Ауылға бар, қалқатай…

Өңірде білімді, қолында дипломы бар жастар көп. Бірақ, олардың бәріне бірдей қаладан жұмыс табыла бермейді. Нәтижесінде, жастардың бір бөлігі нәпақа табу үшін қара жұмысқа жегілсе, базыбіреулері шарасыздықтан қылмысқа барады. Елдегі осындай жағдайды ескерген Үкімет бірнеше бағдарламаны қолға алды.

Ауылға бар, қалқатай...«Дипломмен ауылға» – сондай бағдарламалардың бірі. Мақсат – жұмыссыз жүрген мамандарды елдімекендерге жұмысқа орналастырып, ауылдың жағдайын көтеру болатын. Аталмыш бағдарлама біздің өңірде де қолданысқа еніп, қарқынды жұмыс істеуде. Бірақ оны жұрттың бірі білсе, енді бірі біле бермейді. Осы ретте біз облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы, ауылдық аумақтарды дамыту бөлімінің бас маманы Күмісбек Жаппаровқа хабарласып, облыста жобаның орындалу барысы қандай? Бағдарлама аясында қанша маман жұмыспен қамтылды, қаншасы қамтылмақ? Жұмысқа орналасу үшін қайда барып, қандай құжат тапсыру керек деген сауалдарды қойған едік.

Бас маман Күмісбек Жаппаровтың берген мәліметіне сенсек, аталмыш бағдарлама өңірде 2009 жылдан бері жүзеге асырылуда. Оған денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандар қатысып, әлеуметтік қолдау шараларын алған. Атап айтар болсақ, «Дипломмен ауылға» жобасына қатысқан кез-келген маманға 70 АЕК мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы мен қажеттілігіне қарай тұрғын үй сатып алу үшін 15 жылға 0,01 пайызбен 1500 АЕК деңгейінде бюджеттік несие беріледі. Аталған әлеуметтік қолдау шараларына қол жеткізген жобаға қатысушы заң талабына сәйкес ауылдық елдімекенде 3 жыл жұмыс істеуі керек. Ал, егер жобаға қатысушы түзілген екіжақтық келісімшартты бұзып, 3 жылға жетпей жұмыс орнын ауыстырса әлеуметтік қолдау шаралары ретінде берілген қаражатты мемлекетке кері қайтаруы тиіс.

Айтпақшы…

Күмісбек Еркінбекұлының айтуынша бүгінде «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша мамандарға жолдама беру облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының құзыретіне кірмейді. Айтуынша, жобаға қатысушы бірінші кезекте кез-келген ауылдық жерден жұмыс тауып, соған орналасуы керек. Орналасып болған соң жергілікті әкімшілікке барып «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша әлеуметтік көмек алу үшін өтініш жазады. Сәйкесінше, әкімшілік тиісті құжаттарды қабылдаған күннен бастап 5 күнтізбелік күн ішінде оларды арнайы құрылған комиссияға жолдайды. Комиссия келіп түскен құжаттарды 10 күнтізбелік күннің ішінде қарастырып (облыстық маңызы бар) қала әкімдігіне әлеуметтік қолдау шараларын көрсетуге ұсынады. Аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігі комиссияның ұсынысын 10 күнтізбелік күннің ішінде қарап шығып, әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну туралы қаулы қабылдайды. Қаулы қабылданғаннан кейін 7 күнтізбелік күннің ішінде әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну туралы келісім жасалады. Соған сәйкес, 7 күнтізбелік күннің ішінде маманның есепшотына көтерме жәрдемақысы аударылады.

Осы жерде айта кететін бір жайт, тұрғын үй сатып алу үшін бөлінетін қаражат маманның қолына берілмейді екен. Күмісбек Жаппаровтың сөзіне сүйенсек, баспанаға зәру маман жұмысқа орналасқан ауылдан сатылатын баспана қарастырады. Сәйкесінше, сол үй туралы ақпарат жинастырып, әкімшілікке қажетті құжаттарды өткізеді. Соған сәйкес, тұрғын үйдің қаржысы баспананы сататын үй қожайынының есепшотына аударылады. Ал, баспана маманның атына тіркелгенімен, үйдің құжаттары несие беруші тарапта (3 жылға дейін) болады. Сондықтан да, маман келісімшарттың мезгілі бітпейінше баспананы кепілдікке қоя да, сата да алмайды.

28-003

 

Қандай құжаттар қажет?

Бір жолғы көтерме жәрдемақыны алу үшін маман әкiмшiге төмендегідей құжаттарды ұсынуы керек:

— өтініш (үлгі бойынша);
— жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
— жаңа жұмыс орны бойынша кадр қызметi растаған еңбек кiтапшасының көшiрмесi;
— бiлiмi туралы дипломының көшiрмесi;
— тиісті елдімекенде тұратындығын растайтын тұрғылықты жерінен мекенжай анықтамасын өткізу керек.

Тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит алған кезде:

— өтініш (үлгі бойынша);
— жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi;
— жаңа жұмыс орны бойынша кадр қызметi растаған еңбек кiтапшасының көшiрмесi;
— бiлiмi туралы дипломының көшiрмесi;
— сатып алынатын жылжымайтын мүлікті бағалау актісі;
— көші-қон қызметінен алдыңғы тіркелген жері туралы мәлеметтер;
— тиісті елді мекенде тұратындығын растайтын тұрғылықты жерінен мекенжай анықтамасы;
— неке туралы куәліктің көшірмесі (некеде тұрған мамандар үшін);
— аталған ауылдық елдімекенде маманның, оның жұбайының және балаларының жылжымайтын мүлкінің болмауы (болуы) туралы анықтаманы өткізу керек.

Құжаттар салыстыру үшiн түпнұсқада және көшiрме түрiнде ұсынылады. Содан кейiн құжаттардың түпнұсқасы маманға қайтарылады. Айта кетейік, ережеде көрсетілмеген басқа да құжаттарды талап етуге жол берілмейді.

Айжан Ермекқызы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *