Ата, жеңісіңізге рахмет!

Бүгінде облысымызда 332 соғыс ардагері бар
Тыл ардагерлері 21 мыңнан асады
Шымкентте 141 соғыс ардагері тұрады

0000001Ұлы жеңіске — 71 жыл. Қайғы мен қасірет алып келген соғыстың табы көптің жадынан өше қойған жоқ. 4 жыл 1418 азапты күнді басынан кешіп, жанқиярлықпен соғысқан ардагер аталарымыз бен апаларымыз ұрпақтарының бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүруі үшін күресті. Деректерге сүйенсек, соғыс майданына 1 миллион 366 мың қазақстандық атанған. Ал, Оңтүстіктен соғысқа 140 мыңнан аса сарбаз барып, тең жартысы соғыс даласынан оралмады. Оңтүстікқазақстандық 51 азаматқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, 8-і «Даңқ» орденiнiң иегерi атанды.

Бүгінде арамызда 332 соғыс ардагері ғана қалды. Сұрапыл соғыс жылдарында фашистермен аяусыз шайқасқан әрбір жауынгердің ерлігі ұмытылмақ емес. Олардың ұрпақтары күні бүгінге дейін батыр бабаларын еске алып, балаларына мақтанышпен жеткізіп келеді. Жыл сайын Жеңіс күні «Даңқ» мемориалына келіп, бабалар рухына тағзым етеді.
Отан үшін от кешкен боздақтарды, майдангерлер ерлігін еске алу шарасының бірі — «Мәңгілік даңқ» шеруі. Шымкентте үшінші жыл қатарынан өтіп жатқан шара биыл да жалғасын тапты. Майдан даласында қаза тапқан, хабар-ошарсыз, із-түссіз кеткен, не елге оралып, ертеректе қайтыс болған батыр бабаларды ұлықтайтын шеруге ұрпақтары олардың фотосуреттерін алып шықты. Мыңнан астам жерлестеріміз «Қажымұқан» стадионы алдынан шығып, «Даңқ» мемориалына дейін жүріп өтті. Бейбіт күн сыйлаған аға ұрпаққа шынайы алғысын білдірді.

00003Шеруге Бақыт Айманбетованың отбасы түгел келіпті. Оларды қалың топтан бірден байқауға болады. Ата-ана, ұлдары мен қыздары, тіпті, немерелері де ақ жейде киіп келген. Онда «Әке, жеңісіңізге рахмет!», «Батыр ата жеңісіңізге рахмет», «Баба, жеңісіңізге рахмет!» деген сөздер жазылған.
Шымкент қаласының тұрғыны, соғыс және еңбек ардагері Қаратай Төлебеков бейбіт өмірдің әрбір сәтіне, әр күніне шүкіршілік айтудан жалықпайды. Ел құрметіне бөленген майдангер 1924 жылы Бәйдібек ауданы Жүзімдік ауылында туған. Ол 1942-1950 жылдары Кеңес Армиясының қатарында қызмет етті. Екінші Прибалтика майданында 240-ші полктің 482 жеке батальоны құрамында ұрыстарға қатысты.
Қаруластарды, олармен бірге өткізген күндер мен түндерді, кескілескен ұрыстарды естен шығару мүмкін емес,- дейді ардагер. Қазақтың батыр ұлдарының жігерлілігі мен төзімділігінің адамзат баласы үшін теңдессіз саналатын Жеңіс күнін жақындатудағы үлесі мол деп есептейді. От-жалында шыңдалған жауынгер елге келгесін ұзақ жыл бойы білім саласында еңбек етті. Құдай қосқан қосағы Қымбат апа екеуі — алпыс бес жылдан бері жұптасқан жұбайлық өмірде төрт перзент көріп, олардан ұрпақ сүйіп отырған бақытты отбасы. Майдангер Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойын Мәскеудегі Қызыл алаңда қарсы алғанын мақтанышпен айтып отырады.

000000000004Әбілқасым Әзимов, қала тұрғыны:
Нахиповтар шаңырағынан Алмет пен Азим аталарымыз Сарығаш ауданы, Келес ауылынан соғысқа аттанған. Польша, Германиядағы шайқастарға қатысқан. Жеңістің қиындығы, оның оңай жолмен келмегенін жиі айтып отыратын. Бүгінші шеруге екі немеремді алып келдім. Олар батыр-ардагердің ұрпағы екенін біледі, онымен мақтанады. Бұл шараның өскелең ұрпақтың тәрбиесіне маңызы зор деп білемін.

 

 

 

 

0000002Бақыт Айманбетова, қала тұрғыны:
«Мәңгілік даңқ» шарасына бірінші рет қатысып отырмыз. Әкеміз Сауытқали Айманбетұлы соғыс ардагері. Майданға 1941 жылы аттанған. Жас кезінде аңшылықпен айналысып, мерген болғандықтан, соғыс жылдарында мергендер полкіне түскен. Мерекеде осы шеруге отбасымызбен жиналып, атамыздың ерлігін мақтанышпен балаларымыз бен немерелерімізге айттық.

 

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *