«Аулалар автотұраққа айналды»

IMG_8622

Қазіргі таңда Қазақстан қалаларының әлеуметтік өзекті проблемаларының бірі — аулалардағы автомобиль көлігінің жүктемесі болып табылады. Бұл ретте көппәтерлі үйлер ауласындағы көліктердің ретсіз шоғырлануы тұрғындарға көптеген қолайсыздықтар әкеліп жүр. Автокөліктер арнайы орындарға ғана емес, сондай-ақ, балаларға арналған ойын алаңдарына, көгал-гүлзарларға, тұрғын үйлердің кіреберістеріне, жолдың көлік жүретін бөлігіне және тротуарларға қойылып жатады. Бұл жайт тұрғындардың заңды наразылықтарын тудыруда.

Республикада тіркелген жеңіл автокөліктер бойынша Оңтүстік өңірі көш бастап тұр. Соңғы 2-3 жылдың ішінде облыс орталығы Шымкент қаласында көліктер тіпті орталықтағы үлкен даңғыл жолдардың өзінде кептелісте тұрып қалуда. Ал, енді осыншама ағылған көлік кеш батқанда қайда барып «бас сауғалайды» деп ойлайсыз? Мамандардың айтуынша, орташа есеппен әр үйде кем дегенде бір-бірден көлік бар. Сол себепті, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына автокөлікті қою тұрғындардың «бас ауруына» айналып отыр.
Қаладағы тұрғын үйлердің маңына көлік құралдарын ретсіз қою —шұғыл қызметтердің жедел әрекет етуіне кедергі келтіретін жайттардың бірі. Осыдан көпқабатта тұрғын үйлердің ауласына жедел жәрдем, өрт сөндіру, басқа да апатқа қарсы қызметтердің көліктері кіре алмай, уақытылы құтқару, көмек көрсету жұмыстарын жүргізе алмай, тығырыққа тіреліп жатады. Бұл қатарлы кемшіліктер әсіресе, Шымкент қаласының шағынаудандарда жиі тіркеледі. Олардың бірі «Нұрсәт» шағынауданы. Көлікті ретсіз қою келеңсіздіктерінен мұнда аяқ алып жүргісіз. Әсіресе, толасссыз түскі, кешкі мезгілдерде жағдай қиындап, үйлердің ауласына кіретін жолдар көліктермен тосқауыл қойылып, жабылады. Бұл келеңсіздіктер әсіресе, шұғыл қызметтер үшін үлкен кедергілер келтіреді. Автокөліктердің аулаларда көптеп шоғырлануы коммуналдық қызметтер үшін, оның ішінде қоқыс шығару, «жедел жәрдем» таксилер, аналардың бесік-арбалармен қозғалысы үшін күрделі проблемаға айналып отыр. Қар жинайтын техникалардың да аулалардан қар шығаруға мүмкіндіктері де шектеулі. Автомобильдерге толып тұруының салдарынан аулалардағы жол-көлік оқиғаларының саны да ұлғаюда. Бөтен бiреудiң автокөлігін сырып кеткен жағдайда жүргізуші оқиға болған жерден оп-оңай кетіп қала алады.
Көпқабатты үйлердің ауласына көлік­терін түнде қараусыз қалдырып кететін жүргізушілер тұрғындардың наразылығына қалып қана қоймай, өздері де көлік тонаушы ұрылардан материалдық зиян шегіп жататыны жасырын емес. Үстіміздегі жылдың басында осындай қараусыз көліктердің аккумулятор, доңғалақтары, тіпті моторында орналасқан қымбат бағалы валюметр, борткомпьютер секілді автобөлшектерді ұрлайтын қылмыстық топ қолға түсті. Әрине, арнайы тұрақта тұрмаған, күзетшісі жоқ автокөлік қылмыстық ниеті бар адамдардың көз құртына айналары сөзсіз.
Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы ақылы автотұрақтар көлік иелері үшін тиімді. Іргедегі тұраққа көліктерін қояды. Көліктері үшін алаңдамауына да сеп. Дегенмен, автотұрақтардың бәрінде бірдей жағдай мәз емес. Біз барған үйіргелік 2-3 автотұрақта күзетшілер көлік үшін аса көп бас ауыртпайтынын айтады. Өйткені, табыстары мардымсыз.
Жыл өткен сайын Шымкент қаласының көлемі де, ағылған көлігі де артып келеді. Онсыз да «тар ауланы тамаша қылған» автокөліктердің мәселесі тұрғындардың ғана емес, қала басшылығының да бас ауруына айналды. Бірақ, әзірше тығырықтан шығар нақты шешім мен жобаны көріп отырғанымыз жоқ.

аскар мамырбаевАсқар Мамырбаев,
Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің
басшысы:
— Шымкент қаласында көпқабатты тұрғын үйлер ауласына қойылатын көліктер саны көбейіп, тұрғындардың наразылығын тудырып жатқаны жасырын емес. Болашақта көлік саны бұдан әрі көбеймесе, азаймайтыны анық. Біз бұл мәселені көпдеңгейлі паркингтер салумен шешуге болады деп есептейміз. Бүгінгі таңда көпдеңгейлі паркингтер Астана, Алматы ғана емес, еліміздің біршама өңірлерінде қолға алынып келеді. Сондықтан, алдағы уақытта көп дең­­гей­лі көлік тұрақтарын салуда тә­­­­­­жі­­рибесі мол, құрылыс жұмыстарында қазіргі заман талабына сай келетін сапалы материалдар ғана пайдаланатынын құрылыс компанияларымен келіссөздер жүргізіп, инвесторларды тартуды қолға алуымыз керек.

Амире

Әміре Батыршаев,
жеке автотұрақ күзетшісі:
— Нан табу үшін ғана амалдың жоқтығынан жүрмін. Күзетші үшін ешқандай жағдай жоқ. Ұйықтайтын жерім де, тамақтанатын асүй де, жуынатын бөлме де, тіпті әжетхана да аядай ғана күрке. Су құбыры жоқ болғандықтан, қол жуатын су да тапшы. Қысқасы, санитарлық талапқа сәйкес келмейді. Зейнетақы қорына ақша аударылмайды. Әрине, жалақымыз үшін салық та төленбейді. Көліктерін қойған жүргізушілерге ақы төлегені үшін чек шығарып бермейміз. Себебі кассалық аппарат жоқ. Қаланың ортасында орналасқан автотұрақ болғандықтан, бұл жерде жүретін адам көп. Түнгі мезгілде бұзақылар сыраның шынысын лақтыра салса-ақ, көліктің әйнегі сынады. Оларға қарсы тұратын қайратым бар ма? Абырой болғанда, ондай келеңсіздік болған емес. Әйтпегенде, иесі көлігін бізге сеніп тапсырғанмен, көліктің қауіпсіздігі үшін жауап бере алмаймыз.

Муса Алипбергенов1Мұса Алипбергенов,
Шымкент қаласы «Нұрсәт» шағынауданының тұрғыны:
— Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында көлік өте көп. Көліктер жиектастардан (бордюр) шығып, балалардың ойын алаңдарына да қойылады. Бұл — үлкен мәселе. Негізі, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында көлік қоятын жер жоқ емес, бар. Қазір біздің шаһардың тұрғындарының саны артқан, көлік өте көп. 80-90-жылдары салынған үйлердің аулаларының маңынан соншалықты көп көлік үшін жер қарастырылмаған. Өйткені, ол кезде автокөлік қоюға аса қажеттілік бола қойған жоқ. Ең сорақысы қыс мезгілдерінде таң азанымен барлық көліктер жарты сағат бойы жылыну үшін оталып тұратыны тағы бар. Будақтаған көк түтін есік алдын көк тұманға айналдырады. Мұның экологиялық зардабын айтып жеткізе алмайсың. Сонымен бірге, көліктерін автотұрақ орындарына қоюға мүмкіндігі жоқ тұрғындармен қоса автотұрақта орны барлар да үйлердің ауласына машиналарын қойып кетеді. Бұл ретте қаладағы көптеген автотұрақ орындары жиі бос тұрады. Адамдар өз автокөліктерінің көз аясында болуын қалауы табиғи құбылыс, алайда, нәтижесінде олардың әрқайсысы қалаған жерінде көліктерін қойып кетеді.

Ойын алаңқайына көлігін қойса, айыппұл төлейді

Көлік жүргізушісі балалардың ойын алаңына көлік қоятын болса, онда тұрғындар қалалық жол полициясына хабарласып, шағым айтуына болады. Көлік қоюға тыйым салынған жерлерге көлікті қойғаны үшін көлік жүргізушісіне айыппұл белгіленеді. Сонымен қатар, жол қозғалысы қауіпсіздігі ережесінің 17.2 тармағына сәйкес, тұрғын үйлер аймағында (арнайы бөлінген және жолақтармен белгіленген орындардан тыс жерлерге) рұқсат етілген массасы 3,5 тоннадан асатын жүк көліктерін және автобустарды орналастыруға тыйым салынады. Заңның бұл талабын бұз­ғандарға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 597 2-тармағына сәйкес, жауапкершілік қа­растырылған, яғни тыйым салынған жер­дегі көлік құралының мемлекеттік нөмірі алынып, жүргізушіге бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Айтқали САДЫҚОВ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *