Бал ашу, жол ашу – шайтани амалдар

фото: http://massaget.kz/

Оқырмандар тарапынан поштамызға әртүрлі тақырыпта сауалдар түсіп жатады. Соның ішінде дін мәселесіне байланысты сұрақтар да бар. Оқырмандарымызды мазалаған бұл сауалдарға ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары  Мұхамеджан Естеміров (суретте) жауап берді.

Діни бірлестік бекітіп, оқуға рұқсат еткен сайттарды білгім келеді. Азамат
– Өте орынды, өзекті сұрақ. Кейінгі кезде неше түрлі сайттар шығып кетті. Оның ішінде экстремистік бағыттарды насихаттайтын, елдің бірлігін бұзатын түрлі деңгейдегі сайттар бар. Астанадағы Дін істері агенттігінің тиісті зерттеу жұмыстарының нәтижесінде мұндай сайттардың екі мыңнан астамы жабылды. Діни бірлестіктің бекіткен сайттары мыналар: «Ummet.kz», «ISHAN.KZ», «Muslim.kz», «Muftyat.kz», «Fatya.kz», «Sunna.kz», «Mazhab.kz», «Taglym.kz», «www.aqmeshit.kz», «nurgasyr.kz», «ahmetishan.kz», «azan.kz», «akmechet.kz», «hibatulla.kz», «SKO-kmdb.kz», «Semey-meshet.kz», «www.islam-atyrau.kz», «www.nauan-hazret.kz», «oral-islam.kz» және «OKO-meshit.kz». Осы сенімді сайттар арқылы азаматтарымыз өздеріне керекті дүниелерін алса болады.
Әпкем мен жездем 25 жыл шаңырақ көтеріп, АХАЖ-ға тіркелген. Бірақ мұсылманша неке қидырмаған. Қазір 4 перзенті бар. Мешітке барып, неке қидыру керек пе? Сәуле
– Неке қию – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Сүннетті тәрк қылу діннен шығып кетпесек те, Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) мойындамау деген үлкен қателікке апарады. Алайда, Кеңес дәуірінде мұсылманша неке қию кезінде кедергілер кездесті. Ол уақыт үзірлі заман делінеді. Жалпы, АХАЖ бөлімінде «қабыл алдым», «келістім» деген шарттар болғандықтан, ол да некенің бір шарттары болып табылады. Десек те, күмәннан арылу үшін, мешітке барып, некелерін қидырса, оның ешқандай әбестігі жоқ.
Соңғы кездері жас адамның жерлеу ресімінде ас берілмей жүр. Жыртыс таратуды да тоқтатып жатыр. Жалпы, бақилық болған кісінің үйіндегілер ас беруге міндетті ме? Айдар
– Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) немере бауыры Жаппар қайтыс болғанда, «оның үйінен түтін шықпасын» деген. Ол үйге «тамақ апарыңдар» деп, басқа адамдарға әмір берген. Өлім шыққан үйге қазақтың «құран оқыт» деп ақша ұсынып, ұн не болмаса мал апарып жүргендері осы түсініктен болар.
Шариғатта «ас берілмесін» деген үзілді-кесілді қарсылық жоқ. Алыстан келген кісілерге қонақасы берілген дұрыс. Бірақ қыруар қаражат жұмсап, ысырапшылдыққа барған дұрыс емес. Көбісі қарызданып, қауғаланып жатады. «Жан қайғысы болған жерде, мал қайғысы болмасын» деген сөз бар. Осы тәмсілді тереңнен түсіну керек. Бүгінгі таңда Діни басқарманың «Пәтуа» бөлімінің тікелей бастамасымен еліміздің әр өңірінде жыртыс, шапан тарату үрдістері тоқтатылып жатыр.
Сауабы мол амалдарға не жатады? Айман
– Ең алдымен ұрпағыңа дұрыс тәрбие беру. Соларды ішіп-жегізу, оқыту, білім беру – ең үлкен садақалар. Екінші ата-ана және туысқандарыңмен дұрыс мәміледе болу. Одан соң дін жолындағы әрбір істер (мешіт салу, көпір салу, су әкелу, жол салу, жақсы кітаптар жазу немесе соған демеуші болу т.б). Мұның барлығы да сауабы үзілмейтін амалдар. Ал шариғат жағынан айтар болсақ, бес уақыт намаз оқу – сауаптың ең үлкені. Жалпы, адам баласы өз-өзін тәрбиелей білсе, жаман нәрседен бойын аулақ ұстаса, мұның өзі де сауап болып есептелінеді.
Әйел заты балгер, тәуіп, емшілерге көп барып жатады. Біреуі емделсе, кейбірі жолдарын аштырғысы келеді. Осы дұрыс па? Қасым
– Ибн Синаның сөзі бар: «Мен құраннан бес нәрсені аштым: біріншісі – адамды сөзбен емдеу, екіншісі – шөппен емдеу, үшіншісі – сынықшылық, төртіншісі – ота жасау, бесіншісі – тамыр ұстау арқылы диагноз қою». Міне, бұлар – тәжірибеден өткен дүниелер. Жалпы, тәуіп деген арабша «тәбип» деген сөз. Ол «дәрігер» деген мағына береді. Егер тәуіп шөппен емдеп, тұнбалар жасап, тамырын ұстап диагноз қойса, құран сөзімен, ондағы аят пен дұғаларды оқыса оған шариғатта рұқсат берілген. Ал, бал ашу, жол ашу – шайтани амалдар. Ол үлкен жетпіс күнәнің бірі болып есептелінеді.
Өмірден өткен адамның қабіріне қымбат қоршаулар, күмбездер орнату қаншалықты дұрыс? Ерлан
– Өте орынды сұрақ. Қытайдан келген бір журналист ағамыз алғаш Қазақстанға келген кезде мазарларды көріп, ауыл деп ойлап қалыпты.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) досы Осман қайтыс болғанда, Алла елшісі сахабаларына: «Осы кісінің басына белгі қойыңыздар. Мен барып дұға етіп тұрамын» деген екен. Біздің ғұламаларымыз сол сөзді негізге ала отырып, «белуардан аспайтын тас қоюға болады» деген пәтуа шығарған. Атын, туған жылы мен қайтыс болған уақытын жазып қоюға рұқсат, бірақ суретін салуға болмайды. Ал, қай кезде қоршауға болады? Мазардың айналасы қоршалмаған болса, аяқ асты болмау үшін кірпішпен көтеріп қоршауға рұқсат. Бірақ, қазіргі қоғамда мазарлардың айналасының бәрі қоршаулы ғой. Сондықтан оларға белуардан аспайтын жай ғана тас белгі қойған дұрыс. Күмбездеп тастау дұрыс емес. Оның бәрі ысырапшылдық.
Үйдің төріне адыраспан, мойнына тұмар іліп жүретіндер бар. Осы дұрыс па? Айдын
– Адыраспан дезинфекциялық өсімдік болып табылады. Іліп қою – кеуіп, құрғап тұрсын, аяқ асты болып кетпесін дегені. Жоғарыға іліп қойса, қажет болған кезде тез тауып алады. Ал енді ол «сақтайды, қорғайды» деген түсінік болмау керек. Тұмар мәселесіне келсек, оны таққаннан гөрі жаттап алған дұрыс. Тұмарда «Фатиха», «Аятүл күрсі» секілді сүрелер жазылады. Тұмарды 5-6 жасқа дейінгі балаларға тағуға рұқсат. Өйткені олар Құран сүрелерін оқи да, жаттай да алмайды.
Намаз оқығысы келетін жұмысбасты азаматтар бар. Бірақ бес уақыт оқуға жұмысы рұқсат бермейді немесе мүмкіндік болмайды. Осындай жағдайда не істесе болады? Кешке бәрін қосып, қаза етіп оқи берсе бола ма? Жандос
– Намаз – бес парыздың бірі. Бірінші парыз – иман келтіру болса, екінші – намаз оқу. Сондықтан намазға салғырттықпен қарауға болмайды. Мүмкіндігінше жұмысын намазға ыңғайлап, өз уақытысында оқыған дұрыс. Бүгінде қай мекемеде болмасын намаз оқуға жағдай жасалып келеді. Дінде қатып қалған дүние жоқ. Егер жұмыс орнында намаз оқуға жағдай болмаса, есігін жауып, үстелінде отырып оқыса да бола береді.
Мұсылманшылық жолмен үйленіп, кейін талақ айтып, тастап кетіп жатқандар көбеюде. Бұл әрекетке шариғат не дейді? Талақ айтқан жағдайда оның әкелік құқығы сақтала ма? Гүлім
– Үйлену – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Кейбір адамдарға парыз, кейбіреулерге уәжіп болады. Ал, ажырасу – Алла алдындағы ең ұнамсыз нәрселердің бірі. Сондықтан үйленбей немесе тұрмысқа шықпай тұрып бір-бірін жақсы танып алған дұрыс. Сонда ажырасу азаятын еді. Күйеуі талақ етіп, ажырасқаннан кейін де оның әкелік міндеті үзілмейді. Біздің заң бойынша оны «әлеуметтік төлем» дейді. Шариғат мәселесі де осыны қолдайды. Бала өсіп-өнгенше қамқор болуға міндетті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) асыранды баланы да өз тегімен атауды бұйырады. Атамаған күнде де бала өзінің тегін білуі керек.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы АХАЖ бөліміне тіркелгеннен кейін неке қию мәселесін көтеруде. Ендігі кезекте жас жұбайлар мешітте неке қидыруға АХАЖ-да тіркелген қағаздарын алып келмесе, имам олардың некесін қимайды. Егер тіркелмеген жағдайда, екі жақтың ата-анасы келуін талап етіп, солардың ризашылығын сұрайды.
Босанғаныма 10 ай болды. Бірақ, әлі күнге дейін баламның атын азан шақырып қоймадық. Енді азан шақырып есімін қойсақ кеш емес пе? Жалпы, азан шақырып ат қою парыз ба? Ақмарал
– Азан шақырып, ат қою – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннет амалы. Салт-дәстүрімізде де бар нәрсе. Егер атын қоймаған болса, мешітке барып, азан айтқызып немесе имамды үйіне шақырып есімін қойса болады. Осы ретте, ата-ананың перзент алдындағы бірінші міндеті – балаға дұрыс ат қою керек екенін ұмытпаған абзал. Сол себепті балаға есім қояр кезде имамдармен кеңескен дұрыс.
Ішінен жын шығарды деп жатады. Бұл рас па? Жын тигенін қалай білуге болады? Данияр
– Жын тиген адамдарда көп нәрсенің белгісі білінеді. Солардың бірі өмірге деген құштарлығы азаяды. Тамаққа тәбеті болмайды. Көрінген адаммен ұрыса береді. Бұдан сақтанудың жолдары – әр уақытта дәретпен жүру, Құран аяттарын оқып жүру, тамағы халалдан болу.
Жын денеден шығып кетпейді. Құран оны тек тәрбиелейді. Өйткені жын біздің күре тамырымызда жүретін дүние. Оның екі түрі болады: мұсылман жын, кәпір жын. Мұсылман жын адам баласын жаманшылықтан тыйса, ал кәпір жын керісінше азғырады.

Сүндет тойларда Құран кітапты сыйға тарту дәстүрге айналып барады. Жалпы ішімдік қойылатын тойларда қасиетті кітапты тарату дұрыс па? Мақсат

– Сүндет деген Пайғам-барымыздың (с.ғ.с.) – бір сүннеті. Осындай үлкен мерекеде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «сүннет» деген сөзін масқаралау – үлкен күнә. Егер той ішкіліксіз өтсе, құран кітаптарын таратқан өте дұрыс.
Өз-өзіне қол жұмсауға бірнеше рет ұмтылған адамды шариғатта қалай емдеуге болады?
Сәлима
– Суицид – қазіргі қоғамдағы ең үлкен дерттің бірі. Өз-өзіне қол жұмсау – үлкен күнә. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде «кім қандай затпен өзіне қол жұмсаса, сол затпен азапталады» делінген.
Алла елшісі Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жатар кезде ыдыстың бетін жауып, терезені бекітуді бұйырады. Ыдыстың беті ашық қалса, өрмекші түсіп, заһарын шашып кетеді екен. Ал, оны ішкен адам осылай өз-өзіне қол жұмсауға ұмтылады. Мұндай адамдарға діни тұрғыда ғана емін жүргізе алады.

Дайындаған — Әділхан АБАЙҰЛЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *