Ардагер атамның есімі көшеге берілсе

Шымкенттегі 786 көшеге адам есімі берілген

Шымкенттегі 786 көшеге адам есімі берілген

Әке-шеше, ата-әжесінің атын көшеге берушілердің көбейгені белгілі. Кезінде «Бармақ басты, көз қыстымен» бейтаныс адамдардың есімі ауыл, мектеп, көшелерге беріліп, дау туды. 2010 жылы ғана бұл келеңсіздіктер тоқтатылды, яғни атау беруге мораторий жарияланды. Дегенмен, күні бүгінге дейін ата-бабаларының есімімен көше атағысы келетіндер жетерлік. Редакцияға телефон шалып, мұң-мұқтажын айтушылар да көп. Олардың дені – ҰОС ардагерлерінің ұрпақтары. «Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне көше атауы беріліп жатқандығын естіп жатырмыз. Бұл қалай болғаны» деп те хабарласады. Мәселенің мән-жайын байыптап көрсек…

«Тыл ардагерлеріне де көше атауы берілуі керек»

Мақтарал ауданы, Жылысу ауыл округінің тұрғыны Әбдірахман Қауымбаев Кеңес Одағының батыры Тоғанбай Қауымбаевтың туған інісі. «Тоғанбай 20 жасында Ұлы Отан соғысының майдан даласына аттанды. Жаудан елді азат ету үшін атқыштар дивизиясында болып, ерен ерлік көрсеткені үшін Кеңес Одағының батыры атанды. 2014 жылы 92 жасқа қараған шағында Шымкент қаласында өмірден озды», — дейді Әбдірахман қарт. Енді батырға Шымқаладан бір көшенің аты берілсе екен деген арманы бар екендігін айтады. Ол үшін қайда бару қажеттігін және қандай талаптар қойылатынын білгісі келеді.
Ал, редакциямызға келген қала тұрғыны Бауыржан Бексейітовтың айтары басқа. Ол 2013 жылдан бері анасының есімін көшеге беруде табанынан тозғанын айтады.

333

Бауыржан Бексейітов,
қала тұрғыны:
— Анам Сұлушаш Бексейітова — Ордабасы ауданы, Ынталы елдімекенінің тумасы. Тыл және еңбек ардагері, Батыр ана. 2013 жылы қалалық ономастика бөліміне анамның атына көше беруге өтінішпен бардым. Дегенмен, түрлі желеу, өзгерістер, жоғарыдан келген нұсқауларға байланысты күні бүгінге дейін ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмадым. Өткен жылы біршама Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне көше аттарын берді. Ұлы Отан соғысы жылдары ері елі-жері үшін соғысса, ал артында қалған жарлары еңбек етіп, тамақ, киім, оқ-дәрі жіберіп тұрды. Тыл ардагерлерінің еңбегі ерен екенін ұмытпайық.
Пайғамбарымыздан бір сахаба: «Кімге жақсылық істейін?» дегенде, «Анаңа, сосын анаңа тағы да анаңа» деп үш рет айтқан екен. Сол сияқты, мен анама жақсылық жасағым келедНұрлан Шарафиев2222і.

Нұрлан Шарафиев,
Облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының басшысы:
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерге ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2013 жылғы 21 қаңтардағы заңға сәйкес елді мекендер мен көшелерге және өзге де нысандарға атау беру кезінде жергілікті тұрғындардың пікірін ескеру басты талаптардың бірі ретінде енгізілді. Енді өзіңіз тұратын көшеге белсенді топ өзге атау ұсынса, көше тұрғындарының келісімі бойынша басым бөлігі қолдаса ғана өзгертілмек. Ендігі жерде жаңа заңнамаға сай атау беру, қайта атау жергілікті тұрғындармен ақылдасуды талап етеді.

базаркулов Мұрат222Мұрат Базарқұлов,
Шымкент қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:
2015 жылы еліміздің Премьер-министрі орынбасарының тапсырмасына орай, Ұлы Жеңістің 70 жылдығының маңыздылығы мен өзектілігін ескере отырып, көшелер мен объектілерді атау бағытындағы жұмыстар тоқтамнан тыс жүзеге асырылды. Нәтижесінде Шымкент қаласында Ұлы Отан соғысы ардагері есімдерімен 5 көшеге атау берілді. Ал, бүгінгі таңда 7 көшенің құжаттары облыстық мәслихатының кезекті сессиясының күн тәртібіне ұсынылуда.

Кімдердің атын көшеге беруге болады?

Облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының басшысы Нұрлан Мұхтарұлының айтуынша, еліміз тәуелсіздік алған жылдары отарлау саясатынан арылудың жолы осы екен деген желеумен қоғамдық пікірді ескерусіз көптеген елді мекендер мен көшелерге атаулар қойылып, жеке азаматтардың есімдері де көптеп берілген.

«Бүгінде осы жайттар ескеріліп, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес объектілерге, әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау мәселесі уақытша тоқтатылды

2015 жылы Үкімет басшысы орынбасарының Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Кеңес Одағының батырлары мен бірнеше медальдармен марапатталған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін тоқтамнан тыс бірқатар мекемелер мен әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне беру бойынша тапсырмасы келді. Оны орындау мақсатында облыстық ономастика комиссиясының екі отырысы өтті. Аталған отырыстарда Кеңес Одағының батырлары мен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін беру бойынша 40 ұсыныс қаралып, алты құжат толық ресімделмеуіне байланысты кері қайтарылды. Оң қорытынды берілген 34 ұсыныс бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», — деді Н. Мұхтарұлы.
Ал, дәл бүгінгі күні Шымқалада қай көшелерге адам аттары беріліп жатқандығын қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұрат Серікбайұлы: Қазір тұрғындар арасында әлі де соғыс ардагерлеріне көше есімі беріліп жатыр деген шағымдар бар. Бұлар жоғарыда айтып кеткендей өткен жылғы ұсынылып, облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілгендер. Оны жүзеге асыру енді қолға алынып жатыр. Мұндай мүмкіндіктер биыл да болып жатса, өңіріміздің тұрғындарына алдын ала бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлаймыз», — деп түсіндірді.

Шарты мен талаптары

Көшеге адам атауын берудің өзіндік шарттары мен талаптары бар. Шымкент, Арыс, Кентау, Түркістан қалаларының құрамдас бөліктеріне атау беру, қайта атау бойынша қорытындылар жасау Республикалық ономастика комиссиясының құзыретіне жатады. Ол үшін:
1. Әкімдік аумақ халқының пікірін ескеру үшін қажетті материалдарды қалалық мәслихаттың қарауына енгізеді;
2.Аумақ халқының пікірі мәслихаттың тұрақты комиссиясының өткізілген көпшілік тыңдауларының негізінде ескеріліп, хаттамамен ресімделеді;
3. Хаттамалар жеті жұмыс күні ішінде әкімдіктің интернет-ресурстарында орналастырылып, тиісті аумақтың БАҚ-та жарияланады.
4.Хаттамамен ресімделген аумақ халқының ескерілген пікірін тиісті жергілікті атқарушы органдар қалалық әкімдік пен мәслихаттың бірлескен шешімімен бірге Республикалық ономастика комиссиясына енгізеді.
5. Республикалық ономастика комиссиясының келісімін алғаннан соң облыстық әкімдік пен мәслихат бірлескен шешім шығарады.

Айгүл Керімбайқызы

Қандай құжаттар керек?

Ономастика комиссиясына ұсыныс беріп, көше есімін, ауыл атауын беруге мынадай құжаттар қажет. Көше, ауыл атауын өзгерту үшін:
— жиналыс хаттамасы;
— көшенің схемалық картасы;
— ғылыми сараптаманың актiсi және экономикалық есеп-қисап;
— жеке тұлғаның есімі берілген жағдайда, ұсынылатын атау туралы анықтамалық материалдар;
— тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің хаты;
— енгiзiлетiн ұсыныс тиiмдiлiгiнiң негiздемесi, өзгертiлетiн аумақ;
— оның халқының саны туралы мәлiметтер, сондай-ақ мәселенi өз мәнiсiнде шешу үшiн қажеттi барлық басқа мәлiметтерi бар әкімдіктің түсiндiрме хаты;
— әкімдік пен мәслихаттың бірлескен шешімі;
— бірінші басшының тиісті ономастика комиссиясының төрағасына ұсыныс хаты қоса берілуі қажет.
Сондай-ақ:
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 25-5 бабында ономастика жұмысының критерийлері атап көрсетілген:
1) жеке адамның есімімен аталған, ол берілген (өзгертілген) күннен бастап кемінде он жыл өткен соң берілген есімді қайта атап, оны өзгертеді;
2) аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым, мәдениет қайраткерлерінің және Қазақстан Республикасы мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбек сіңірген басқа да жеке адамдар қайтыс болған күннен бастап кемінде бес жыл өткен соң олардың есімдерін береді;
3) бір әкімшілік-аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне бір атауды бір мәрте ғана беріледі.

 

2015 жылы көшеге есімдері берілген ардагерлер:

Абдраш Назарбеков – 1921-1982 жж. ҰОС ардагері, «Александр Невский», «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің иегері, «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «ҰОС Жеңістің 20 жылдығымен», «ҰОС Жеңістің 30 жылдығымен», «СССР қарулы күштеріне 60 жыл» медальдарымен марапатталған. Солтүстік-Батыс шағынауданындағы аты жоқ көшеге батыр есімі берілді.
Сейітжан Құртаев – 1912-1969 жж. ҰОС ардагері. 1941 жылы майданға аттанады. Соғыста жарақат алып, 1943 жылы елге оралады. «ҰОС Жеңістің 30 жылдығымен», «СССР қарулы күштеріне 60 жыл» медальдарымен марапатталған. Қызылжар шағынауданындағы атауы жоқ көшеге ардагердің есім берілді.
Әбдіш Тоқсанбаев – 1907-1969 жж. ҰОС ардагері, Бірінші Украина фронты 25-атқыштар полкінің жетекшісі. І дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, Прага, Варшава, Германияны азат ету, «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 20 жыл», КСРО ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері үшін «Үлкен Күміс» медальдармен марапатталған. Наурыз шағынауданындағы атауы жоқ көше ардагердің есімімен аталады.
Керім Тленшин – 1906-1985жж. ҰОС ардагері. 1942 жылы 2-ші Украина майданында 113-атқыштар дивизиясында взвод командирі, саяси жетекшісі болды. 1944 жылы ауыр жараланып, ІІ топтағы мүгедектікпен кеудесіне «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» т.б. бірнеше медаль, орден тағып, елге қайтты. Керім Тленшинге Ұлағат шағынауданындағы атауы жоқ көшесі берілді.
Балғабай Байжігітов – 1921-2002 жж. ҰОС ардагері. 1942 жылы Кеңес әскерінің қатарына шақырылады. Соғыс аяқталғанға дейін бірінші Украина майданының құрамындағы Халық комиссарлары ішкі істер әскерінің шекаралық застава бастығының орынбасары болып қызмет атқарады. Неміс әскерлерінің отрядтарын жою операцияларының тікелей басқарушысы қызметін атқарады. Тұран шағынауданындағы атауы жоқ көше Балғабай Байжігітовтың атымен аталды.

Редакция

1 пікір

  1. Көше атауын кісі есімімен берілмесін деген мармтории жарияланған екен мен өз басым бұл ұсынысқа қарсымын. Өйткені қаншама боздақтарымыз елі үшін жері үшін жанын берді ал енді біз неге бұл ұсынысқа қарсы шығамыз. Тіпті тыл ардагерлеріне де атау беруге рұқсат берілсін өйткені соғыс уақытында елі үшін жері үшін бұл азаматтар да окопта болмасада егіс даласында не болмаса зауытта және де басқа жерлерде жанын беріп жұмыс жасады. Сол себепті көшеге кісі есімін бермеу деген қателік деп түсінемін.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *