Ана сүтінің пайдасы көп

Ана сүті – өзінің сапалы және пайдалылығымен басқа тағамдардан жоғары тұрады. Ол сіңіруге жеңіл және баланың ағзасына толық үйлестірілген. Оның құрамында нәресте үшін арнап даярланғандай азықтар мен жұқпалы аурулардан қорғайтын заттар бар.

Ана сүтінің пайдасы көпАна сүтінің пайдасы:

Ана сүті бала үшін тойымды, өте сапалы тағам. Уыз сүті жұқпалы ауруларға қарсы алғашқы екпе (вакцинация) қызметін атқарады.

Уыз сүтінің іш айдау қасиеті бар сол себепті меконийді айдап, ішек тазалануына, сарғаюдың болмауына ықпал етеді.

Ана сүті баланың ауруға қарсы күрес қабілетін күшейтеді. Емшек еметін бала тыныс алу ағзаларының ауруымен, асқазан-ішек жұқпаларымен сирек ауырады, ауырған жағдайда да жеңіл, асқынусыз өтеді.

Ана сүтінде дәрумендердің жеткілікті мөлшерінің болуы баланың өсіп жетілуіне оң ықпалын тигізеді. А дәруменінің көп болуы көз және жұқпалы аурулардан қорғайды. Жалпы ағза сезімталдығының яғни аллергияның алдын алады.

Ана сүті арқылы берілетін темір нәресте ағзасында жақсы сіңетіндіктен анемияның алдын алады.

Баланың жүйке жүйесін, ақыл – ойын жақсы қалыптастырады.

Бала анаға өте жақын болып, бауыр басып өседі.

Емізудің пайдасы:

Туған бетте емізу кезінде ана ағзасында окситоцин гормоны бөлініп, ол жатырдың жиырылуына әсер етеді. Нәтижесінде туғаннан кейінгі қан кетудің алдын алады. Сондықтан туа сала емшекке салу өте пайдалы.

Аналық бездің, жатырдың және емшектің қатерлі ісікпен ауруының қаупі азаяды.

Жиі емізгенде контрацепциялық қасиеті бар, яғни етеккір тоқтап бала туу аралығы сирейді.

Ана мен бала арасындағы жіпсіз байланыс бекем болады, балаға мейірімділік ана сүтімен беріледі.

Әсіресе, балаға емшектің сүті туылғаннан алғашқы күндері өте қажет. Бұл кезде емшек бездерінен уыз шығады, ол қою және құнарлы.

Жаңа туылған нәрестенің асқазаны нәзік және кішкентай, сондықтан, уыз оған ең қолайлы тамақ. Емшек еметін балалар ауруға азырақ душар болады. Біраз күннен кейін уыздың орнына ана сүті шыға бастайды. Сүт күн өткен сайын көбейе түседі.

Ана сүтінің құрамы

Ана сүтін ешбір сүт қоспасы алмастыра алмайды. Сүт қоспаларында болмайтын 400 түрлі қоректік зат ана сүтінде ғана кездеседі. Мысалы, сиыр сүтіне қарағанда емшек сүтінде балаға ең керекті А, Е, Д витаминдері көп. Ана сүтінің құрамына: белок, май, түрлі витаминдер, гормондар, темір, көмірсутектер, климатқа қарамастан үнемі жеткілікті су, минералды тұздар, кальций, фосфат, өмірге керекті микроэлементтер (селен, мыс, мырыш, молибден, магний, марганец), сүттің негізгі ингредиенттерін ыдырататын липаза кіреді. Лактоза секілді т.б. арнайы ферменттер, патогенді бактерияларды жоятын, ішектің қалыпты микрофлорын дамытатын әрі өсіретін бифидус заттары, ауру тудыратын микрофлораларды көбейтпейтін әрі керекті темірді сүттен бала қанына тасымалдайтын лактоферрин белогы, ми ұлпалары мен көз жасушаларының түзілуінде аса керекті таурин заттары; өсу үстіндегі ағзаның ұлпалары мен жасушаларындағы май метаболизмін жандандыратын карнитин заттары, бактерияларды өлтіретін қандағы тірі жасушалар (нейтрофил, моноцит, лимфоциттер), көп тараған жұқпалы ауруларға қарсы иммуноглобулиндер бар.

Ана бір себептермен емізуді уақытша тоқтатқан болса, онда күнделікті сауу арқылы сүтін жоғалтпай, қайтадан емізуге кірісе алады.

Жібек ҚАРАТАЕВА,

Шымкент қалалық №5 емхананың балалар дәрігері

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *