Азаматтардың сот төрелігінің қолжетімділігін оңтайландыру

Президент Н. Ә. Назарбаевтың «Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет – 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» деп аталатын екінші бағыты бойынша еліміздің сот жүйесінде бірқатар өзгерістер болады деп күтілуде. Яғни, заңның үстемдігін қамтамасыз ету үшін салаға 19 жаңалық енгізіледі. Мәселен, сот жүйесі инстанциялары оңтайландырылады. Қолданыстағы бес сатылы сот жүйесі 3 сатылы болып өзгереді. Соттарды іріктеу тетіктері жаңарады. Болашақ судьялардың салада кемінде 5 жылдық еңбек өтілі болуы талап етіледі. Жоғары сотта инвестициялық алқа құрылады. Бұл шаралар әділ сот төрелігін қарапайым халыққа да, инвесторлар мен бизнес үшін де қолжетімді етеді.


Соның ішінде ең маңызды өзгерістердің бірі – қазіргі бес сатылы сот жүйесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау) үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшу болып отыр. Біз қолға алғалы отырған мұндай үш сатылы сот жүйесі – халықаралық тәжірибеде бар үрдіс. Әлемдегі сот тәжірибесі көрсеткендей, аралық сатылардың көп болуы сот процестерін қасақана ұзарту мен сот шешімін сөзбұйдаға салу азаяды. Сонымен бірге, сот шешімінің бірнеше рет өзгеріп, күшін жоюы бұл еліміздің судьяларына, республика атынан шешім қабылдайтын соттардың беделіне нұқсан келтіретіні белгілі. Себебі, апелляциялық және кассациялық сатылардың бір облыстық сотта шоғырлануы сот істерін қараудың созылып кетіп, шешім қабыл­даудың қиындауына негіз болуда. Бұған қоса, кассациялық алқа іс жүзінде Жоғарғы Сотқа жүктелген қадағалау сатысының қызметін атқарып, күшіне енген сот шешімінің қайта-қайта өзгеріске ұшырауына алып келуде. Сондықтан, бұл жүйе бүгінгі күн талабымен үйлеспей отыр. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүддесін неғұрлым жедел әрі сапалы қорғауға өзінің кері әсерін тигізуде. Осы жәйттерді ескере келе, сот жүйесінің сатыларын оңтайландыру туралы бастама Елбасы тарапынан да қолдау тауып отыр. Енді келесі жылдың басынан бастап бірінші саты – аудандық соттар, апелляциялық саты – облыстық соттар, кассациялық саты – Жоғарғы Сот болмақ.
Еліміздің Конституциясына және «ҚР сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, сондай-ақ, кейбір заңдарға тиісті өзгерістер енгізгеннен кейін, сот жүйесі жаңа үлгіде жұмыс істейтін болады. Сөйтіп, судьяларға деген жауапкершілік бұдан әрі артып, жүктеме көбейе түседі.
Мұндағы мақсат – азаматтарды әуре-сарсаңға салмай, сот сатыларын мейлінше азайту, сот төрелігіне қолжетімділікті арттыру, іс бойынша сот шешімінің жедел қабылдануы және әділдік орнату. Бір сөзбен айтқанда, сот сатыларын оңтайландыру, сот төрелігінің сапасын арттырудың басты жолы болып табылады.

С. Темірәлиев,
ОҚО қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *