Ауданда ауыз су сағатпен беріледі

Өңіріміздегі қала, аудандардың Тәуелсіздік жылдарында өзгергені жайлы, олардың дамуы жөнінде әкімдердің есебі жалғасуда. Өткен аптада облыс әкімдігі жанындағы «Оңтүстік» коммуникациялық қызметінда Төлеби ауданының әкімі Бұхарбай Парманов БАҚ өкілдеріне ауданның 25 жылда жеткен жетістіктері мен алдағы жылдары атқарылатын жұмыстары жайлы алдын дайындалған «пресс-релизден» емес, әңгіме ретінде баяндады.

Бұхарбай Рысқұлұлы өзге шенеуніктерден жұмысты жос-парлау және ұйымдастыру, қандай да деректер болмасын есте сақтау қабілетімен ерекшеленеді.

Мамандығы экономист, заңгер салық саласында көп жылдары қызмет жасағаны үнемі байқалады. Есеп тұщымды болды.
Аудан бюджетінің көлемі биыл 11 млрд 88 млн теңгені құрап, 1991 жылмен салыстырғанда 16 есеге өскен. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында ауданда Тәуелсіздік жылдары 46 жарым млрд теңгені құрайтын 13 жоба енгізіліп, бүгінге 10-ы іске қосылған. «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде былтыр 35 жоба мақұлданып,жүзеге асыпты.

— Аудандағы елді мекендерді газдандыру, ауыз сумен қамту басты назарда,- дейді Бұхарбай Парманов.
55 елді мекеннің 36-ы бүгінде табиғи газбен қамтылған. Төлеби ауданында 51 елдімекеннің 20-сындағы халық орталықтандырылған жүйеден суды тәулік бойы пайдаланып отыр. Ал қалғанына сағатпен беріледі.

«Тозығы жеткен құбырларды жаңалау мақсатында жобалық -сметалық құжат әзірлеуге, бұлақ пен жерасты сулары көздерін барлауға бүгінде 370 млн теңге қажет» деген әкім Ленгер қаласындағы құрылысы 6 жылға созылған су жүйесіндегі кемшіліктерді жасырмады.
«Үлкен құрылыс болды.Құрылысқа 4,2 млрд теңге бөлінген. Ленгер қаласының жері ойлы-қырлы болғандықтан, суды тұтынушыларға жеткізуде электр қуаты тапшылығы болғаны да рас, судың лайлануы да орын алғаны бар. Бұл кемшіліктер мердігер есебінен ретке келтірілуде.Онда қазір құрамында 30 жұмысшымен жасақталған 4 бригада жұмыс жасауда. Біз де өз тарапымыздан секундына 20 литр келетін суды қосымша қосып жатырмыз, түрлі су тазаратқыш қондырғылары орнатылуда. Бізге сағатына 240 текше метр су қажет. Қалаға су 8 шақырым жерден келеді. Көктерек су қоймасы аумағындағы жердің басым бөлігі кезінде жекешелендіріліп кеткен, оларды мемлекет меншігіне қайтару жөнінде бүгінде аудан прокуратурасы жұмыс жасауда. Ленгер қаласындағы су жүйесінің құрылысында жіберілген кемшіліктер бойынша бүгінде қылмыстық іс қозғалған, тексеру амалдары жүргізілуде. Нысан мемлекеттік сараптамадан өтуде. Құзырлы органдармен жинақталған материалдар жылдың соңына дейін сотқа жіберіледі.Нысанды қабылдаған мамандар мен лауазым иелеріне қатысты шара көріледі» деді Парманов.

Әкім тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы аясында Ленгер қаласындағы үш көпқабатты үйді жөндеу барысында жіберілген кемшіліктер мердігерлердің есебінен ретке келтірілгенін атап өтті.

Қаладағы 20-дан аса көпқабатты үйдің бесеуінде құрылыс жұмыстарын жүргізуге облыс бюджетінен қаржы қарастыру жөнінде басқармаға жобалық-сметалық құжат жіберіліпті.

Осы тұста айта кететін жәйт, облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы Төлеби ауданына жұмыс сапарында ондағы демалыс орындарына баратын жолдарды жөндеу және де жол бойындағы тұрғын үйлерді ретке келтіру жөнінде аудан әкіміне тапсырма берген болатын.
Ауданда бұл бағытта жоспарлы жұмыстар қолға алынған. Соңғы бес жылда аудандық маңызы бар жолдар мен ішкі көшелердің үштен бір бөлігі орташа жөндеуден өткізіліпті.

Аудандағы тозығы жеткен ішкі көшелердің жолдарын жаңалауға тағы 5 млрд теңге қаржы қажет. Ленгердегі бір мың шақырым жолдың жартысы жөндеуден өткенін ескерсек, 2020 жылдарға дейін ішкі жолдар толығымен жаңаланбақ. Аудандағы 40 шақырым ішкі жолдардың жартысы асфальттенбеген, тас төселмеген.

Келер жылға аудан әкімдігі 30 жолды жөндеуге тиісті сала басқармасына құжаттар да тапсырып қойыпты. Аудандағы 18 шақырым топырақ жолы да қаржыны талап етеді. Бұл күрделіктерді шешуге іскер әкім «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» жобасы аясында кәсіпкерлерді тартқан.

Осы тұрғыда Төлеби ауданындағы № 44 округтен сайланған облыс мәслихатының депутаты Мұрат Төлтебав пен №45 округтен сайланған Саттар Қуашбайды атап өткен жөн. Бұл азаматтар жерлестерінің тұрмысын жақсартуда аянбай еңбек етуде. Сарқырама ауылындағы өзгерістер оған куә. Жас депутат Мұрат Шерімұлы мұнда фельдшерлік-акушерлік бекет ғимаратын, спорт алаңшасын және де бірқатар ауылдарда балалар алаңшаларын өз қаржысына салып берді. Мұндай игі бастамаларды табиғаты керемет өлкеде демалыс кешендері бар кәсіпкерлер қолдап, нысандарға барар жолдың бойын аббаттандыруға көмек көрсетуде.

«Тау самалы» демалыс аумағыда жеті қабатты сауықтыру кешені құны 1,5 млрд теңгеге бағаланған қажетті жабдықтармен қамтылса, 2017 жылы пайдалануға беріледі.

Қасқасу ауылында да демалыс аумағын кеңейтіп, аббаттандыру бойынша қосымша құрылыстар жүргізілуде. Бұхарбай Рысқұлұлының халықты тұрып жатқан ауласы, көшесі жалпы ауылын көріктендіруге ат салысуға тарту тәсілі үлгі тұтарлық.
Сарыағаш ауданындағы атыз-арықтарды, каналдарды ретке келтіру, жол бойындағы тұрғын үйлерді жөнге келтіру жұмыстары бүгінде Төлеби ауданында жалғасын тапқаны қуантарлық. Әкімдік қызметкерлерінің халықпен кездесулер өткізіп, тұрып жатқан жерін абаттандыру ортақ іс екендігін түсіндіру жұмыстары нәтижесін берген. Қазір әрбір көшеде жауапты азаматтар сайланып, ортадан қаржы шығарып үйлердің қас бетін әрлеп, шарбақтарды бояп, арықтарды тазалауға кіріскен.

Ұмыт болған идеялар жаңғыртылса, одан төлебиліктермен қоса өңір жұртшылығы ұтады. Сұлу өлкені тамашалауға келушілердің саны өсіп, өңіріміздің экономикасы артады. Тұрғылықты халықты тұрақты жұмыспен қамту мақсатында ауданда индустриалдық аймақ ашылған. Аумағы 66 гектарды құрайтын аймақта шағын және орта бизнесті дамытуға барлық жағдай жасалған. Келер жылы мұнда құны 4 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобалар жүзеге асады. Олардың бірі облыс мәслихатының депутаты Әбілқасым Досболовтың ұсынған етті бағыттағы құс шаруашылығы жобасы өңірлік бағдарламаға енгізіліп, мақұлданды.

Төлеби ауданының даму жоспарын жүзеге асыруда қиындық болмайды деген сенім бар. Ауданның тізгінін қолына алған Бұхарбай Пармановтың жұмыстағы жүйелігі, мол тәжірибесі оған кепіл.

Шынар ОРАЗОВА

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *