Баға ырыққа көнбей тұр

Теңге еркін айналымға түскелі бері қарапайым халықтың тынышы кетті.Осыдан бірнеше апта бұрын доллар құны 219-230 теңгені құраған болатын. Десек те, бұл көрсеткіш бірден 300-ге дейін жетіп жығылды. Соңғы апта ішінде көк қағаз құны 270 теңгенің көлемінде уақытша болса да кідіріп тұр. Қалай десек те, халық көкейінде көмескі ойды тудырған «теңге қашан тұрақтайды?» деген сұрақтың ақ-қарасына үңілген едік. Сарапшылардың айтуынша, доллар бағасы жыл аяғына дейін ауытқулы күйді кешіп, теңге абыройының артуына мүмкіндік бермейтін көрінеді.Осының салдарынан халық тұтынатын негізгі тауарлар құны қымбаттай бермек екен.

Еске салсақ, 15 қыркүйектегі KASE сессиясының қорытындысы бойынша, доллар бағамы 278,54 теңгеге түскен болатын. Десек те, қор биржасындағы таңертеңгілік сауда біте салысымен, банктер доллар құнын көтеруге кірісті. Тіптен, екінші деңгейлі банктердің бірнешеуі долларды 301 теңгеден саудалады.

Жағдайдың ушыққанын енді сезсе керек, Ұлттық банк амалсыздан іске араласып, теңге бағамын шұғыл тұрақтандыруға шешім қабылдады. Сөйтіп қор биржасындағы алып-сатарлардың шектен шыққан әрекетіне шектеу қоймақ ойда 144 миллион доллармен қор биржасына (16- қыркүйек) кірген болатын. Бұл шетел валютасына тапшылықты жойып, оның өсуін сәл болса да әлсірету еді. Сондай-ақ, небары төрт күннің ішінде 694,5 млн доллар жұмсалған (17 қыркүйекте – 270,4 млн, 18 қыркүйекте – 67,2 млн, 21 – қыркүйекте – 213,1 млн).

Баға ырыққа көнбей тұр

Осы тұста, қаржы министрі Бақыт Сұлтанов «Біз жалақыны бірнеше жылдың ішінде екі есе көтердік. Жалпы алғанда, жалақыны көтеру доллармен байланысты болмауы тиіс. Еңбек өніміне сәйкес болуы керек. Азаматтардың барлық саудасы теңгемен жасалады. Импорттың басым екендігі белгілі. Ал, жалпы, біз жүргізіп отырған жұмыс кәсіпорындарымыздың бәсекеге қабілеттілігінің арқасында теңдікке әкеледі. Меніңше, өзгермеуі керек. Себебі қазақстандықтардың жалақысы мен сатып алу әлеуеті экономикадағы еңбек өніміне тәуелді болуы тиіс», — деді.

Қымбатшылық тұрғын үйлердің құрылысына да әсер етуде

Төл теңгені қолдау үшін АҚШ валютасынан бас тартуды көздеген үй салушылар қауымдастығының бастамасы елдегі құрылыс қарқынын бәсеңдетуі мүмкін.Өйткені, елімізде құрылысқа пайдаланылатын материалдардың 60 пайызы импорттық екен. Яғни шатыр жабдықтары, сантехника мен керамика және лифт секілді күрделі құрылғылардың басым бөлігі алыс шетелден жеткізіледі. Сондықтан тек теңгемен есеп айырысу үшін солармен бәсекелесе алатын отандық өнеркәсіпті дамыту қажет. Сарапшылардың бұл пікірін риэлторлар да қолдап отыр. Қазіргі кезде жылжымайтын мүліктің бағасы түсіп жатқанымен, оны әлі де доллармен саудалау тиімді болып тұр. Ал баспана арзандаса да жұрттың жаппай ипотека алу үшін банкке ағылуы екіталай. Себебі қаржы ұйымдарының көпшілігі ұзақ мерзімге несие беру мөлшерін азайтқан.

Доллардан бас тартып, салынып біткен пәтерлерді ешкім теңгеге сата қоймайды. Себебі барлық шығын АҚШ валютасымен есептелді.

Денис Кривошеев, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының кеңесшісі:

– Бізде доллар құны 320 теңгеге дейін жетеді. Теңгенің долларға шаққандағы психологиялық деңгейі үкімет үшін 300 теңгені құрайды. Содан кейін Ұлттық банк басқыншылығын (интервенция) бастайды. Бұл алғашында бағамның төмендеуіне әкеліп соқтырады. Алайда, нарық оның құнын қайта долларына 320 теңге етіп көтертеді. Бұл Ресейге сауда жасауға шығатын отандастарымыздың санын азайтады.

Сондай-ақ, бір доллар 380 теңге болуы әбден мүмкін, алайда мұның еш қажеті жоқ. Бізде тиімділікті арттыру үшін өндіруші күш жоқ. Ал импорттық тауарлар тұрғындарға қолжетімсіз болып қалса, отандық тауарлар тұрғындардың сұранысын толықтай қамтамасыз ете алмайды.

Осылайша төл теңгенің еркін айналымға түсуінен қарапайым жұрт қана емес, ірі компаниялар да қиын жағдайда қалды. Тығырықтан шығар жол іздеу үшін доллардан бас тартамыз деген ойлары да жақын арада іске аса қоймайтыны анық. Себебі, бізге құрылыс материалдары ғана емес, азық-түліктен бастап түрлі техникаларға дейін шетелден жеткізіледі. Ал оны жеткізушілердің шатқаяқтап тұрған теңгемен сауда жүргізбесі анық.

Қымбаттағандардың қатарында құрылыс тауарлары да бар. Мәселен, Еуропа мен Қытайдан келетін түсқағаздан бастап, темір шатырлардың бағасы да шамамен 40 пайызға өскен. Шымкентте үй құрылысын бастағандар жарты жолда еріксіз жұмысын доғаруға мәжбүр.

Айдархан Құсайынов, қаржы сарапшысы:

– Біз барлығын доллар және еуромен санаудан бас тартуымыз керектігі айдан анық. Бізде бүгінде ақылға қонымсыз жағдайлар орын алуда: сауда орталықтары, базаралар, бизнес-орталықтарындағы коммерциялық орындардың бағасы тек доллармен қойылған. Теңге құлдырап, жалдау құны қымбаттай түсті. Ал шығынды көбейтуді тұтынушыларға жүктей салған. Егер теңгенің құбылуы тоқтамаса, тұрғындар өздері-ақ шетелдік валютадан бас тартады. Бұл бірінші пайдалы тұсы. Екіншісі: теңге тұрақты болмағандықтан, нарықта алыпсатарлар да азаяды.

Бағаның өсуі бұдан бөлек коммуналдық қызмет ақысына да әсер етті. Енді ыстық су мен суық су, жылу және көгілдір отынның тарифі де еселене түспек. Әрине, өсім киім-кешекке саудасында да байқалып отыр.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін елімізге шеттен келетін дәрі-дәрмектердің бағасы да қымбаттауы мүмкін. Биыл бағаны өсірмеу туралы меморандумға қол қойылса да, құнды қалыпта ұстау мүмкін болмауда. Өйткені доллардың шарықтауымен, шетелдік фирмалар өнімдеріне жаңа баға қойыпты. Ал дәрі-дәрмек саудасымен айналысатын кәсіпкерлер шығынға батпау үшін медициналық өнімдердің құнын өсіреді.

Баға ырыққа көнбей тұр

 

Күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасы қандай?

Жаңа теңге бағамының негізгі тауарларға әсеріне тоқталып өтсек. Азық-түлік бағасы қадағалауға көнер емес. Тіпті күн сайын құны шарықтап жатқан тауарлар да баршылық. Импортты айтпағанда, отандық өндірушілердің өзі өнім ақысын 20 пайызға еселетіп жіберген. Мәселен, ең көп тұтынатын азық түрлері – ұн, сұйық май, ет, қант және сүт бағасы соңғы үш апта ішінде 30 теңгеге дейін көтерілген.

Азық-түліктің ішінде құмшекердің мәселесі тіптен бөлек. Бұл тауардың қымбаттағаны өз алдына, оны өткен апталарда дүкен сөрелерінен мүлдем жоғалтып алдық. Кәсіпкерлер мұның себебін импорттық жүйемен байланыстырып отыр. Яғни тәттіні жасауға қажетті қоспалардың бірі елімізге сонау Бразилиядан жеткізіледі екен.

Ал автокөліктердің бағасы осы жылдың соңына дейін 5-6 пайызға қымбаттайды деп күтілуде. Одан артық өсіру отандық өндірушілер үшін тиімсіз. Тұрғындарға қажетті жеміс-жидектер мен көкөністің 40 пайызы жергілікті жерден жеткізіліп отыр. Импорт негізінен Қытай, Пәкістан, Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне тиесілі. Негізінен сырттан келетін өнімдер ақпан мен маусым аралығында тасмалданады. Ал қазіргі саудаланып жатқан тауарлардың бағасы бірден көтеріле қоймайды. Себебі әзірге саудагерлердің жергілікті өнімдерден қосымша қоры бар. Алайда жылдағы өліара уақытында болатындай жаңа жылдан кейін бағалар күрт көтерілуі мүмкін.

Лаура Сапарбекова

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *