Аллергиясы жоқтар азайды

IMG_3244222

Бронхиалды демікпеден жылына 250 000 адам көз жұмады

Адам өмірінде бір рет тұншығып, демікпесі ұстаса – бұл  оның бронхиалды демікпеге (бронхиалды астма) шалдыққанын білдіреді. Осы кесел мазалағанда науқас ентігеді, өкпесі сырылдап, ысқырық дыбыс шығып, дем жетіспейді. Аурудың қалай пайда болатындығы, оның өршуіне себеп болып жатқан жағдайлар, аурудың тым жасаруының салдарын зерделеп, ауырмаудың амалдарын қарастырып көрсек.

Бүгінде әлемде бронхиалды демікпемен 300 милиондай адам ауырады. 2025 жылы олардың саны 100 миллионға жетеді, деген болжам бар. Кесел жылына 250 мың адамның ажалына себеп болса, одан қала берді қаншамасын мүгедек қылады. Бұл деректер ақ халаттылардың өзін алаңдатып отыр.

«Қазақта аллергия деген ауру болмаған»

IMG_322422

Сәрсенкүл Сауғабаева

Бронхиалды демікпе — тыныс жолдарының созылмалы ауруы. Ең қиыны дертке шалдыққанда науқас толық жазылып кетпейді, ауруды асқындырмаудың әлегімен өмір сүреді. Демікпенің пайда болуына ықпал ететін жағдайлардың тізімі ұзын-сонар. Жиі себеп болатыны — жеңіл қарайтын аллергияны емдемеудің соңы өлімге алып келетін бронхиалды демікпеге ұласатындығы.
— Аллергия – ХХІ ғасырдың індеті. Себебі, аллергияға шалдығушылардың саны жылдан жылға артуда. Қазір әрбір үшінші адам аллергиямен ауырады. Ал, әлем халқының 30-40%-ы аурудың құрығына ілінген. Аурудың күрт өсіне экологияның нашарлауы, автокөлік санының көбеюі мен өндіріс ошақтарынан шығатын лас заттар кері әсер етіп жатыр. Бүгінде таза ауамен тыныс алу мүмкін емес. Екінші маңызды бір себеп – күнделікті тұтынып жүрген тағамдарымыздың сапасының төмендігі. Жеміс-жидектер мен көкөністер химикаттар мен пестицидтердің көмегімен өсіріледі. Дайын тағамдар, бояғыштар мен дәмдеуіштер қосылған азықтар, шет мемлекеттерден келетін түрлі экзотикалық жемістер ауруды одан сайын асқындырып жатыр, — дейді облысымыздың бас аллерголог-дәрігері Сәрсенкүл Сауғабаева.
Дәрігердің айтуынша қазақ халқында аллергия деген ауру болмаған. Себебі, сан ғасырлар бойы таза ауада өмір сүріп, қазы-қарта мен жалы-жаясын, айраны мен сүтін ішіп келген. Сондықтан халықтың ағзасы осы құнарлы азық-түліктерге бейімделген. Кейіннен сырттан әкелінген апельсин, мандарин, киви секілді жемістердің құрамындағы заттарды ағза қабылдай алмай, аллергияның көптеген түрлері пайда бола бастаған.

Диатезді емдемесе…

Бронхиалды демікпенің бастауы кейде сәби кезде пайда болған диатезден дамиды. Сәбидегі диатезді дер кезінде байқап, емдеуде қолға алмаса, ол дерматитке – сосын аллергиялық ринитке – соңында бронхиалды демікпеге ұласады.
– Бронх демікпесі жылдан жылға көбеюде. Әсіресе, аурудың жасарып бара жатқандығы алаңдатарлық мәселе. Жастардан бөлек, бір жасқа дейінгі сәбилерден ауру белгілері анықталып жатыр. Қазіргі таңда сәбилердің 90%-ы диатезбен ауырады. Оларда тамақтан берілетін аллергия көп. Аллергиялық аурулардың өзге кеселдерден ерекшелігі бір түрінен екінші түріне ауыса береді, дейді аллерголог-дәрігер. Аурудың пайда болуы мен емделу жолдарының өзі күрделі. Себебі, дер кезінде ем алмаса бронхиалды демікпенің ауыр түрінде ем қонбайтын жағдайлар жиі кездеседі. Ал, аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда дәрігерлік тексерілуден өтіп, қажетті емін алғанда аурумен күресу жеңілдейді.

Аурудың белгілері

Бронхиалды демікпеге шалдыққан науқас ерекше күтіммен жүреді. Шаң-тозаң, көктемде өсімдіктердің гүлдеуі, үйде тазалықтың сақталмауы, тамаққа талғампаздық, ауа райының өзгерісі, тұрмыстық түрлі заттарды қолдану кезіндегі жайсыздықтар. Осының бәріне науқастың ағзасы сезімтал келеді. Адам ағзасы аллергиясы бар затты иісін немесе өзге жағдайын сезінгенде қабылдамайды. Сосын бронхта түйілулер пайда болып, ол жабылады да, адам тұншығады. Мұны бронх ұстамасы деп атайды. Кесел үдегенде ұстама тұтқиылдан пайда болып, ауа жетпей, өкпені қысады. Ауру асқынған кезде науқас түні бойы көз ілмей, отырып ұйықтайтын жағдайларға жетеді.

Негізгі белгілері мынадай:
— Жөтел;
— Көкіректе сырыл естіледі;
— Кеудедегі «бітелу» сезімі;
Бұл белгілер көбіне түнде және таңертең күшейеді
Демікпенің түрлері

Бронхиалды демікпе адамның нәсіліне, әлеуметтік жағдайына қарамайды. Статистикада бронхиалды демікпеге, яғни аллергиямен көп ауыратындар дамыған мемлекеттерде көп кездесетіндігі анықталған. Мәселен, Англияда халықтың 15%-ы демікпеден зардап шегеді екен. Ал, өңірімізде бронхиалды демікпемен ауыратындардың пайызы көп еместігін айтады ақ халаттылар. Өйткені, олар аурудың жеңіл түрінде дәрігерлік тексерілуге келіп, ем алуға асықпайды.
6Адамның өмірінде бір рет тұншығу ұстамасы болса, онда бронхиалды демікпенің басталып жатқандығын білдіреді. Аурудың жеңіл және ауыр түрі бар. Демікпенің жеңіл түрінде тұншығу ұстамасы айына немесе аптасына бір рет көрініс береді. Не болмаса, тоқтаусыз жөтелумен айқындалады. Жеңіл түрінде науқастар үй жағдайында ем алып, жылдар бойына жүре береді. Сосын ол ауыр түріне өтіп, әбден асқынғанда ғана дәрігерлік көмекке жүгінеді. Асқынған кезде тұншығу ұстамасы жиі қайталанып, тоқтаусыз жөтеледі. Дәл осы түрінде емдеу өте қиынға соғатындықтан дер кезінде ауруды анықтап, жүйелі түрде емін алса екен. Себебі, аурудың қауіптілігі түрлі ауруларды ушықтырып, соңы ажал құштыратындығында, — дейді Сәрсенкүл Қалмаханқызы.

Қаупі қандай?

Кеселге шалдыққан науқастар үшін айналасындағы мына факторлар қауіпті. Олар:
— Кене аллергендері;
— Үйдегі тозаңдар (өте ұсақ болғандықтан, жай көзге көрінбейді);
— Темекі тарту (науқас өзі темекі тартады немесе басқалар тартқанда, түтінмен дем алады);
— Түбітпен қапталған жануарлар аллергендері;
— Тарақан аллергендері;
— Бөлмеден тыстағы тозаңдар мен зеңдік саңырауқұлақтар, бөлме ішіндегі зеңдік саңырауқұлақтар;
— Дәрі-дәрмектер.
— Бронхиалды демікпеге немқұрайлы қарау ағзаның өзге мүшелеріне зардабын тигізеді. Айталық, бүйрекүсті безі дертіне шалдығу қауіптілігі басым. Бұдан бөлек, адамның денесін артық май басып, ісінеді. Артық түктер пайда болады екен. Бүгінгі таңда бронхиал-ды демікпені емдеудің заманауи әдіс-тәсілдері дамыған. Бұрынғыдай гормоналды препараттармен емдеуден гөрі, ингаляторларды жиі қолданамыз. Ауруды асқындармауда бұл өте тиімді тәсіл болып отыр. Алайда, соңғы уақытта көзі ашық, көкірегі ояу деген жастарымыздың өзі үй жағдайында емдеу тәсілдерін қолданып, соңы өкінішпен бітетін жағдайлар кездесуде. Біреулерден естиді немесе дәріханадан дәрі алып өз бетінше емделуге әрекет жасайды. Сондай жағдайдың бірі — «Диспроспанның» деген гормоналдық перапарат бар. Бронхиалды демікпе кезінде көбісі осы дәріні өздеріне салдырады. Бұл ауруды уақытша басып, қойдыратыны рас. Алайда, ол ағзаның басқа мүшелеріне өте қауіпті. Ол бүкіл ағзаға зиян екендігін айтып, түсіндірумен келемін, — дейді аллерголог-маман.
Аллергиялық ауруларды емдейтін арнайы бөлімше Оңтүстікте біреу ғана. Демікпеге шалдыққан науқастарды қырық жылға жуық уақыттан бері емдеп келе жатқан Аллерго-пульманология бөлімшесі ХҚТУ клиникасында орналасқан. Бөлімшеде 47 төсектік орынға арналған. Жылына 2500-ден астам науқас ем алады. Соның ішінде, бронхиалды демікпемен емделетіндер саны 1200-1300 адамға жуық. Қазір айналамызда адамдарға аллергиялық жағдай туғызатын факторлар өте көп. Құнарсыз және сапасыз азық-түлік, экологияның нашарлығы, тіпті күнделікті үйде тұтынатын тұрмыстық заттардың барлығы адам азғасы үшін аллергия туғызуға бейім келеді.
Аллергия – бей-жай қарайтын кесел емес. Батпандап кірген аурудан құтылу әсте оңайға соқпайды.. Сондықтан аллерголог-дәрігерлер ағзасы аллергияға бейім әрбір жанның «иммунотерапиядан» өтуіне кеңес береді. Бұл терапияда аллергия туғызатын (азық-түлік, шаң-тозаң, жусан, жануарлардың жүні т.б) заттардан сұйықтық жасайды. Осы сұйықтықты жылына бір рет (қыста) ағзаға егіп, кімнің қандай затқа аллергиясы бар екендігін сараптайды. Егер жусаннан аллергия болса, оны егіп, ағзасын үйретеді. Емнен кейін ол адамның жусанға кері сезімталдығы болмайды екен. Бұл бронхиалды демікпеге шалдықпаудың ең қарапайым тәсілі.

А. КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *