Балабақша жетпейді

Елімізде әрбір бесінші бала дүниеге келетін Оңтүстікте балабақша мәселесін шешу кезек күттірмейтін шаруалардың бірі. Себебі, шым шаһардың өзінде 55 мыңнан астам бала балабақша кезегінде тұр. Ал елді мекендерде мемлекеттік балабақшалар жоқтың қасы. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жергілікті билік пен сала басшылары мектептердің жанынан шағын орталықтар ашып, амалдауда.

 

Балабақша жетпейді

Статистикаға жүгінсек, бүгінде облыс орталығында 296 мектепке дейінгі мекеме болса, оның – 82-сі мемлекеттік, 170-і жекеменшік. Қалғаны мектептердің жанынан ашылған шағын орталықтар. Қазір осынау мекемелерде жалпы саны 46398 бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 45011-і 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндер. Ал, мемлекеттік тапсырыс арқылы 159 жекеменшік балабақша қызмет көрсетеді. Мұндай бақшаларға 16835 бала орналастырылған. Бұған қоса, мектептердің жанынан 82 мемлекеттік шағын орталықтар ашылып отыр.

Десе де, облыс орталығында балабақ-шалардың көптігіне қарамастан, кезекте тұрған бүлдіршіндердің саны азаяр емес. Осыған орай, биыл қалада қанша балабақша салынып бітті, қаншасы салынып жатыр? Бұл балабақшалар халықтың сұранысын қамти ала ма? Бұл сауалдарға жауап алу үшін Шымкент қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Эльмира Тлеукееваға жолыққан едік. Балабақша мәселесіне жауапты маманның сөзінше, мектепке дейінгі мекемелердің жетіспеушілік мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде.
– 2015 жылы 8 балабақшаның құрылысын жоспарға қойғанбыз. Оның екеуі салынып бітті. Олар «Самал-3» мөлтекауданы мен «Тұлпар» қалашығының маңында орын тепкен. Ал Жангелдин көшесі мен «Нұртас», «Бозарық», «Қазығұрт» шағынауданындарындағы 6 балабақшаның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Күннен күнге бала туу көрсеткішінің артуына байланысты біз балабақшамен қамтудың шешімін табуға тырысып жатырмыз. Ол үшін жекеменшік балабақшаларға мемлекеттің тарапынан балаларды орналастыруға мүмкіндік берудеміз. Бүгінге дейін шаһарда балалар балабақшамен 77 пайыз қамтылып отыр, – дейді ол.

Балабақша жетіспеушілігі проблемасын шешу үшін қазір қаламызда сегіз балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Солардың бірі – «Нұртас» мөлтекауданында орын тепкен. Жаңадан салынып жатқан балабақша 320 бүлдіршінге лайықталған. Бұл нысанның құрылысы 2014 жылдың шілде айында басталып, оған бюджеттен 524 млн теңге бөлінген. Жоспар бойынша қараша айында пайдалануға беріледі. Сала мамандары бұл ретте өзекті мәселенің шешімін табуға жекеменшік балабақшалардың да қосқан үлесі зор екенін айтады. Жекелеген азаматтарға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіліп, кезекте тұрған бүлдіршіндер осы мекемелерге баратын. Мәселен, былтыр қазан айында күшін жойған «Балапан» бағдарламасы бойынша қалада 2010 жылы 7 балабақша ашылса, 2011 жылы балабақша ашуға 30 шақты жеке кәсіпкер ұсыныс білдірген екен. Соның нәтижесінде, күні бүгінге дейін 159 жекеменшік балабақша ашылып, мемлекеттік бағдарламамен жұмыс істеуде. Ал қазір кәсіпкерлер балабақша ашуға қаншалықты қызығушылық танытып жатыр деген сауалға Эльмира Ермаханқызы, ондай талап білдірушілердің барын айтып өтті. Бірақ, ол үшін республикалық бюджеттен қаржы түсуін күтіп отыр. Яғни, республикалық бюджеттен қаражат түскен жағдайда БАҚ арқылы конкурс жариялайтынын айтты. Конкурста қандай құжаттар қажеттігі, жылжымайтын мүлігі, өрт пен Тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасынан алған рұқсат қағазы болуы талап етіледі.

36-026

 

– Жасыратыны жоқ, кез-келген ата-ана баласын мемлекеттік балабақшаға орналастырғысы келеді. Мәселен, 320 орындық балабақша ашылса, оған 400-ден астам бала баруы мүмкін. Бұл орайда қалалық білім бөлімі 2018 жылға дейін мектепке дейінгі мекемелерде балалар санын тым асырмау туралы жұмыстар жасалып жатқанын жеткізді.

– Мұны былтырдан бастап қолға алдық. Мемлекеттік балабақшаларда 25 мың бала болған. Бүгінде олардың саны 23 мыңға яғни 3000 балаға дейін азайды. Мысалы, 30 орын болса, сол орынға бала санын сәл аздау етіп жібереміз. Бұған дейін балалардың көп болу себебі, бұрынғы ережеде қосымша жиналатын кереуеттер орнату жүйесі болатын. Қазір ол ережеде көрсетілмеген. Әрине, облыста бала саны көп. Сондықтан, бұл мәселені шешу үшін оларды жекеменшік балабақшаларға жіберіп жатырмыз. Бұған ата-аналар да дән риза» – дейді, Эльмира Тлеукеева.

Ал балабақша ақысына келсек, бір балаға бюджеттен 18 мың теңге бөлінеді. Мемлекеттік балабақшада балалар төлемақысы — 7084 теңге, жекеменшік балабақшада — 18 мың теңгені құрайды. Бірақ, ата-аналардан тек 7084 теңге алынады.

36-029

36-028

Жекеменшік балабақшалардың үлесі

Өз кезегінде, жекеменшік балабақшалар да балаларды кезегін көп күттірмей қамтуға барынша үлесін қосып жатыр. Солардың қатарында «Рабия» және «Балбөбек-Димаш» балабақшалары бар.

«Рабия» балабақшасы — 2010 жылдың сәуір айында ашылған, 103 орындық. Қазіргі таңда мұнда 80 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Мемлекеттік тапсырысқа сай тәрбие беретін балабақшада «Зерек бала», «Алғашқы қадам», «Біз мектепке барамыз» бағдар-ламалары бойынша білім беріледі. Әрі баланың ой-өрісін дамытатын түрлі ойындар мен мерекелік ертеңгіліктер ұйымдастырып тұрады. Мектепке дейінгі мекеменің меңгерушісі Сәуле Тұрысбекова болса, «алдағы уақытта 103 баланы толтырамыз деп отырмыз. «Балапан» бағдарламасы бойынша балаларды мемлекеттік ақыда қабылдап жатырмыз. Үкіметтің бөлген ақшасы жеткілікті. Бұл үшін Елбасына, жоғарыда отырғандарға алғыс айтамыз» – дейді.

Ал, «Балбөбек-Димаш» балабақшасы 2012 жылы 12 желтоқсанда үш топпен ашылған. Басында 90 баланы қабылдаған мектепке дейінгі мекемеде қазір төрт топта жүзге тарта бүлдіршін тәрбиеленуде. 18 білікті маман білім беретін балабақшаға ата-аналар мемлекеттік бағдарламамен — 7100 теңге төлейді. Бұл бағдарламаға енбей қалса, әр балаға ай сайын 20000 теңгеден төлеу міндеттелетін еді.

36-027

 

– Біз «Балапан» бағдар-ламасымен жұмыс істейміз. Мемлекет алғаш рет жекеменшік балабақ-шаларды қолдап отыр. Өйткені, кезекте тұрған бала саны көп екенін білесіз. Соған жағдай жасап жатыр. Мұнда барлығы қазақ тобы. Ағылшын, орыс тілін үйретеміз, хореография мен ән сабақтары өткізіледі. Бізде орыс балалар да бар. Тіпті ағылшындық бір бала да осында екі жылдай тәрбиеленіп кетті. Ата-анасы осында іссапармен келген болатын. Балабақшаға бір жарым жастан алты жасқа дейінгі балаларды қабылдаймыз. Тәрбиешілерге идеяларыңды жаңартып тұрыңдар, ғаламтордан өздеріңе ұнаған дүниелерді балаларға да үйретіңдер деген талап қоямын» — дейді, балабақшаның меңгерушісі Мадина Бердібаева.

Түйін:

Сонымен, кезекте тұрған 55 мыңнан аса баланы балабақшамен толықтай қамту – бүгін не ертең шешіле салатын мәселе емес. Сондықтан да, мемлекетке иек арта бермей, жекеменшік балабақшалардың жанынан мемлекеттік топтарды көптеп ашуға күш салған жөн. Сондай-ақ, қалтасы қалың азаматтар тойхана, кафе, дүкендерді ашқаннан гөрі ұрпақтың келешегі үшін балабақша салса игі. Әрі жекенің меншігіне өтіп кеткен, балабақшалар да мемлекеттің қарамағына қайтарылса, ұзын сонар кезекте тұрған балақайлардың саны біршама азаяры сөзсіз.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *