Баланың күюіне ата-анасы кінәлі

14 ожооог

Бейғам жүрген ана аяқ астынан «шар» ете қалған баласының даусын естіп, жүгіріп асханаға кіргенінде, сәбиінің ыстық суға күйгенін көрді. Үстел үстінде қалып қойған ыстық су толы шәугімді 9 айлық бала қолымен тартқанда, үстіне құйылып кеткен. Жан дауысы шығып, шырқыраған балаға анасы не көмек көрсететінін білмеген. Қолынан бар келгені баласының үстіндегі киімін толық шешіп үлгеріпті. Дереу жедел жәрдем көлігін шақырып, күйген бала аудандық ауруханаға жеткізіледі. Күйігі ауыр болған соң, дәрігерлер науқас баланы облыстық балалар ауруханасына алып келген екен. «II дәрежелі күйік» деп диагноз қойылып, тез арада көмек көрсетіп, ем-домын жасап жатты. Облыстық балалар ауруханасының күйік бөлімшесі дәрігерлерімен сұхбаттасуға барғанда осы оқиғаға куә болдық.

Ақ халаттылар күйік шалған балалардың саны артты, деп дабыл қағып жатыр. Бүгінде облыстық балалар ауруханасының күйік бөлімшесіне аудан-қалалардан күніне терең күйік шалған 5-6 науқас емделуге жатады. Олардың көбісі 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндер екен. «Ыстық сорпа мен шәугімдегі қайнап тұрған су үстіне құйылып, күйіп қалған бала саны көп», — дейді облыстық балалар ауруханасы күйік бөлімшесінің меңгерушісі Қайрат Имаш.
— Ересек балаларға қарағанда жасына жетпеген және 3 жасқа дейінгі сәбилерде ыстық суға күю жағдайы жиі орын алады. Айталық, бөлімшеде 2015 жылы күйіктен ем алған 677 баланың 179-ы 3 жасқа дейінгі балалар болды. Бұл кезде баланың таным-түсінігі даму үстінде болғандықтан, барлық нәрсеге қызығушылық танытады. Көргісі, сосын оны ұстағысы келеді. Суықты, не ыстықты ажырата алмайды. Тынымсыз болады. Сол себепті, ата-аналарға нақ осы уақытта баланы көзден таса етпеуге кеңес береміз, — дейді Қайрат Ақназарұлы.
Дәрігер әсіресе, үш жасқа дейінгі балалардың күюіне ата-аналардың өздері кінәлі екендігін айтады. Олар көк жәшікте жүріп жатқан түрік пен үндінің сериалына есі кетіп, баласын ұмытатын көрінеді. Көз бен көңіл теледидардағы сериалдар мен әлеуметтік желіде болып, балалардың жазатайым оқиғаға ұшырауы дәрігер-лердің алаңдату-шылығын туғызуда. Өйткені, терінің күюі бүгін-ертең жазылғанымен, орнындағы тыртығы баланың болашағына кедергісін келтіруі мүмкін. Бұл адамның денсаулығымен қатар, психикалық жағдайына кері әсерін тигізеді.

Күйіктен кейін…

Денені күйік шалғанда сол сәттен бастап ағзада улану басталады. Адам есеңгірейді. Науқастың қан құрамында хлор иондары азайып, белок төмендейді. Зат алмасу бұзылып, тамырдың соғуы жиілейді. Қан қысымы төмендеп, жүрек, бауыр, асқазан-ішек жолдары, өкпенің қызметі бұзылады. Содан кейін науқастың басы айналып, құсуы да мүмкін. Яғни, бұл тұста зақым теріге ғана келмейді. Сол себепті, күйік шалғанда өз бетінше ем жүргізуден сақ болу қажет. Мұндай әрекет адам өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан, тез арада дәрігерге жүгінген жөн.
Қайрат Ақназарұлы науқас балалардың күйіктен кейінгі өміріне ата-аналары жауаптылықпен қарағанын қалайды. «Бала күйгенде 1-2 жыл дәрігердің бақылауында болуы тиіс. Ал, ІІІ,ІV дәрежелі күйікте кемінде балдырғандар толық жазылуға 4-5 жыл уақыт қажет. Күйік – ұзақ емді қажет етеді. Балалар күйіп қалғанда алғашында жеңіл-желпі қарайды да, «күйіп қалдым» деп жүре береді. Уақыт өте келе күйген тыртықты орындар тартылады да, күйік шалған орнына байланысты қозғалысына, бір затты алып-қоюында қиындықтар туады. Егер қол күйсе, саусақтар ашылып-жабылуда кедергілер басталады. Мойын күйсе, бұрылмайды дегендей. Бұған дер кезінде ыждаһаттылықпен қарамаса, үлкен буындар тартылып денсаулық сыр береді.
Екінші психологиялық жағынан баланың жүйкесіне салмақ түседі. Өзгелердің басқаша көзқараспен қарауы, кемшілігін айту оны қоғамнан аластатады. Ұялады, ешкіммен сөйлеспейді, дейді дәрігер.

Емшіден көмек сұрама

Күйік шалғанда алғашқы көмекті тек ақ халаттылар ғана көрсете алады. Үй жағдайында білмейтін дәрі-дәрмектерді қолдану – баланың өмірін жалмайды. Мәселен, тері күйгенде тәуіптер қазы майы немесе трансформатор майымен емдейді. Күйік шалудың дәрежесіне қарай бұл заттарды қолданудың қауіпті екендігін дәрігерлер айтып келеді. Дегенмен, бұл кеңесті тыңдайтындар аз. Қайрат Ақназарұлы трансформатор майының кесірінен күйік шалған бір баланың осыдан 3-4 жыл бұрын көз жұмғанын айтты. Күйіп қалған бала өзгелердің кеңесімен аталған майды жаққан. Нәтижесінде майдан ағза уланып, дерт әбден асқынған. Сол кезде ғана ата-анасы баланы ауруханаға алып келген. Тәуіптердің «дәрісінің» кесірінен ауруын асқындырып барып, ем алуға келетіндер көп екендігін дәрігер қынжыла айтты.

Алғашқы көмек

Алғашқы медициналық көмекті науқасқа өзіңіз көрсете аласыз. Мәселен:
*Күйік шалған орынды мұздай судың астында ұстайды. Бұл күйіктің денеге терең өтпеуіне көмектеседі.
*Қатты күйгенде дәкені суық суға малып, дәрігер келгенше денесіне жабады.
*Дәрігер келгенше бұдан өзге басқа да шара қолдануға әрекет етпеңіз.
*Күйген жерді қолмен ұстамайды. Күлдіреген ісікті жаруға, жабысқан заттарын алып тастауға рұқсат етілмейді.
*Күйген жерден киім немесе аяқ-киімді шешуге болмайды. Оны қайшымен қырқып, кесіп алып тас-тайды.

Ата-анаға кеңес!

— Кішкентай балалардың оттың қасына жақындауына тыйым салыңыз;
— Сіріңкені баланың көзінен таса жоғарыға қойыңыз;
— Отта тұрған кастрөл, қазанның құлақтары балының қолы жетпейтіндей жерде тұрсын;
— Жерге немесе шай ішетін үстел үстіне ыстық су, сорпа құйылған ыдыстарды қалдырмаңыз;
— Баланы асханада жүргенде көзден таса етпеңіз;
— Тұрмыстық техникаларды тоқ көзінен ажыратып, жоғарыға қойыңыз.

14 Имаш дәрігер (4)

Қайрат Имаш

Қайрат Имаш, облыстық балалар ауруханасы күйік аурулары бөлімшесінің меңгерушісі:
— Күйік аурулары бөлімшесі 35 төсектік орынға арналған. Қазіргі таңда 29 науқас ем алып жатыр. Қала аумағының кеңеюі және халық санының артуына байланысты да науқастар саны күннен күнге артуда. Тұрмыстық жағдайда, оның ішінде – химиялық заттардан, термикалық, тоққа күйіп жатқан балалар көп. Сондықтан, барлық сақтық шараның жауапкершілігі ата-аналардың мойнында.

 

 

14 толқын герой

Толқын Тәжібаева

Толқын Тәжібаева, қала тұрғыны:
— Үш балам бар. Екеуі — балабақшада, біреуі — бір айлық. Үлкен екі қызым тынымсыз болғандықтан, ас үйде бір сәт қараусыз қалдырмаймын. Себебі, қазандағы ыстық сүт жерде тұрғанда күйіп қала жаздап, бір сақтанып қалғанымыз бар. Мұндай жағдайлар, балалы үй болған соң жиі орын алады. Дегенмен, «сақтансаң ғана – сақтайды» дейді ғой. Болашағы үшін алаңдайтындықтан, қауіп келеді деген заттарды жоғарыда ұстаймыз.

Дайындаған — Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *