Аз қамтылған отбасыларға берілетін көмек

5-azkamtylganАрыс қаласы, Қожатоғай елді мекенінің тұрғыны Ақсұлу Әділбекова 9 баланың анасы. Күйеуі де, өзі де орта білімді. Жұмыссыз болғандықтан тұрақты табыс көзі болмаған. Шалғай елдімекендегі бұл отбасы тұрмысы төмен отбасылардың жағдайын жақсартатын жаңа бағдарламаның шыққанын естіп қалады. Жергілікті жұмыспен қамту орталығына барып, мәселенің мән-жайымен танысады. Жобаға қатысуға бұл отбасының мүмкіндігі бар екен. Содан бағдарлама ережесі бойынша күйеуі дүкенге жүк тасушы болып жұмысқа тұрады. Өтініш берушіге 6 айға тағайындалған қаржы – 461 814 теңге. 3 айға бөлінген қаржы көлемі 230 907 теңгені құрайды. Тағайындалған соманың 206 814 теңгесіне 1 тана, 1 бұзау, малға қажетті жем-шөп сатып алады. Ендігі, мақсаты осы алған мал басын көбейтіп, күнкөріс жағдайын жақсартып алу. Бұл — 2015 жылы қолға алынған «Өрлеу» пилоттық жобасының нәтижесі.

Дегенмен, елімізде тұрмыс жағдайы төмен, кедейшілікте өмір сүріп жатқандар аз емес. Статистикалық мәліметтерге сенсек, елімізде кедейшіліктің үлесі 3% екендігін айтады. Қазақстан әлемде кедей елдердің қатарына да енген. Оңтүстікте тұрмысы төмен адамдардың саны халықтың 5,2 %-ын құрайды. Ал, кедейлердің үлесі 00,3%. Кедейліктің шекпенінен құтқаруда елімізде түрлі шаралар қарастырылуда. Мәселен, мемлекет жәрдемақы береді, коммуналды төлемдерін төлейді дегендей… Алайда, бұл тұрмысы төмен жандардың тығырықтан шығуына көмектесе алмады.

2018 жылдан бастап жаңа форматтағы бағдарламада жәрдемақылардың қысқартылатыны айтылды. Кедейшілікте өмір кешіп жатқандардың келешегі, нәтиже беріп жатқан жаңа жобалар, мемлекет тарапынан берілетін қаржы көлемі жайында қажетті ақпаратты мамандармен бірге саралайтын боламыз. Сондай-ақ, жоғарыда мысалға келтірген Ақсұлудың қатысқан жобасына қалай қол жеткізіп, кедейліктен құтылуға болатынын да айтамыз.
Аз қамтылған отбасылар қалай анықталады?

Табысы күнкөріс деңгейінен төмен тұратындар – аз қамтылған отбасыларға жатады. Дәл бүгінгі таңда елімізде күнкөріс деңгейінің мөлшері – 20 758 теңгені құрайды. Кедейшіліктің құрығынан құтқару бойынша мемлекет тарапынан 3 бағытта көмек ұсынылады. Аталған үш жәрдемнің қалай тағайындалатындығын облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлімінің басшысы Назира Сейдуллаева былай түсіндірді:

1 Күнкөріс деңгейінен 40% төмен тұратындар – кедей отбасына жатады. Яғни, мұндай отбасының бір айда үйге кіретін табысы — 8303 теңге. Бұл топқа жататындар мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алады. Ол былай есептеледі:

Отбасының табысы айына — 30 000 теңге делік, ал отбасында 5 адам бар. 30 000:5 (адамға) = 6000 теңге. 8303 (кедейлік шегі)-6000=2300. Енді, адам басына айына 2300 теңгеден қарастырылады. Яғни бес адамға айына 11500 теңге.

2 Күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен тұратындар 18 жасқа дейін балалардың жәрдемақасын алады. Яғни, бір айда үйге кіретін табысы -12 455 теңге. Бұл отбасылардың табысы аталған қаржыдан төмен болса, бір балаға 18 жасқа дейін айына 2228 теңгеден беріледі. Мәселен, шаңырақта 6 бала болғанда 13 368 теңге төленеді.

3 Тұрғын үй көмегі. Жарық, газ, су, жылу секілді коммуналды төлемдерді төлеуге мемлекет жәрдемдеседі. Оның мөлшерін әрбір аудан-қаланың мәслихатында бекітеді. Бұл Шымкент қаласында аз қамтылған отбасы табысының 10%-ын құрайды. Мәселен, отбасына кіретін ай сайынғы табысы 30 мың теңге деп есептелсе, 10 пайызы 3 мың теңге. Шығындары осыдан асып кетсе, тұрғын үй көмегін алады.

Облыста аз қамтылған адам саны — 148, 8.
Кедейлік шегінен төмен тұратындар 803 адам.
5961 отбасы тұрғын үй көмегін алады.
«Өрлеу» жобасына 8296 адам, яғни 1316
отбасы қатысты.

«Өрлеу» жобасының ерекшелігі

Екі жылдан бері «Өрлеу» бағдарламасы жайында жиі естіп-біліп жүрміз. Дегенмен, бұл жобаның мақсаты мен ережесі қандай?
— Бұл аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік жағдайын жасқартуға арналған жоб. Мұндағы негізгі мақсат — азаматтардың аз қамтамасыз етілген санаттарын жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға ынталандыру. Сондай-ақ, еңбек нарығында өз орнын табуға, жоқшылық шеңберінен алып шығу, өмір сүру сапасын және деңгейін көтеруге жағдай жасайды. Еңбекке қабілетті азаматтармен келісімшартқа отырып, шартты ақшалай көмек береді.

Шартты қаржылай көмек алған аз қамтылған отбасы тек жәрдемақы алып қана қоймай, осы жағдайдан шығуға әлеуметтік тұрғыдан бейімделеді. Мұқтаж отбасылармен әлеуметтік келісім түзіліп, алты айға шартты ақшалай көмек беріледі. Оны ай сайын төлеуге немесе 3 тоқсанның ақшасын бірден беруге болады. Бірақ өтінім берушінің ақшаны қалай жұмсайтыны туралы жоспары болуы қажет. Өтініш берушінің мемлекет берген қаржысына жеке ісін ашуына мүмкіндігі бар.Мәселен, мал сатып алып, оны көбейтеді. Бұл ақша қайтарымсыз және тоқсан сайын құжат тапсырудың қажеті жоқ, — дейді бөлім басшысы Назира Сейдуалиева.

Мемлекет бұл топқа арнайы бағдарлама аясында жататын отбасыларға қиындықтан шығатын жол тауып берді. Белсенді жұмыс істейді, қосымша ақша табады, балаларын асырайды. Бір сөзбен айтқанда, балық емес, қолға қармақ берді. Ары қарайғы жағдай аз қамтылған отбасылардың өзіне байланысты…

Тек есте болатыны, келісімшарт бұзылса, шартты ақшалай көмек тоқтатылады және төленген ақша қайтарылады. Белсенді отбасы 6 айға түзілген келісім-шартты 12 айға создыруға мүмкіндігі бар. Атқарылған жұмыстардың барлығы сала мамандарының бақылауында болады.

 

Бағдарламаға қалай қатысады?

«Өрлеу» жобасындағы шартты ақшалай көмекті алуда отбасының (тұлғаның) жан басына шаққандағы орташа айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен болуы тиіс. Осы статусқа сай келсеңіз:

Бірінші қадам: жергілікті әлеуметтік мекемеге «Өрлеу» жобасына қатысу үшін өтініш береді. Уәкілетті орган, ауылдық округ әкімі немесе ассисент үміткер өтініш білдірген күні «Өрлеу» жобасына қатысу шарттары туралы кеңес береді. Үміткер келісім бергенде, құжаттар ресімделеді.

Екінші қадам: Құжаттар арқылы өтініш берушінің мемлекеттік шараға мұқтаждығы, отбасы мүшелерінің әлеуметтік бейімделу шаралары анықталады. Сосын әңгімелесу парағы рәсімделеді. Әңгімелесу парағына қол қойылған соң, «Өрлеу» жобасына қатысуға өтініш, отбасылық және материалдық жағдайы туралы сауалнама толтырады.

Үшінші қадам: бағдарламаға қатысуға мынадай куәландыратын құжат тапсырады:
1. Жеке басын куәландыратын құжат;2. Орталық атқарушы орган бекітетін нысан бойынша отбасы құрамы туралы мәліметтер;
3. Отбасы мүшесіне қамқоршылықтың (қорғаншылықтың) белгіленгенін растайтын құжат (қажет болған жағдайда);
4. Тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгендігін растайтын құжат немесе мекенжай анықтамасы немесе ауылдық округ әкімінің анықтамасы;
5.Орталық атқарушы орган бекітетін нысан бойынша жеке қосалқы шаруашылығының болуы туралы мәліметтер.

Айтпақшы…

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, аз қамтылған отбасыларға берілетін мемлекеттік атаулы көмек және балаларға берілетін жәрдемақы беру жойылады. Оның орнына шартты және шартсыз ақшалай көмек беріледі.
Шартсыз ақшалай көмек — отбасында еңбекке жарамды адам болмағанда, мемлекеттік атаулы көмек секілді жәрдем беріледі.
Шартты ақшалай көмек — еңбекке жарамды бір азамат болғанда белсенді жұмыспен қамту шарасына тартып, 6 айға келісімшарт жасалады. Сосын қаржылай көмек береді. Шартты ақшалай көмек — «Өрлеу» бағдарламасының жоғарыда атап өткен форматында өтеді.

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *