тараптың да уәжі бірі айға, бірі сайға қарап тұр. Ал осы салаға жауапты министрлік бәрін дұрыс жоспарлағанда мұндай жаны ашымастық орын алмас еді-ау. Қалған қаржы денсаулық саласын сауықтырып жібермесе де, бір жыртығына жамау болары сөзсіз еді. Хош, сонымен Білім және ғылым министрлігі 0,6 млрд теңгені жатақхана құрылысы жұмыстарының аяқталмауы, конкурстық құжаттаманы дүниежүзілік банкпен ұзақ келісуге байланысты игермепті.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша миллиардтаған қаржының игерілмей қалуынан қорқатындай ештеңе жоқ көрінеді. Уәж «жұбатуға» тұрарлық. Өйткені, игерілмеген қаржының 90%-ынан астамы – үкіметтің биыл төтенше істерге пайдаланылмаған резерві, яғни, 90 млрд теңге және үнемделген қаржы 32 млрд теңге. Аймақтар және қалалар бойынша қаржыны игере алмағандардың көшін Алматы қаласы бастап тұр. Оған 26,8 млрд тиесілі. Бас қаланың еншісіне 26,3 млрд қалып отыр. Ал өңірлердің арасынан Маңғыстау облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысы қатарластарынан қара үзіп алға шығып отыр. Біріншісінде – 11,5 млрд, екіншісінде – 10,5 млрд теңге игерілмей қалған. Одан кейін Батыс Қазақстан облысы – 7 млрд, Алматы облысы – 6,7 млрд теңгенің «мұртын бұзбаған». Бұдан бөлек қазына қамбасынан өңірлерді қолдауға қосымша қаражат та бөлінген. Әр облыстың тізгінін ұстаған әкімқаралар оны да ұқсата алмай отыр. Жыл аяқталуына санаулы ғана күндер қалғанда мұрты бұзылмаған қаражат игеріледі деу тым асыра сілтеушілік болары анық.

Бөлінген қаражатты қорыта алмаған барлық министрліктерді, өңірлерді сойып салған Қаржы министрлігінің өзі де «сау сиырдың саңғырығы» емес екен. Өз кезегі келгенде мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастырудан түскен қаражат 25 млрд теңгенің өз мақсатында жұмсалғандығы, ал жыл соңына дейін 13 млрд теңгені игеру қажет екендігін мәлімдеді министр мырза. «Игерілмей қалған қаражат» деген жоқ. «13 млрд теңгені игеруіміз қажет» деді. 11 ай бойы ақшаны жарата алмай, ай қарап жүргенде жаңа жылға аптаға жуық уақыт қалғанда осыншама қаражатты қайда жарататындары белгісіз. Осылайша қалпы мен парқы келіспей қалған жәйі бар…

Есепшілердің есебінше биыл қазына қамбасынан шамамен 9 трлн теңге жұмсалады деп көзделген. Бұл бұрынғы жылдардан жоспарлағаннан 20%-ға көп. Қаржы министрі жергілікті бюджетті игеру жағдайы өткен жылдың дәл осы кезеңіне қарағанда тағы 0,5%-ға нашарлағанын айтып отыр. «Тұтастай алғанда, мемлекет бюджетінің шығындары 97%-ға, соның ішінде республикалық бюджет 98,2%-ға және жергілікті бюджет 96,6%-ға орындалды», – деді Бақыт Сұлтанов.

«Теңіз тамшыға зәру емес», әрине. Алайда мемлекет қазанына құйылып жатқан әр тиынның (теңгені айтпағанның өзінде) есебі болуы керек. Әрі қазаннан шыққан шығыстың да есебі дұрыс болуы тиіс. Бөлінген қаражатты өз мақсатында, дер кезінде жұмсай білу де асқан ептілікті қажет ететіндігі айқындалып келеді. Ол үшін енді министр мырзалар мен әкімқаралар арнайы оқытудан өтпесе…

 

Гүлжан Жұмаш

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *