Ажырасудан 9 орындамыз

Ресми деректер бойынша, соңғы жылдары елімізде некеге тұрғандар саны азайып, ажырасқандардың саны артқан. Мәселен, 2013 жылы – 168 417 неке қиылса, 2014 жылы – 159 328, ал, 2015 жылы 148 769 жұп неке қидыруға өтініш білдірген. Керісінше ажырасу саны жылдан-жылға артып, 2014 жылы – 52 673, 2015 жылы – 53 293 дерек тіркелген. Шырқы бұзылған отбасылардың көбеюіне қазіргі дағдарыстың қандай да бір әсері бар,-дейді көпшілік. Ұлыбританияның беделді басылымы The Economist жариялаған соңғы «Әлем статистикасында» Қазақстан ажырасудан 10-орында тұр. Мұндағы дерек бойынша, мың адамға шаққанда Елімізде ажырасу көрсеткіші – 2,7. Алайда, Қазақстан үйлену жағынан да алдыңғы ондықтың ішінде, яғни, 9-орында. Мың адамға шаққандағы үйлену көрсеткіші де соғұрлым жоғары — 9,7.

11 психология (1)

Біздің облыста да ажырасу саны аз да болса артқан. Бұған ОҚО АХАТ және апостильдеу жұмыстарын қамтамасыз ету, бақылау бөлімінің басшысы Шахаризаде Досанова ұсынған деректер дәлел.
«Үйлену – оңай, үй болу – қиын»
Шаңырақ құрған жастар өмірдің түрлі қиыншылықтарымен бірге күресе алмай, отбасының қадірін жіті түсінбей, ажырасуды ең оңай шешім деп санайтын болған. Бүгінгі қоғам тұрғысынан алғанда, ажырасуға соқтыратын басты себептердің бірі — материал-дық жағдай. Мысалы, ер адамның отбасын дұрыс асырамауы, олардың күнделікті қажеттіліктерін толық қамтамасыз ете алмауы шаңырақты шайқалтпай қоймайды. Ал, Ислам діні ер адамға бір құшақ отын жинап әкеліп сатса да, отбасын асырауға бұйырады. Алайда, отағасы өз үйін шамасы келгенше бағып отырса да, әйелінің оған қанағат етпеуі, «пәленше үлкен үй соғыпты», «жаңа көлік алыпты», «жыл сайын шипажайда тынығады екен» деген секілді сөздері ажырасуға дейін апарып жатады. Тіпті, жас отбасылардың үштен бірі шаңырақ көтергендеріне бір жыл толмай, айырылысып жатады екен. Отбасының шырқы бұзылып, екеудің екі жаққа кетуіне тағы бірнеше себептерді келтіруге болады. Мінез-құлық, жұмыссыздық, жұмыс, карьера, баспана, перзент сүйе алмау, маскүнемдік, құмарлық, өзара сенімсіздік, ата-ене, қайын жұрттың әсері, шектен тыс қызғаншақтық, маскүнемдік, құмар ойынына салыну және т.б.
Екі жұптың ажырасуы салдарынан көбіне ортадағы балалар зардап шегеді.
— Отбасын сақтау мүмкін емес болған жағдайда бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға аса абай болу қажет,-дейді психологтар. Өйткені, психологиялық тұрғыда ең үлкен зардап шегетін үйдегі балалар екен. «Бұл жерде көп нәрсе анасына байланысты. Себебі, ажырасқаннан кейін балалардың өзімен бірге қалатынын біліп, көп әйелдер олардың санасын улай бастайды. Яғни, балаларды әкесіне қарсы қойып, болған жағдайда бар кінәні жұбайына артады. Әкесінің оларды жақсы көретіндігіне сенбейтін бала, кейін өзіне де сенімсіз болып өседі. Сондықтан, ажырасу кезінде ең негізгі басшылыққа алатын нәрсе балалар үшін жауапкершілік көтерген ата-ана ретінде екеуара сыйластықты сақтап қалу керек. Ал, сыйластық сақталынған жерде қашан болса да қайта бас қосу мүмкіндігі үлкен, — дейді психолог Динара Болат.
Ажырасқаннан кейін әйелдің де психикасы бұзылады. Оның екінші рет тұрмысқа шығуы үшін көптеген қиыншылықтарға төтеп беруіне тура келеді. Ал, толыққанды отбасында тәрбиеленбеген баланың сабақ оқуға деген ынтасы төмендеп, көп нәрсеге қызығушы-лығы басылып қалады. Сондай-ақ, ажырасқаннан кейінгі қиын тағдырға төзе алмау – суицидке апаратын бірден-бір себеп.

Ажырасуға шариғат не дейді?

Төл дініміз ажырасуға тыйым салмай, керісінше оған қатысты өзіндік талаптар мен шарттарын реттеп, жасалу жолдарын түзген. Исламнан бұрынғы кезеңде арабтар өз әйелдеріне қалаған кезде талақ айтып, қалаған кезде қайтаратын болған. Белгілі бір шегі, не жолы жоқ-тын. Бұл – әрине, әйел кісіге деген зұлымдық, оған көрсетілген әділетсіздік. Ислам келгеннен кейін, мұндай тұрпайылықты тоқтатты. Еркектің талақ айту құқығын «үшеуге» шектеді. Үшіншісінде не қалдырасың, не дұрыс жолмен ажырайсың деді. Мұндай шектеу әрбір отағасына жауапкершілікті сездіріп, ажырасудан бұрын жан-жақты таразылап, отбасы тірегінің бірі саналатын жарын бағалауына алып келді.
Бүгінде елімізде тек шариғат жолымен неке қидыратындар көп. Құқығы заңмен қорғалмағандықтан, мұндай отбасылар ажырасып жатса, көбіне әйелдер қиналады. Ер азаматтар зайыбы мен бала-шағасының алдындағы жауапкершіліктен жалтарса, заңды тұрғыда талап етуге қауқарсыз болады. Мұндай некеде ер адам «талақ» сөзін 3 рет айтып-ақ, ажыраса салады. Талақ — араб тілінен енген, «ажырасу», «некелерін бұзу» дегенді білдіреді, некеден айырудың ең көп тараған түрі болып саналады. Ислам дінінде талақ ету тізгіні ер кісіге берілген. Дегенмен, асыл дініміз некені себепсіз бұза салуды құптамайды.

Ажырасудың алдын алуға болады

Әрбір аудан, қалаларда отбасы қарым-қатынастарының ерекшеліктері туралы білімдерін арттыру, жас отбасы мүшелеріне құқықтық көмек көрсету мақсатында «Жас отбасы клубы» жұмыс істейді. Отбасылық клубта психолог мамандар, дәрігерлер жас отбасылармен жеке әңгімелер өткізеді. Сондай-ақ, апта сайын АХАТ бөлімінің мамандары ерлі-зайыптыларды немесе отбасын құруға ниет білдірген жастарды неке-отбасы заңнамасымен, некені және тууды тіркеу тәртібі және мерзімдерімен, балалар құқықтарымен таныстырады. Мамандардың айтуынша, бұл өз кезегінде берік, мықты отбасылардың құрылуына септігін тигізеді. Олардың мәлімдеуінше, отбасылық клубтар аптасына кемінде 50-60 адамға көмек көрсетілсе, айына 200-ден астам азаматты қабылдайды екен.

Оңтүстік Қазақстан облысында үйленгендер саны: 2014 жылы – 23 929, 2015 жылы – 21 954, ажырасқандар саны: 2014 жылы – 4949, 2015 жылы – 5110

динара Болат

динара Болат

Динара Болат, психолог:
— Ажырасу мәселесі туындаған кезде отбасын сақтауға сыртқы және ішкі факторлар ықпал ете алады. Мәселен, сыртқы факторға келейік. Отбасындағы ажырасу туралы шешімді тек екеуара емес, үлкен шаңырақтағы ақсақал, әжелерге, ата-анасына айтқан жағдайда, көбіне олар жастарды сабырға шақырып, ашуларын ақылға жеңдіреді. Ал, ішкі ықпал етуші күшке келер болсақ, мұның бір ғана жолы бар. Ол — күйеу мен әйелдің ең болмаса біреуінде отбасын сақтау керек деген ниеттің болуы. Жас жұбайлардың біреуінің ғана ойында осы ниет болса, ол кішірейеді, ол кешіреді, ол төзеді.

Сәрсенкүл Жүнісова

Сәрсенкүл Жүнісова

Сәрсенкүл Жүнісова, зейнеткер:
Отбасы — өзінше бір мемлекет іспетті. Оның іргесі өзара түсіністік, бауырмалдылық және сүйіспеншілікке құрылғаны жөн. Сонда ғана іргесі берік отбасы болмақ. Бірақ, кейде жанұя шаттықтан көрі қайғыға, бақыттан көрі қасіретке толып, отбасы мүшелері үшін шаңырақ «тозаққа» айналуы мүмкін. Мұндай жағдайда ерлі-зайыптылар арасында пайда болған мәселені анықтап, оны оңды шешуге тырысу керек. Кінәні біреуден емес, өздерінен іздеп үйрену керек. Сондай-ақ, отбасы ұғымын жіті түсінбей, оның қадір-қасиетін білмей, отбасылық жауапкершілікті түсінбей шаңырақ көтерген дұрыс емес. Ажырасу міне осындай жастар арасында көп кездеседі.

11 геройШахаризаде Досанова, облыстық Әділет департаментінің АХАТ және апостильдеу жұмыстарын қамтамасыз ету, бақылау бөлімінің басшысы:
— Облысымызда АХАТ бөлімінде тіркеліп жатқан неке бұзу деректері бұрынғыдан едәуір көбейді деп айта алмаймын. Дегенмен, саны артқаны рас. Некенің бұзылуына сыртқы факторлар әсер етеді деп айтқан дұрыс емес. Мұндай көрсеткіштер бұрыннан қалыпты жағдай. Яғни, дағдарыс немесе жұмыссыздықтың әсерінен ғана емес. Көбіне, мінез-құлықтың келіспеушілігі, ортақ балаларының болмауы, т.б. тұрмыстық, психологиялық себептердің әсерінен ажырасып жатады. Әрине, ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексі бойынша неке бұзуға өтініш берген азаматтарға 1 ай мерзім беріп, татуласуға шақырамыз. Арнайы психологтардың кеңесіне жүгінуге мүмкіндік жасаймыз. Отбасын сақтап қалуға ешбір ниеттері болмаған жағдайда, өтініші қанағаттандырылады.

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің АХАТ секторының телефоны: 56 — 25 — 19 

Гүлнұр СӘТБАЕВА

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *