Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі

 

Тәрбие ешқандай үзіліс, демалыс күндері дегенді білмейді. Жас ұрпақты қоғамымыздың саналы азаматы етіп тәрбиелеу – оқушылар ұжымы мен еңбек етуші педагог-психологтардың және отбасының ең негізгі міндеті.

«Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы және жақсы ұстаздан болады» деп Абай атамыз айтқанындай, оқушылар бойында адамдық қасиеттерді тәрбиелеуде ата-ананың, яғни отбасының алар орны ерекше.

Оқушылардың күнделікті өмірін мәнді ұйымдастыру, баланың қызығуын, физиологиялық және рухани даму жағдайларын қалыптастыру, ой-өрісін кеңейту шараларын өткізуде ата-аналармен тығыз жұмыс істеу керектігі белгілі жәйт.

А.С.Макаренко: « Ата-анаға арналған кітабында» бала тәрбиесінде сіздің іс-қимылыңыздың өзі шешуші рөл атқарады.

Сіз тәрбиені сөз арқылы немесе үйрету, бұйыру арқылы іске асырамын деп ойламаңыз, тәрбие өмірдің әр сәтінде тіпті, сіз үйде болмаған кезде де іске асады. Тәрбие сіздің қалай киінетініңіз, өзгелермен қалай сөйлесетініңіз, олар туралы не ойлайтыныңыз, сіздің дос-дұшпандарыңызбен қалай қарым-қатынас жасайтыныңыз, қалай күлгеніңіз, қалай газет оқығаныңыз – осы іс — әрекеттеріңіздің бәрі де балаңыз үшін маңызды. Тіпті дауыс екпінінің өзгеруін де бала сезінеді, сіздің барлық ойыңыз балаңыздың көкейіне беймәлім жолмен жетеді, сіз оны байқамайсыз да. Ал отбасында сіз дөрекілік көрсетіп, жұбайыңызды жәбірлесеңіз осы ісіңізбен сіз балаға жаман тәрбие бересіз», – дейді.

Дегенмен де, ересектер мен балалардың өмірі тек өнегелі іс-қылықтардан тұрмайтыны белгілі, кейде олар шалыс басады, ол кезде тіпті кейбіреулер қылмысқа да барады.

Бала әрқашан да ата-анадан жүрек жылуын, мейірімділікті қажет етеді. Ол ата-ананы өмірдің тірегі санайды. Бала үшін ата-ана игілік жасаушы, үлгі-өнеге көрсетуші және ақыл-кеңес айтушы болып танылады.

Еліміздің жарқын болашағына ие болар жастарды салауатты азамат етіп өсіру – әрбір ата-ананың, тәрбиешінің, оқытушы мұғалімнің тікелей міндеті. Бірақ күнделікті теледидар хабарына, заман үрдісінен қалыспай күн сайын жетіліп келе жатқан жас жеткіншекті қалай тәрбиелейміз? Оларға қай бағытты ұсынамыз? Мектеп қабырғасындағы тәрбие ісін неден бастаймыз? – деген сұрақ әрқайсымызды да ойландыруы тиіс.

Баланың ар жағында ата-анасы бар емес пе? Олармен ортақ мақсатты шешу жүгі де оңай емес.

Нәтижесін уақыт көрсетер, дегенмен, заманына сай адамы демекші, баланы жан-жақты кемел етіп өсіруді көздейтін үздіксіз тәрбие ісінің жүйесін құру мәселесі ойлануды қажет етеді. Бір кездері бала үлкеннің айтқанын бұлжытпай орындайтын елгезек еді. Мұғалімін көргенде бас киімін алып ізет көрсететін.

Ал бүгінгі бала үлкеннің өзімен тең дәрежеде ой бөліскенін қалайды. Өзінің ішкі сезімін түсінген адамды жанына жақын қабылдауға дайын. Ал баланың пікірімен санасуға, оның ойын одан әрі дамытуға, бағыт беруге, кез келген тәрбиеші мұғалімнің, ата-ананың өрісі жете ме? Оның кілті қайда? Ол үшін не істеу керек? – деген сұрақтардың туындауы заңды.

Егер бала жүрегінің пәктігін естен шығармай оның жүрегін таза күйінде сақтауға тырысатын болсақ, баламен бірге өз жүрегіміздің тазаруына көңіл бөлсек, оны тәрбиелеу мәселесіндегі келе жатқан көп сұрақтарға жауап табар едік. Баланың жүрегін жаулап алу сезіміне әсер ету үлкен шеберлікті, асқан төзімділікті қажет етеді.

Ең әуелі, ата-анада педагогтық қасиет болуы қажет. Баланың бірде-бір әрекетін бақылаусыз қалдыруға болмайды. Сонымен бірге тәрбие мәселесінде асығыстық жасауға болмайды.

Балаларды оқытып тәрбиелеу ісінде өнегелі ата-аналар мектепке елеулі жәрдемін тигізеді. Олар әр оқу жылының басынан ақырына дейін мектеппен күнделікті байланыс жасап, тәртібі қиындарға өз ықпалын жүргізеді, сол сияқты баланың үйде сабаққа даярлануын дұрыс ұйымдастырады. Соңынан мұғалімдей тексеріп, оқушы дәптерінің тазалығын көріп, әр түрлі кеңес береді, оның отыратын орындығы мен үстелінің жайлы болуын, құралдарының жинақы тұруын бақылайды. Олардың жақсы оқуына, әр пәннен толық үлгеруіне ұйытқы болады. Мұның бәрі де жас шәкірт үшін үлкен маңызға ие.

«Баланы жастан» дейді қазақ атам. Дей тұрсақ та, бала тәрбиесіне келгенде кейбір ата-аналардың мән бермейтіні өкінішті-ақ. Ата-аналар жиналысына келмеу, мектеп өміріндегі болып жатқан өзгерістерге ат салыспау, баланың сабақ үлгеріміне, киіміне, үсті басының тазалығына көңіл қоймау, міне, осының бәріне кінәлі жинақтала келгенде мұғалім болып шығады. Оның ішінде сынып жетекшісі. Түбі осыдан арылмайынша тәрбие жұмысында жақсы нәтижеге қол жеткізе алмаймыз.

Ата-аналар мектеппен ұдайы қарым-қатынас жасап, баланың жағдайынан хабардар болып тұрғаны тиімді. Сынып жетекшісі пән мұғалімдерімен жолығып, өзара байланыста болған жерде ғана іс оңға басады.

Әрбір ата-ана кешкісін баласының күнделігін тексеріп, үйге қандай тапсырма берілгенін, күнделікті бағаларына мән бергені жақсы. Бірақ ата-аналар әлі күнге күнделікке көңіл бөлмейді. Бетін ашып қарамайды. Мұны аңғарған бала күнделігін қалай болса солай ұстайды. Кей жеріне өзі-ақ қол қоя салады.

Мектеп пен ата-аналар арасында жақсы байланыс орнатылса ғана еліміздің ертеңін ойлайтын орда бұзар азамат тәрбиеленіп шығарына сенімім мол.

Шолпан НҰРСЕЙІТОВА,

№66 мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *