Аттестациядан кімдер босатылады?

Осы жылдың ақпан-шілде айлары аралығында «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметкерлер арнайы аттестациядан өтеді. Аттестацияның өткізілу барысы туралы түрлі мекемелерде арнайы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өзгешелік көп. Жай-жапсарын ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департамент басшысы Әли Көмекбаев түсіндірді.

– «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметкерлерді аттестациялау-дан өткізудің биыл қандай өзгешеліктері бар?

– 2017 жылы өткізілетін аттестаттаудың ерекшелігі — оның кешенділігінде. Яғни, аттестаттаудан босатылатын қызметшілер санатынан басқа, іс басындағы барлық мемлекеттік қызметшілер аттестаттаудан өтуі тиіс. Тағы бір өзгешелігі, аттестаттау кезінде мемлекеттік қызметшілердің заңнамаларды білуін емес, кәсіби құзіреттілік деңгейі анықталады. Себебі, аттестаттаудың тестілеу және әңгімелесу кезеңдерінде сараптамалық, ұйымдастырушылық, көшбасшылық, стратегиялық ойлау, сапаға бағдарлану, тұтынушыға бағдарлану, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік сияқты кәсіби құзіреттіліктері бойынша сынақтан өтеді. Аттестаттау кезінде мемлекеттік қызметшілердің бағалау парағында көрсету арқылы оның әріптестерінің, тікелей басшысының және өзі қызмет көрсететін тұтынушылардың пікірі есепке алынады.

 

– Аттестациядан кімдер босатылады?

– Елбасымыздың мемлекеттік қызметшілерді аттестаттаудан өткізу жөніндегі №404 Жарлығы бекітілген бола-тын. Осы Жарлыққа сәйкес, аттестаттаудан өткізу кезінде:
1) Заңда белгіленген зейнеткерлік жасқа толуына екі жыл және одан аз уақыт қалған мемлекеттік қызметшілері;
2) жүктілік пен босануға, сондай-ақ бала күтіміне байланысты демалыстағы «Б» корпусының қызметшілері;
3) жүктілігі туралы медициналық қорытынды ұсынған жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдер, он төрт жасқа дейінгі балаларды (он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар, аталған балаларды анасыз тәрбиелеп отырған басқа да адамдар;
4) әңгімелесуден өту кезеңінде мемлекеттік қызмет өтілі алты айдан кем болатын мемлекеттік қызметке алғаш рет кірген адамдар;
5) «А» корпусы – басқарушылық деңгейдегі мемлекеттік әкімшілік қызметтің кадр резервінде тұрған «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілері аттестаттаудан босатылады.
– Аттестацияның 3 деңгейі туралы таратып айтып берсеңіз…
– Бірінші деңгейде орталық органдардың облыстағы департаменттері мен облыстық жергілікті атқарушы органдардың басшылары өтеді. Оларды аттестаттаудан өткізетін – Ақордадағы Жоғарғы аттестаттау комиссия-сы. Екінші деңгейде, орталық мекемелердің облыстағы департаменттерінің, облыстық жергілікті атқарушы органдардың орта және төменгі лауазымдардағы мемлекеттік қызметшілері, сонымен қатар, облыстық маңызы бар қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары мен дербес бөлім басшылары өтеді. Бұл ретте, орталық мекемелердің облыстық департаменттерінің мемлекеттік қызметшілері үшін әр департаментте жеке аттестаттау комиссиясы құрылады. Ал, облыстық жергілікті атқарушы органдары мен қала, аудандардың екінші деңгейде өтетін мемлекеттік қызметшілерін аттестаттаудан өткізу үшін облыс әкімі аппаратында бірыңғай аттестаттау комиссиясы құрылады. Үшінші деңгейде, енді, аудан, қала әкімдіктерінің құрамына кіретін жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері аттестаттаудан өтеді. Оларды аттестаттау үшін тиісті қала, аудан әкімі аппаратында бірыңғай аттестаттау комиссиялары құрылады.

 

– Әділқазылық ететін комиссия мүшелері қандай талаптар бойынша таңдалып алынады?

– Аттестаттау комиссиясына, ең алдымен, тиісті мекеменің басшылары енгізіледі. Мысалы, орталық мекемелердің облыстық департаменттерінде аттестаттау комиссиясын мекеме басшысы басқарады. Облыстық жергілікті атқарушы органдар үшін құрылған бірыңғай комиссияда бұл құзірет облыс әкімі аппаратының басшысына жүктелген. Үшінші деңгейдегі мемлекеттік қызметшілерді аттестаттау үшін аттес-таттау комиссиясының төрағасы – тиісті аудан, қала әкімдері. Бұлардан басқа, комиссия құрамына алдыңғы аттестаттау деңгейлерінде сәтті өткен мемлекеттік қызметшілер кіреді. Сырттан, мемлекеттік қызметші болып табылмайтын тұлғаларды енгізу көзделген. Бұған мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ-тардың өкілдері жатқызылып отыр. Бұл азаматтар абыройы-на дақ түспеген, қоғам алдында беделі бар болуы шарт.

 

– Аттестация өткізілетін орын қалай жабдықталады?

– Бұл жерде, аттестаттаудың өзі үш кезеңнен тұратындығын айтып өту керек. Бірінші кезең – мемлекеттік қызметшілердің бағалау парағын толтыру, екінші кезең – оларды тестілеу, ал, үшінші кезең – комиссиямен алқалы түрде олармен әңгімелесу. Аттестаттаудың тестілеу кезеңі мемлекеттік қызмет істерімен айналысатын орталық органның облыстық департаментінің тестілеу залында өтеді. Бұл үшін Шымкент қаласы, Ә. Жангелдин көшесі, 17 үй мекенжайда орналасқан 50 адамға арналған арнайы тестілеу залы қарастырылды. Қазіргі таңда ғимарат қажетті заттармен жабдықталып, 50 адамды бір мезетте тестілеуге мүмкіндік беретін 50 компьютермен қамтамасыз етілген. Ал, әңгімелесу өткізілетін орындарға келсек, облыстық департаменттерде, сондай-ақ, облыс, аудан, қала әкімдері аппараттарының ғимараттарында аттестаттау комиссиясы мүшелері мен аттестатталушы мемлекеттік қызметшілерге қолайлы, аудио-бейне жазба құралдарымен жабдықталған мәжіліс залдары қарастырылады.

 

– «Бағалау парағының» артықшылығы бар ма?

– Бағалау парағы – аттестаттау кезеңіндегі негізгі құжаттардың бірі. Себебі, бағалау парағында аттестатталушы әрбір мемлекеттік қызметшінің жеке басының деректері, яғни білімі, тілдерді меңгеруі, академиялық дәрежесі, алған наградалары, жасаған құқық бұзушылықтары үшін берілген жазалар, қызметтік міндеттері, жұмыс тәжірибесі, сондай-ақ, тікелей басшысымен берілген мінездеме толығымен қамтылады. Бағалау парағы, тестілеу қорытындысы және әңгімелесудің нәтижесін қоса алғанда, комиссияның лайықты шешім қабылдауына негіз болады.

 

– Аттестациядан өте алмай қалғандарға тағы бір мүмкіндік беріледі ме?

– Аттестаттаудан өте алмаған қызметкерлерге қайта өтуге мүмкіндік берілмейді. Яғни, аттестаттау комиссиясының шешімімен мемлекеттік қызметші атқарып отырған қызметіне сәйкес емес деп танылса, оны қызметтен босату туралы комиссия шешімі толық күшіне енгеннен кейін қызметші мемлекеттік қызметтен босатылуға тиіс.

 

– Комиссия әділ шешім шығаруда қаншалықты тәуелсіз? Егер мемқызметкер комиссия шешімімен келіспеген жағдайда шағымдана алады ма?

– Расында да, комиссия бағалау парағында көрсетілген, мемлекеттік қызметші туралы деректерді, жеке құзыреттерді бағалайтын тесттің қорытындыларына қарап, аттестаттаудың әңгімелеу сатысында мемлекеттік қызметшінің сұрақтарға берген жауаптарына байланысты тәуелсіз шешім қабылдай алады. Мемлекеттік қызметші аттестаттау комиссиясының шешімімен келіспеген жағдайда, шағымдануға құқығы бар.

 

– Мемқызметкерлердің лауазымын жоғарылату жөнінде комиссия мүшелері шешім қабылдайды ма?

– Аттестаттау комиссиясы бүкіл үш кезеңнің барысын қорытындылай келе, төрт шешімнің бірін қабылдайтындығын ескерсек, соның бірі — атқаратын мемлекеттік лауазымына сай келеді және лауазымын жоғарылатуға ұсынылады деген шешім. Яғни, кәсіби құзіреттілігінің бағасы жоғары болып, аттестаттау кезеңдерінен сәтті өткен қызметшілердің шынайы бағасы ретінде оларды жоғары тұрған лауазымға ұсынуға құқылы. Бұл ретте, сол мемлекеттік органдағы жоғары тұрған лауазымның бар-жоғы ескеріле отырып, конкурстық іріктеусіз жүзеге асырылады.

Сұхбаттасқан — Гүлжан ЖҰМАШ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *