«Академиялық» атағын асқақтатқан театр

img-20150724-wa0004-kopiyaӘр маусымның ашылуы – театр тарихының жаңа бір белесі, жаңа репертуарға жол тартуы, жаңа кейіпкерлердің галереясы… Өзге өңірлермен салыстырғанда, өнеге берерлік 8 бірдей театры бар Оңтүстіктің «ата театры» — Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры 83-маусымын Д.Рамазанның «Абылайханның арманы» тарихи драмасымен ашты.
Абылай ханның исі қазақтың баласын «бір жеңнен қол шығартуды» аңсаған арманы — араға ғасырлар салып шынайы шындыққа ұласқанына куәгер бола отырып, сахнадан тарихты тамашалаудың әсері мол болмақ.
Шаниндіктер 83-ші театр шымылдығын ашты!
Сахна мен көрермен залының жанды байланысын ескерсек, жан алысып – жан беріскен сезімдер қақтығысын тамашалайтын, жан арпалысына куәгер болатын көрерменнің демін ішіне тарта ықыласпен көргені – актер үшін баға жетпес құрмет. Өнер иелерінің жаны нәзік… Қолпаштап қол соққанға мерейі өсіп, қуаныштан көңілі тасып, шабыты шалқып шыға келетіні жасырын емес. Көрерменмен қатар, басшылықтың көңіл аударып, өнеріңе қолдау көрсеткеніне не жетсін?!
83-ші маусымда Облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Қадырұлы Ахметжанов көрермен қатарынан табылып, қойылым соңында сахна төрінен жемісті жеңістерге тілек білдіруі — шығармашылық ұжымның мерейін өсіріп, құлшынысына қуат қосты.

Кезекті демалысынан тынығып оралған театр актерлары, сүйікті мамандығының жанкешті қызметкеріне айналып, көрерменімен сағыныса қауышты. Тарихи тұлғаны тірілткен қойылым – жүрекке жылдам жетіп, ойланбай келген көрерменіне ой салып, өткен күнге мойын бұрғызады. Сондықтан болар, соңғы жылдары театрға деген сұраныс ұлғаюда. Жібек — түте алатын адамның қолына түссе, бағы жанары анық.

Айтпағым, театрға көркемдік жетекшілікке Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Қуандық Қасымовтың тағайындалуымен шығармашылық серпіліс бастау алып, жаңа леп есті.

Айта кетерлік қуанышты тағы бір жағымды жаңалығымыз – көркемдік жетекшіміз Қ.Қасымовтың режиссерлік қолтаңбасы — Еуропа елінде алтын әріпке айнала бастағаны. Жуырда, Македонияның Велес қаласында өткен «Стоби — 2016» антикалық драма театрларының ХV халықаралық фестиваліне Еврепидтің «Троя арулары» трагедиясымен Батыс Қазақстан облыстық театрында сахналаған қойылымы Гран-при, «Ең үздік режиссура», «Ең үздік әйел образы» сынды үш бірдей жүлдеге қол жеткізуі – біздер үшін де үлкен қуаныш. Міне, бүгінде Шанин театрының шығармашылығын осындай биік деңгейлі режиссер басшылық етуде7

Театрымыздың тағдырына елеңдеп отыратын көрерменге, маусым айынан бастап директорлыққа тағайындалған республикамызға белгілі музыкант Сәбит Құрманғалиұлы Мәндиповтың алдағы жоспары ауқымды болмақ.

«Алыстан ат арытып келдік» демес-тен, Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» комедиясының соңғы дайындықтарына құлшына кіріскен шығармашылық топ, өз көрерменін көзайым етуге асығуда. Бүгінде, театр ұжымы У.Шекспирдің «Ромео-Джульетта» трагедиясы мен Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!..» комедиясына қызу дайындық үстінде. Жыл соңына дейін көрерменіне ұсынары мол «ата театрдың» жаңа маусымының жағымды жаңалықтарын жіберіп алмаңыздар, қадірменді көрермен!

Сая Қасымбек,
Ж.Шанин театрының
әдебиет бөлім басшысы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *