Ауру балаларға көмек қажет

14 девочка«Тапқан да ана, баққан да ана». Бұл сөздің түп-төркінін басына тағдыр тауқыметі түскен жан ғана түсінетін болар. Әңгімемізге арқау болған
Жазира Айтбаева жалғыз өзі екі бірдей науқас баланы бағып отыр. Үлкен ұлы – Нұрым туа бітті керең-мылқау болса, 11 жастағы Жұлдыздың да денсаулығы нашар. Жазираның өзі де азапты күндердегі ауыр жұмыстан денсаулығынан айырылған. Екі баланы асырау үшін талмай жұмыс істеп, талай ұйқысыз күндер мен түндерді басынан өткізіп келеді. Қара жұмыс қажытып, ревматизм мен бронхиальды демікпеге шалдықты.

Нан демекші, Жазираның дастарханында бір түйір нан болмаған күндер көп болады екен. «90 жылдары дастарханымызда нан да болмады. Сол кезде көгерген нанды суға жібітіп жеген уақыттар есімде. Көршім бір күні «нан жауып алыңдар» деп ұн берді. Қарасам қап-қара ұн екен. Ондай ұнды күні бүгінге дейін көрмедім. Нан жапсақ, тісімізге шықырлап, ішінде құм қиыршықтары жүрді. Сол уақытта одан артық дәмді тағам болмады. Жан бағуда оны талғажу еттік», — деді қиын күндерін еске алған ана.
— Қазір жасым қырықтан асты. Бұрынғыдай тынымсыз еңбек етуге шамам да келмей қалды. Жаңа жылдың алдында қатты ауырып жатып қалдым. Балалармен дастархан басында барымызды қойып, мәз-мейрам болып, тілек айтысқаннан артық не бар? Жұмыс болмаған соң, ақша да жоқ. Балам ұялы телефонын, ал мен үйдегі үстелді сатуға мәжбүр болдық, — дейді.
Жоқтық, жетіспеуші-лікпен күрес, ауру баланы бағу – әйел затының нәзік болмысын қатайта түскендей. Екі бірдей перзентінің тағдырына жауапты Жазираның әлсіз болуға, өмірден түңілуге, шаршауға да қақы жоқ.
— Шардара қаласында тудым. Әкемнен ерте айырылып, балалық шағым Қызылордадағы нағашымның үйінде өтті. 23 жасымда әкемнің туыстарына жақындап, елге қайта оралдым. Тұрмысқа шығып, ұлым Нұрым дүниеге келді. Көз-қуанышым — тұңғышым туа бітті саңырау-мылқау екендігін сегіз айлығында білдік. Емдетуге қаржы жоқ болатын. Сөйтіп жүріп жарымнан да айырылдым. Анам қайтыс болған соң, өмірімде қиын кездер басталды. Тұрақты жұмыс жоқ. Қай жерден азын-аулақ тиынға жұмыс шығады, соны істеймін. 14 ауру балаТіпті, жоқшылықтан үйдегі анамнан қалған заттарды да сата бастадым. Қамыр жаятын оқтау-тақтайға дейін саттым. Бір күні қамыр жаяйын десем, оқтау жоқ екен. Балам сырттан бөтелке тауып келді. Қамырды сонымен жайған күндерім әлі есімде. Жұмыс істейін десем, Нұрымды тастайтын жер жоқ. Қай жерге жұмысқа барам, сонда өзіммен бірге алып жүремін. Мақта терсем, балам сызда отырады. Суықта жүреді. Тапқан аз ақшаға нан аламын. Сосын бөтелкеге су құямын да нан екеуін ғана ішіп-жеп жүрдік. Сөйтіп жүріп мүгедек баламның денсаулығын одан сайын құрттым. Қазір бүйрегі, жүрегі ауырады. Содан кейін қызымды босандым. Балам 8 жасқа келсе де, мектепке бармады. Мүгедектік бойынша жәрдемақы да алмадым. Сөздің ашығын айтсам, балама жәрдемақы алу үшін құжаттар жасауға Шардарадағы анамнан қалған үйімді саттым. Құжаттарға айтарлықтай пысық емеспін. Ортада жүрген адамға сендім. Ары-бері жол шығыны, басқасы бар қолымдағы ақшаның бәрі сонымен кетті. Одан кейін баламның болашағын ойлап Шымкентке келдік. Оны облыстық саңырауларға арналған мектеп-интернатқа бердім. Қызымды ауылда құрбыма қалдырдым. Осы уақыттары байлардың үйінде үй жинаушы болып жұмыс істедім. Арасында демалыста баламның жанында боламын. Нұрым мектепті өте жақсы оқыды. Қалада өмір сүру оңайға соқпады. Маған жүктелген жауапкершілік одан сайын күшейді. Туыстарымның үйін паналадым. Үзіліссіз, демалыссыз «Лаваш» орталығында күні-түні жұмыс істедім. Тәулігіне 1-2 сағат ғана көз ілген кездерім болды. Ауылдан «қызың сені сағынып, ауырып жатыр» деген хабар жиі келеді. Алып келейін десем баспана жоқ. Пәтер жалдауға ақша жетпейді. Жылап-сықтаған түндер, өмірге лағнет айтқан күндер аз болмады. Онсыз да аурушаң болып туылған Жұлдызды жағдайы нашарлаған соң, қалаға алып келуге мәжбүр болдым. Тұрақты паналайтын үй болмағандықтан, қызымды «Балаларды уақытша бейімдеу орталығына» тапсырдым. Жұлдыз ол жерге де үйрене алмады. Күнделікті табатын тиын-тебенге қарамай қызымды қолыма алып, пәтер жалдап тұрдым. Қазір Жұлдыз 4-сыныпта оқиды. Қызыма туылғанында «гипотрофия» деген диагноз қойылған. Іште жатқанда жақсы дамып-жетілмеген. Туылғаннан кейін денсаулығы болмады. Қазірдің өзінде зейіні өте нашар, ұмытшақ, бір нәрсеге ашуланса, мұрнынан қан тоқтамайды. Бір тексерткенімде «екі жақты шап жарығы» (паховая грыжа) деген диагноз қойды. Оған ота жасау үшін дәрігерлер жүрегі әлсіз дейді. Егер қызыма толыққанды медициналық тексеру жүргізсе, әлі талай ауруы шығатынын білемін. Әзірге қызды тексертуге уақыт жоқ. Нақты бір диагноз қойған күннің өзінде қажетті дәрі-дәрмек, тексертулерге менде артық қаржы да жоқ. Оның үстіне бір күн жұмыстан қалу — бір күн аш отыру деген сөз. Соңғы уақытта «Фиркан» сауда орталығында еден жуушы болып жұмыс істедім. Жасыма, денсаулығыма қараған болуы керек жеңілдеу жұмысына ауыстырды. Қазір Жұлдыздың сабақ үлгерімі төмендеу. Себебі, зейіні нашар және ұмытшақтықтан сабағына үлгере алмайды. Мұғалімдер қызымның сабақ үлгерімі нашар екендігін айтып, жиі шағымданған соң, ақылы түрде репетитор жалдадым. Осы кездері Жұлдыздың үлгерімі біршама жақсарды. Қолдың қысқалығы оны ары қарай жалғастыруға мүмкіндік бермей отыр.
14Ал, Нұрым қаладағы №4 колледждің 2 курс студенті. Мамандығы — бағдарламашы. Баламның жақсы білім алғанын қалаймын. Ол — еңбекқор. Жаз айларында құрылыста істеп, азын-аулақ ақша тапты. Маған қолғабыс етеді. Денсаулығы болмаған соң, ауыр жұмысқа да жарамайды. Оның үстіне, қоғамда оның адамдармен тіл табысуы, түсінісуі қиын. Естімеген және сөйлей алмайтын болған соң, кейбір құжаттарын тапсыруда, не болмаса қандай да бір жұмыста мені қасында ертіп жүреді. Баламның арманы көп. Жоғарғы білім алғысы келеді. Оған енді шамамыздың келмейтіні анық. «Жүргізушілік курсты бітіріп, жол жүру куәлігін алсам, болашақта кәдеге асар еді» дейді. Сол бойынша мүмкін жұмыс табармын деп ой тастайды. Қаржы болса, бұл мақсатын жүзеге асырамын. Оның қазіргі қажеттілігі – ноутбук. Сабағын орындауға қатты қажет болып жүр. Ол болмағандықтан, кейбір сабақтарына үлгермей жатады. Сол үшін достарының үйінде қонып қалады. Ноутбук үшін ұрсысып та қаламыз. Сатып әпер, болмаса несиеге алайық дегенді айтады. Тұрақты табысым болмаған соң, несие ала алмаймын. Маған қоятын сұрақтары өте көп. «Неге баспана ала алмаймыз?», «Неліктен маған ноутбук немесе телефон алуға несие бермейді?», «Үйге кезекке неге тұрмайсың?» деген сауалдар қойғанда түсіндіре алмаймын. Өзімнің де түсіндіруге аса сауатым жетпейді. Шындығын айтқанда кейде- өмірден баз кешіп кеткім келеді. Қайта сабама түсіп, балаларымның бар екендігіне тәубе айтамын,- дейді тағдыр тауқыметін тартып жүрген ана.
«Үйге кезекке тұруға әрекет жасадыңыз ба?» деген сауалға «Әзірге тіркеуде Шардарадамыз. Бұл жақта тіркеуге тұратын жерім жоқ. Көмектесетін де туыс жоқ. Бір рет тіркеуге тұруға таныс тапқан едім. Алайда, айына 5 мыңнан төлеп тұрасың» дейді. Жалақым 35-40 мыңның арғы-бергі жағында. Пәтерге 20 мың, коммуналдық төлемдерге 10 мыңнан аса қаржы кетеді. Балалардың ас-ауқаты мен киім-кешегі бар дегендей. Балама мемлекеттен алатын жәрдемақы өзінің керек-жарағына, дәрі-дәрмегіне кетеді деп жауап қатты.
Анасының сөзінше, Нұрым қоғамда болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістерден қалыс қалғысы келмейді. Отбасына қолғабыс етіп, еңбектенуге тырысады. Десе де, кедергілер болып жататын жайттар көп екен. Қоғамға сіңісіп, адамдармен тез тіл табысуға мүмкіндігі жоқ…
Ал екі бірдей мүгедек перзентін жалғыз өзі асырап жүрген Жазира күресуден шаршаған емес. Өзі алмаған білімді баласының алғанын қалайды. Ұлының мамандық алуына барын салып жүр. Ұл-қызын қалаға алып келді.
— Денсаулығым барда оларды тарықтырмауға тырысып келемін. Тек баспанамыз болса екен деп армандаймын. Нұрымның қазіргі бар арманы – үй. Кейде көшеде келе жатып, үлкен үйлерді көргенде көз алмай қарап тұрып қалады. «Біздің де осындай үйіміз болса екен» дейді. Бұрын бір үйде пәтер жалдап тұрғанда, бірінші қабат – дүкен, екінші қабатында біз тұратынбыз. Сол секілді үйді армандайды. Өз кәсібіміздің болғанын қалайды. Егер сондай жағдайымыз болса, «пәтерді адамдарға арзан етіп беретін едім» дейді бала көңілмен арасында, — дейді ішіндегі сырын ақтарған келіншек. Әрі ұлы Нұрымның болашағына қатты алаңдайды. Мейлінше, көзі тірісінде колледж бітіріп, жұмысқа орналасса, отбасылы болса деп армандайды.
Жазираның бүгінде денсаулығы да жоқ. Әйтеуір, балаларының аш қалмауы үшін жанын сүйретіп жүр. Сыртынан қайтпас қайсар, батыл, күрескер көрінгенімен, ішкі жан-дүниесінде шаршағаны байқалады…

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *