Алаяқтың алдап соғатын амал-тәсілдері қандай?

Шымкент қаласында алаяқтық қылмыстар саны азаймай тұр. Сала мамандары «Мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана алып беремін, жердің құжатын жасаймын» деген уәделерге алданып қалмаңыздар» деп дабыл қағуда. Күні бүгінге дейін осындай істер бойынша 90-нан аса күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бір өкініштісі, қылмыскер жазасын алғанымен, жылдар бойына жиған-терген қаржыны қайтару мүмкін емес. Алаяқтардың тұрғындарды алдап соғатын әдіс-тәсілдері, одан сақтануда ескерер жайттар жөнінде Шымкент қаласының ішкі істер басқармасы, тергеу бөлімінің басшысы Ерғали Қарсыбаев айтып береді.

«Пәтер әперемін» деп 130 млн теңгені жымқырды
Шымкент ҚІІБ-нің полицейлері азаматтарды алдау арқылы 130 миллион теңге жымқырған алаяқты құрықтады. 1982 жылы туған Г. есімді азаматша «Нұрсәт» шағынауданынан пәтер алып беремін» деп талайларды сан соқтырды. Алаяқ әйелге сеніп, ақшасынан айрылғандардың қарасы 50 адамға жетеді. Ол тұрғындардың сеніміне кіріп, әрқайсысынан 1-10 млн теңге аралығында ақша алған.
Күдіктіге қатысты 46 эпизодтың 36-сы ауыр санаттағы істер айыптау актісімен әл-Фараби аудандық сотына жолданды. ҚР ҚК 190-бабымен «Алаяқтық» қылмыстық іс қозғалып, сот 34 жастағы алаяқ әйелге 6 жарым жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Тағы бір мысал. Күдікті Б. деген азаматша 34 адамның «тапқан-таянғанына» оңай жолмен ие болған. Оның 12-сі ауыр санаттағы қылмыс болғандықтан іс әл-Фараби ауданы прокуратурасына жолданып, аудандық соттың үкімімен азаматша 5 жылға сотталған. Бүгінгі таңда қылмыскер жазасын өтеуде.
— Бүгінгі таңда төрт мәселе бойынша алдау-арбаудың құрбанынан айналғандар саны азаймай тұр. Бірінші, «мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтер алып беремін» дейді. Екінші, қала аумағының кеңейіп жатқандықтан, жердің құжатын жасауға көмектесе алатындығын алға тартады. Үшінші, банктен несие алуға жәрдемдесетінін айтып, алдайды. Төртінші мәселе, «жұмыс тауып беремін» деп ақшасын жымқырады,-дейді Шымкент ҚІІБ тергеу бөлімінің басшысы Ерғали Қарсыбаев.

 

Алаяқтық істердің жартысынан астамы ашылады
ОҚО ІІД-ді бастығының бұйрығымен 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Шымкент қаласында орын алған ауыр санаттағы алаяқтық қылмыстар және қоғамдық резонанс тудыратын істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізіміне (ЕРДР) тіркеп, тергеу амалдарын жүргізу Шымкент ҚІІБ-ның Тергеу бөліміне тікелей жүктелді.
2016 жылдың 10 ай қорытындысымен қалада 638 ауыр санаттағы алаяқтық қылмыс тіркелді. Ашылу пайызы 69,4%-ы құрайды. Ал, 2015 жылы 712 қылмыстық іс тіркеліп, оның 68,3% ашылған болатын.

 
Алаяқты қалай ажыратамыз?
Ерғали Қарсыбаев бүгінгі таңда төрт мәселеде алаяқтар өзінің «ниетін» жүзеге асырып жатқандығын атап өтті. Осы төрт жағдайды қайталасақ:
1. Мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана әперуге көмектесемін;
2. Жер құжатын рәсімдеп беремін;
3. Банктен несие алып беремін;
4. Жұмыс тауып беремін
деп уәде етіп, ант-су ішеді.

Есіңізде болсын, алаяқтық – өзгенің мүлкін алдап, сеніміне кіру арқылы ұрлау, мүліктік қылмыстың ең көп тараған түрі. Алаяқтар қиналып жүрген азаматтардың сеніміне кіріп, әртүрлі сылтаумен алдап, ақшаларына ие болады. Алаяқтарға берілген ақша мен заттарды көбінде қайтару мүмкін бола бермейді.Сондықтан, олардан сақтануда құқық қорғау саласы қызметкерлерінің кеңесін жадыңызда ұстау артық болмайды.

— Алаяқтар тұрғын үй, банк, жер қатынастары бөлімі секілді мекемелердің алдында жүреді. Олардың осы мекемелердің аумағында жүріп, өз «құрбандарын» тұзаққа түсіреді. Бейтаныс адам келіп, танысып, мән-жайды сұрап алады. Сосын өзінің сол мемлекеттік мекемеде жақын танысы бар екендігін айтып, көмектесе алатынын алға тартады немесе «сол жерде қызмет жасаймын» деп алдайды. Осы себепті, қайда барсаңыз да бірінші мамандардан кеңес алыңыз. Банкке барсаңыз, арнайы менеджерлер жұмыс жасайды. Барлығын олар түсіндіріп айтып береді. Сол секілді, бүгінде барлық мекемелердің тұрғындарға есігі ашық,-дейді тергеу басшысы.
Тағы бір ескерер жайт алаяқтар кейде аталған мекемеде қызмет ететінін айтады екен. Мейлінше, қымбат киініп алады. Ғимартқа кіріп-шығып жүреді. Істі тындырып беруде, ақшаны алуда аталған мекемелердің алдына да шақырады. Бұлар — алаяқтардың Сіз біліп жүруге тиіс іс-әрекеттері. Бүгінгі таңда алаяқтық қылмыстар азаймай отыр. Мұнымен күрес тек құқық қорғау саласының қызметкерлеріне жүктелмей, қоғам болып атсалысқан дұрыс. Сондықтан да, Сіз алаяқтық жайтының құрбаны немесе оқиға куәгері болсаңыз, дереу ішкі істер органына жүгініп, не болмаса «102» нөміріне хабарласыңыз.

 

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *