Алты жасар Мұхаммед табылды

Мұхаммед-2

Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында жоғалып кеткен бүлдіршін табылды. Алты жасар Мұхаммедті полицейлер Арыс қаласынан тапқан. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Полицейлердің айтуынша, баламен бірге 60 жастағы әйел болған. «Ол кісінің бет-бейнесі бұған дейін таратылған фотороботпен ұқсас келді. Толық ақпарат кейінірек беріледі» делінген хабарламада.

Баланың анасы Жанна Ағабекованың айтуынша, тәртіп сақшылары баланың денсаулығы қалыпты, жағдайы жақсы деп хабарлапты. Еске салайық, бұған дейін облыстық ішкі істер департаментінің өкілдері 6 жасар Мұхаммедтің жоғалуын тексеру барысында осы іске қатысты екінші күдіктінің барын хабарлаған. Дегенмен, Мұхаммедтің анасы бұл әйелден күдіктенбейтінін айтқан еді. Сол ақпарат расталғандай, Сәндікүл Жүргенбайқызы полицияға өзі келді. Айтуынша, осы уақытқа дейін Алматыда болған. Өзі туралы ақпаратты жаңалықтардан көріп, бала ұрлауға қатысы жоқ екенін дәлелдеу үшін полиция өзі келген. Қазір тергеу жүріп жатыр.
Еске салсақ, 20 ақпан күні алты жасар Мұхаммед мектептен үйіне қайтпаған. Дәлірек айтқанда, 1 сыныпта оқитын бүлдіршін біреуге еріп кетіпті. Сол күні аудандық ішкі істер бөліміне түскі сағат 14:40-та Амангелді ауылы, Серпіліс көшесінің тұрғыны арызданып келді. Жанна есімді азаматшаның айтуынша, мектепке сабаққа кеткен ұлы қайтып келмеген. “Бірінші сыныптың сабағы күндізгі сағат 12-ден асқанда аяқталуы тиіс еді”, — дейді анасы. Содан кейін үйіне келіп жүрген баласын күтіп-күтіп, келмеген соң алдынан шығады. Мектепке дейін барып, таппаған соң жүрегіне күдік ұялап, бірден полицияға хабар берген.
Сол сәтте-ақ полиция бөлімінің барлық қызметкерлері аяғынан тік тұрды. Бірнеше топқа бөлінген инспекторлар дереу баланы іздеуге кіріседі. Енді бір бөлігі оқушының әкесімен бірге сыныптастарын аралап, сұрау сала бастайды. Сонда анық болғаны, мектептен шыққан оқушылардың қасына бір әйел келген. Ол Мұхаммедтің атын атап шақырыпты. Құдды бір танитын туысы секілді сөйлеген. Содан болса керек, ешкім мән бермеген, ал, 6 жасар бүлдіршін қасына еріп кете барыпты.
Бұдан кейін әйел мен баланы жергілікті таксист қана көрген. Ол Мұхаммед пен әйелді Темірлан ауылына дейін жеткізіп салған екен. Бұдан кейін оларды ешкім көрмеген. Бір айта кетерлігі, клиент таксистке әдетте ауыл адамдары төлейтін ақшадан 4 есе көп төлепті. “Бірақ, бала да, әйел де тыныш отырғандықтан, ештеңеден күдіктенбедім”, — дейді жүргізуші. Кейін өзінен сұрақ-жауап алған полицейлерге көмектескен осы азаматтың жәрдемімен күдікті әйелдің фотороботы жасалды.
Ол азаматша — азиат нәсілдес, жасы 50-55 шамасында. Бойы шамамен 160 см, толық денелі, шашы сары, ашық реңді, үстінде былғары қара күртеше, басында қоңыр түсті тоқыма бас киімі болған.
Жоғалған баланы іздеуге ондаған ерікті қосылды. 30-дан аса адам Ордабасы ауданының орталығында өздері жасап алған нұсқаулықпен шығып, баланы іздеуге кірісN3. Бұл туралы Tengrinews.kz порталы жазды. Еріктілер Мұхаммедтің суреті бар қағаздармен автобустарға мініп, баланы сұрастырып жатыр. Осы суреттер әр автобустың салонына жапсырылуда. Бұған қоса жоғалған баланың суреті бар қағаздар аймақтың Шымкент, Түркістан секілді ірі қалалары мен ауыл-аймақтарға жетті.
Ал, Шымкенттің полицейлері қала базарларындағы бейне-бақылау камераларының жазбасын қарады. Себебі, жоғалған бала қалада жүруі мүмкін. Бұл жайында тәртіп сақшыларына Мұхаммедтің әкесі хабар берген.
Ал оған ауылдасы қоңырау шалыпты. Амангелді ауылының тұрғыны Айша есімді азаматшаның айтуынша, 21 ақпан күні Шымкенттегі қырғы базарға балаларымен барған. Ығы-жығы адамдардың арасымен өтіп бара жатқанда ұлы «Мама, қарашы, анау Мұхаммед қой» депті. Бұл сәтте біз базарға қарай кіріп бара жатыр едік деген әйел «Ол емес» деп жауап беріпті. Сөйтіп, ары қарай кете берген. Тек келесі күні ғана жоғалған бала жайлы «whats app-тан» хабар түскен соң дереу Мұхаммедтің әкесіне қоңырау шалғанын айтады.
Қазақстан жұртшылығын дүрліктерген оқиғаның соңы қуанышты хабармен аяқталып, алты жасар Мұхаммед отбасына аман-есен оралды. Ол тамыз айында 7 жасқа толады. Отбасында өзінен кейін 4 бала бар.

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *