Автокөлігіңіз қысқа дайын ба?

Driving in winterТемір тұлпарын қыстың суығына дайындау – әр көлік иесінің бас ауыртар басты мәселесі. Автокөліктің көптеген бөліктерін жыл мезгілдеріне қарай ауыстырып, тексеруден өткізбесе,  соңы қиын жағдайларға әкеліп соғуы әбден мүмкін. 2016 жылдың қаңтар-шілде аралығында елімізде тіркелген автокөліктер саны 394 374-ті құраса, оның ішінде ең көп үлес біздің облысқа тиесілі. Сонымен, Астана мен Алматыны басып озған темір тұлпар иелеріне қыстың қақаған аязы алдында қандай шаралар жасау керек?

Көлік жүргізушілерінің басым бөлігі қысқа дайындық ретінде доңғалақ ауыстырумен және әйнек жуғыштың бөшкесіне антифриз құюмен ғана шектеледі. Алайда бұл дайындықтың шалалығын көлік сынып, жолда қалғанда бір-ақ түсінеді. Уақытылы дайындық жасау — қаражатты, уақытты үнемдеуге, денсаулықты, тіпті өміріңізді сақтап қалуға себеп болады.
Сонымен, автокөліктің барлық бөлігі қысқа дайындықты қажет етеді.

 

1. Тежегіш жүйесі

Тежегіш жүйесі автокөлік қауіпсіздігін, сіздің өміріңіздің, айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндіктен қыс мезгіліне дәл осы бөлікке дайындық аса көп қажет. Егер бұрын қолданыста болған көлікті жақында сатып алсаңыз, тежегіш қаптамасын, тежегіш сұйықтығын ауыстырыңыз. Негізі тежегіш сұйықтығы екі жылда бір рет немесе 60 мың шақырымнан кейін ауыстырылуы қажет. Ал сұйықтықты ауыстырғанда, тежеу жүйесіндегі ауаны шығару керектігін ұмытпаңыз. Тежегіш дисктерін мұқият қарап шығыңыз, олар әбден тозып, үйкелістен туындайтын қатты қызудан жарықшақтануы да мүмкін.

Егер көлігіңізде ABS (тежегіштің сіресіп қалмауын қамтамасыз ететін жүйе), DSC (бағыттық тұрақтылық жүйесі) болса жоғарыда көрсетілген қарапайым шаралармен құтылмайсыз, компьютер диагностикасы арқылы жоғарыда аталған жүйелер жадысында тіркелген қателерді қарап шығыңыз. Егер қателер жоқ болып шықса, АВС, ДСС жүйелерінің датчиктерінің контактілерінің тұтастығын, таза екенін, олар бекітілген механизмдердің таза екендігіне көз жеткізіңіз.

 

2. Автомобильдің электр жүйесі

Бұл да көп көңіл бөлуді қажет етеді. Бірінші кезекте, қыс кезінде аккумулятор батареясының жағдайын жақсартыңыз. Аккумулятордағы электролиттің тығыздығы 1,27-1,28 г/см3-тен кем болмауы керек. Оның электр сыйымдылығын (ампер/сағат) тексертіңіз, егер номиналды көрсеткішінен 30 пайыз төмен болса, аккумуляторды ауыстырған жөн, жеңіл автокөліктерде негізінен 55-75 ампер/сағаттық аккумуляторлар қолданылады.

Қыс кезінде суық моторды жылдам оталдыру үшін стартердің жағдайын тексеріп, оның электр жүйесін қамтамасыз ететін сымдарды тексеріп алған артықтық етпейді. Қысқасы, электр жүйесін барлық жағынан тексерген дұрыс. Көлік от алғаннан кейін көлікті электр тоғымен қамтамасыз ететін генератордың жағдайын тексеріңіз. Оның щеткаларын, подшипниктерін мұқият тексеріп, қажет болса майлаңыз, не ауыстырыңыз.

Қыс кезінде, қараңғылық ерте түсетінін ұмытпаңыз, машинаның жолды жарықтандыратын электр лампаларына көп күш түсетіндіктен күтпеген жерде істен шығуы мүмкін, сондықтан фаралардың артық шамдары көлікте болғаны жөн.

 

3. Мотор

Қақаған қыс кезінде моторға байланысты басты мәселе – оның оталуы. Бұл мәселенің айналасында ойланатындар – негізінен, карбюраторлы көліктің иелері, бірақ, инжекторлы көліктер де қырсығып қалуы мүмкін. Бұндай жағдай неге байланысты сұраққа үш жауап бар: жанармайдың нашар булануы, аккумулятордың өлімші халі, майдың қоюлануы.

Көлік моторын, қыс кезінде, қатты аяздарда қымтаған жөн, әсіресе Ресейдің заманауи машиналары қымтағанды қатты ұнатады, қымтау мотордың сууына кедергі болады. Ал қақаған аязда көлікке от алдыру 800 шақырым қашықтықты жүріп өткенмен тең деген қауесеттің жаны бар екенін ескерсек, және машина аз уақытқа болсын бір сәт тоқтайтынын, 3-4 сағат үй, не офис алдында тұратынын ескерсек, көлікті қайта-қайта жылытудың қаншалықты зиянды екені туралы ойға қаласың…

Сарапшылар жылы гаражы мен инжекторлы қозғалтқышы бар көлік жүргізушілеріне қатты аяз күні жанармайбагын толтырып алуына кеңес береді. Себебі, бакта бос ауа қалса ол буланып, жанар-жағармайдың құрамын өзгертіп, бензосорғы мен жағармай жүйесін зақымдайды.

Аккумуляторды қолданып жүргеніңізге 5 жылдан асса ауыстырыңыз. Аязда қалып кеткен аккумуляторды ваннаға ыстық суға батпайтындай етіп 10 минутқа салып алуға болады.

 

4. Доңғалақтар

Доңғалақтарды маусымына сай және техниканы дұрыс қолдану талаптарын орындай отырып, машина дөңгелектеріне кигізу – қауіпсіздік шарттарын орындаудың бір түрі. Қысты күні қолданатын доңғалақ түрлерін: M+S (Mud+Snow — «Лай+Қар»), Winter («Қыс») немесе W белгілері бар доңғалақтарды қолданған жөн. Бұл жазулар бұлт, немесе қар ұшқынының пиктограммасымен бірге көрсетілуі мүмкін. AS (All Seasons — «барлық маусымға арналған») немесе AW (Any Weather — «ауа райының кез-келген жағдайы») маркалы бүкілмаусымдық шиналарды оңтүстіктен басқа аймақтарда қолданбаған дұрыс, себебі олардың қыс кезіне қажетті артықшылықтары тым төмен болып келеді. Жүргізушілердің басын қатыратын сұрақтың бірі: қандай доңғалақ жақсы, тікенекті (шиповка) ме, әлдде жабысқақ (липучка) па? Бұл доңғалақтарды қолданудың өзіндік ерекшеліктері бар: тікенекті шина қар және мұз үстінде жақсы ұстайды, ал жабысқақ шиналар асфальтты ұнатады. Таза асфальтта тікенекті шиналарды тежелу қасиеті төмендейді, тежелу жолы ұзарып, доңғалақтың сіресу қаупі артады. Бір қызығы тікенекті доңғалаққа тым сеніммен қарайтындар асфальт үстінде одан мұз бен қарға қажетті қасиетті күтеді. Қысқасы, қысқы доңғалақты таңдап алу көліктің қандай жол жағдайында жүретініне байланысты болуы керек.

Кейбір жағдайда жүргізушілер машинаның жетекші дөңгелектеріне тікенекті доңғалақ кигізіп, жетектегісінде жазғысын қалдырады. Бұл өте қауіпті, әртүрлі шина болғандықтан олардың тежелу коэффиценттері де әр түрлі болады, бұл жолдан ұшып кету мүмкіндігін арттырады. Бұдан бөлек, барлық маусымға жарайтын доңғалақтардың бірнеше түрі бар. Бірақ, оның қыста жүруі үшін протекторының тереңдігі қалың болуы қажет. Себебі, протекторы жақсы болса да тайып кетуі мүмкін екен. Сол үшін материалы жұмсақ, нормасы 1,6 келетін доңғалақты таңдаған абзал.

5. Көліктің сыртына күтім жасау

Жаңбыр мен ыстыққа төзген көлігіңіздің теміріне қыста жолға себілетін тұз да кері әсерін тигізеді. Сондықтан, көлігіңіздің темірі шірімес үшін мастика (жылтырататын сұйықтық) немесе балауыз ерітіндісімен жапқан дұрыс. Қыс айында көлігіңізді үнемі жуғызып тұру керек. Себебі, көліктің астыңғы жағы лайланбауы керек. Бірақ, суық күндері көлікті ыстық сумен жууға болмайды.

Әлия ӘДІЛБЕК

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *