Балаңыз мектепке баруға психологиялық тұрғыдан дайын ба?

Әне-міне, дегенше жаңа оқу жылы да басталып қалды. Бұл әрине ата-ана үшін де, бала үшін де жауапты кез. Ал, баласы бірінші сыныпқа баратын ата-аналар бұл кезде екі есе қобалжиды. Мектеп формасы, қажетті оқу құралдар деп күйгелектеп жүрген ата-ана көбінесе баласының психологиялық тұрғыдан мектепке баруға дайын не дайын еместігін ескере бермейді. Ал сіздің балаңыз 1-ші сыныпқа баруға психологиялық тұрғыдан дайын ба? Баланы мектепке баруға қалай дайындау қажет? Кімнің көмегіне жүгінген жөн? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Балаңыз мектепке баруға психологиялық тұрғыдан дайын ба?1-ші сыныпқа барамыз

2015-2016 оқу жылында облыс бойынша 70 мыңға жуық, қалада 20 мыңға жуық бала 1-ші сыныпқа барады екен. Белгілісі, балақайлардың көпшілігі – балабақшаға барған. Енді бір бөлігі – ата-әжесінің тәрбиесін көргендер. Арасында мектеп алды даярлық тобында болғандар да бар. Олардың жөні бір бөлек. Себебі, мұндай балақайлар мектеп партасына, ұстазға, сабақ кестесіне, тәртіпке үйренген. Ал, балабақша мен үйде емін-еркін жүріп қалған балақай бұл өзгерістерге бірден үйрене алмай қиналады. Өйткені, балабақшадағыдай емес, енді мектеп қабарғасында біршама өзгерістер басталады, ұстазы болады, ортасы өзгереді. Бұрынғы еркіндігінен айрылып, уақыты шектеледі. Қазіргі балалардың «сана-сезімі ерте жетіліп-дамиды» деген түсінік болғанымен мамандар «мұндай өзгерістерді олар бірден қабылдай алмайды» дейді.

Зейіні жоқ баланың оқуға ықыласы болмайды

Бұған дейін емін-еркін жүріп тұрған баланың жүрісі шектеліп, ой-өрісіне салмақ түскен соң, мінезінде өзгеріс байқалады. Яғни, білім ошағанына баруға асығып-аптыққаны 2-3 күннен кейін-ақ басылып, мектепке барғысы келмей, қылық шығарады. Осы ретте психолог мамандар, баланың жаңа ортаға үйренуіне кемінде 2 апта немесе 1 ай уақыт керек екенін айтады. Сала мамандарының осындай пікірінен кейін баланы психологиялық тұрғыдан мектепке дайындау керек деген ой түюге болады.
Айтпақшы, дәрі-герлер 1 сыныпқа баратын баланы міндетті түрде медициналық тексеруден өткізу керектігін ескертеді. Айтуларынша, алдын ала өткізілген тексерулер баланың бойындағы ата-ана байқамай келген кейбір ауытқуларды анықтауға септігін тигізеді. Облыстық офтальмологиялық ауруханасының бас дәрігері Дулат Өмірзақұлы: «Соңғы уақыттары балалар арасындағы жақыннан көргіштік немесе медицина тілімен айтқанда миопия дерті көбеюде. Соңғы деректер көрсеткендей Қазақстанда балалардың 5 пайызы мектепке көзілдірік тағып барады. Бұған ата-аналар кінәлі. Олар балаларының денсаулығына жауапкершілікпен қарамайды. Құлағының тыныш болуын ойлап, баланың теледидар алдында, компьютерде, ұялы телефон, планшетпен сағаттап ойнап отыруына жол береді. Күні-түні телефонға, теледидарға, компьютерге шұқшиған баланың көзі тек жақыннан жақсы көруге қалыптасады. Сосын олар алысты көрмейді. Қазір ата-аналар арасында мектеп жасындағы баласының сабаққа зейіні жоқтығын айтып шағымданатындар көп. Негізі зейіні жоқ бала болмайды. Тек адам сыртта болып жатқан ақпараттың 95 пайызын көз арқылы алады. Егер баланың құлағы жақсы естімесе немесе көзі нашар көрсе зейіні нашарлайды да сабаққа ықыласы болмайды» — дейді мамандар.

Яғни, дәрігердің сөзін есепке алсақ, ең алдымен ата-ана баласын 1 сыныпқа апармас бұрын денсаулығын жақсылап тексерістен өткізіп алғаны дұрыс.

Есіңізде болсын!

Жоғарыда атап өткеніміздей, физиологиялық, ақыл-ой жағынан баланың санасына түсетін ауыр салмақтардан баланың мектептегі өмірге бірден бейімделуі оңай емес. Психологтар осы себепті қарапайым ғана мына кеңестерді біліп жүруді дұрыс санайды.

Сабақ орындауға оларды мәжбүрлеуге болмайды. Бұл уақытта балғындар өз бетінше өмір сүруге әрекет жасайтындықтан олармен үлкен адамдарша сөйлесуге тырысыңыз.

Баланың мектепте немен айналысқанына қызығушылық танытыңыз. Қандай баға алғаннын сабағы жайлы, ұстазы туралы және достары жөнінде өнемі сұрап тұрыңыз. Себебі, сыныпта балаңыздың өзін қалай ұстайтындығынан хабарсызсыз. Кейде олар сыныптастарына күлкі болып немесе қорланып жүруі мүмкін ғой? Егер мұны дер кезінде назарға алмаса бала өзіне сенімсіз тұлға болып қалыптасады. Баланың оқуға ынтасы осы себептен де болмайды және өмірге қызығушылығы төмендейді.

Райхан Мүтәлиева, №122 Ақжар жалпы орта мектебінің психолог-маманы:

– Баланы мектепке барағанға дейін бірінші ата-анасы міндетті түрде психологиялық дайындықтан өткізгені дұрыс. Себебі, енді олардың ортасы, айналасындағы адамдары өзгереді. Бұрынғыдай асыр салып ойнай алмайды. Бұл – олар үшін стресс. Алайда, кейбір балалардың оқуға ықыласы зор болғандықтан білім ордасына баруға асығып тұрады. Екінші топтағы балалар бар, олар – күн сайын ата-анасын мазалап бармаймынға салып жылайды, қашады. Бұдан өзге түрлі әрекетке барады. Сол үшін, ата-ана бірінші тамыз айларынан бастап дайындық кезінде мыналарды ескерсін. Мектепке қажеттілер: киім, оқу құралдарын мәселен, сөмке, қарандаштың түр-түрін алып, қызықтырсын. Мектепке өзі ертіп барып, ұстазы және сыныптастарымен таныстырсын. 1-2 күн өзі ертіп келуінің өзі баланың бойындағы қорқынышын басады. Егер ата-ана кемінде 1-2 апта баласына уақыт бөліп, назар аударса – оқушы жаңа өмірге тез бейімделеді.

Тамыз айының аяғында 1 сынып оқушыларын 3 кезеңнен өтетін тест сұрақтары арқылы ақыл-ойының даярлығы мен денсаулығын тексереміз. Осы дайындықты жүргізу кезінде бала бойындағы ерекше дарындылығы мен көптеген кемшіліктері байқалады. Мәселен, құлағы естімейтін, көзі нашар көретін және тілінде мүкісі бар оқушылар анықталады. Оны ұстазы мен ата-анасына айтып, мамандардың тексерілуіне жібереміз. Тілінде мүкісі бар оқушылар дефектолог маманмен жұмыс істейді. Соңғы уақаттары 1 сыныпқа баратын балалар арасында ақыл-есі өз жасына лайық емес балалар көптеп кездесуде. Оны ата-анаға айтсаң мойындамайтын, намысқа салатын жағдайлар жиі орын алуда. Жағдайды түсіндіріп, ата-анамен келісіп, мұндай балаларды қазіргі күні инклюзивті оқыту орталықтарына жібереміз.

Баланың бойындағы қабілетті ата-анасы байқағаны дұрыс. Оның неге бейімі бар? Сурет салуға қабілеті болса – онымен еркін айналысуға жағдай жасаңыз. Сурет дәптері, қарандашы, бояу мен сазын сатып әперіңіз.

Бала өзінің шаршағанын айтып шағымданғанда ұрыспаңыз. Сабақ оқу кезінде мұндай шағымда ата-аналар қаталдық танытып, сабақ оқуға мәжбүрлейді. Дұрысы әр пәнді орындағанда 20 минуттан уақыт бөлу керек.

Оның сабаққа баруға ынтықтыруда өзіңіздің балалық шағыңыз жайлы қызықты әңгімелер айтыңыз. Мектеп кезіндегі естеліктерге тоқталыңыз. Мүмкіндігінше жақсы жағын айтып, баланың құлшынысын арттырыңыз.

Сабақ орындамағанда немесе мектепке барғысы келмегенде ұрсып не ұру секілді әрекетке бармаңыз. Егер жақсы қырын көбірек көрсетсе сүйікті ісімен айналысуға рұқсат беретініңіз секілді себептерді айтқан жөн.

Ең маңыздысы баланың күн тәртібін дұрыс түзіңіз. Дұрыс тамақтану, сабақ оқу және демалуды бір жүйеге келтіріңіз.

Баланың күн тәртібін түзу қажет пе?

Күні бойы сабақ оқудан және айналадағы құбылыстарды баланың ағзасы оңайлықпен қабылдай алмайды. Оның үстіне қазіргі күні 1 сынып оқушыларының мектеп бағдарламасы өте күрделі. Осыларды ескере келе, баланың күнін жоспарлаңыз. Қай кезде сабақ оқу керек, ойынға қай уақыта барған дұрыс? Бұл баланың тәртіпке бағынуына тез үйретеді. Мәселен, 1 сынып оқушысы кемінде күніне 10 сағат ұйықтауы қажет. Сонда кешкі сағат 21.00-дан кеш жатпасын. Сабақтан келген соң бірден сабақ оқуға отырғызбай-ақ аздап ойнап келуіне рұқсат етіңіз. Баланың түсте бр мезгіл ұйықтап алғаны жақсы. Тұзды, майлы, қуырылған тағамдарды балаға көп бермеңіз. Мейлінше, жеміс-жидектер мен көкөністер жесін. Таңғы асты ішуді балаға әдет етіңіз. Күніне кемінде 3 сағат сыртта таза ауада жүрсін.

Түйін:

Үйдің іргетасы мықты қаланса – берік болатыны секілді, баланың білім алуында осы кезден жағдай жасау – болашағын жарқын етеді. Тек дайындықты материалдық тұрғыдан емес, рухани жағына берік етуді бірініші кезекке қояйық.

Айгүл Керімбайқызы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *